Трамп Иран мен Иракқа сес көрсетті. Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады
Қаңтардың 6-сы күні Тегеранда мыңдаған адам көшеге шығып, «Құдс күштерінің» қолбасшысы Касем Сүлейманимен қоштасып жатыр. Тегеранда аятолла Али Хаменеи өзі Сүлеймениге құран бағыштады. Қоштасу рәсімін Иран телеарналары тікелей эфирде көрсетті.
Қоштасу рәсімінде Касем Сүлейменидің қызы Зейнаб Сүлеймани әкесін өлтіруге бұйрық берген АҚШ президенті Дональд Трампты сынады.
«Ақымақ Трамп, әкемнің өлімімен бәрі бітті деп ойлама» деді Зейнаб Сүлеймани.
Иранның «Құдс күштері» жасағының қолбасшысы, генерал Касем Сүлеймани қаңтардың 3-і күні Ирак астанасы Бағдат әуежайында жасалған әуе шабуылынан қаза тапқан. Генералды өлтіруге Трамп бұйрық бергені белгілі болды. Тегеран Сүлейманидің өлімінен соң АҚШ-қа кек қайтаратынын мәлімдеді. Көшеге шыққан жұрт та «АҚШ-қа өлім» деп айғайлап, Америка туын өртеді.
Қаңтардың 5-і күні Ирак парламенті АҚШ әскерін елден шығару туралы шешім қабылдады. Бағдаттың бұл шешімі Трампқа жақпады. Ол «Ирак біздің әскерилерді елден қуып шықса, біз оларға бұрын-соңғы көрмеген санкция саламыз» деп ескертті.
«Ирактағы әскери базаға өте көп ақша жұмсадық. Әскери базамыз ерекше. Оны салуға миллиардтаған доллар кетті. Егер олар бұл шығынды өтемесе, біз кетпейміз» деді Трамп.
АҚШ президенті егер Тегеран Сүлейманидің өлімі үшін кек қайтарса, Иранның мәдени ескерткіштеріне соққы жасалатынын тағы қайталады.
«Егер Иранға адамдарымызды өлтіруге, зорлық көрсетуге, қинауға, жол бойына бомба қойып, азаматтарымызды жарып жіберуге рұқсат етілсе, онда біздің олардың мәдени ескерткішіне тиісуге қақымыз жоқ па? Бұлай болмауы тиіс» деді Трамп.
Бұл уақытта АҚШ мемлекеттік Майк Помпео да Тегеран Сүлейманидің өліміне кек алуға әрекет етсе, Иран лидерлерінің көпшілігі «нысанаға» айналатынын мәлімдеді. Помпео Иран өзге елдердегі, яғни, Ирак, Сирия, Йемен, Ливандағы әскери күштерді АҚШ-қа қарсы соққы жасауға пайдаланатын болса, оған аяусыз қарымта жасалады деген.
Генерал Сүлеймани қаңтардың 7-сі күні туған қаласы Керманға жерленеді.
Сүлейманидің орнына тағайындалған генерал Исмаил Каани қаңтардың 6-сі күні Иранның мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында есе қайтарып, кек алуға уәде берді.
Исмаил Каани бұған дейін «Құдс күштері» элиталық жасағы басшысының орынбасары болған.
Дональд Трамп 4 қаңтарда жазған Twitter желісінде Сүлейманидің америкалық күштерге қарсы шабуыл ұйымдастырғанын, «тағы да қосымша соққы жасауға дайындалғанын», сол үшін Сүлейманиге шабуыл жасауға тапсырма бергенін жазды.
Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф Twitter желісінде «Сүлейманидің өлімі халықаралық құқықты бұзу және мәдени орындарға шабуыл жасау әскери қылмыс саналады» деп жазды.
Қаңтардың 5-і күні Иран 2015 жылы қол қойылған ядролық келісім шарттарын орындаудан бас тартатынын жариялады.
Тегеран келісімде көрсетілген «уранды байыту жайлы шектеуді» бұдан соң сақтамайтынын, осы саладағы ғылыми зерттеулерге де шектеу болмайтынын ескертті. Ендігі уақытта Иран ядролық саласы өз техникалық қажеттілігіне байланысты дамитынын мәлімдеген.
Қаңтар 6-сы күні Франция, Ұлыбритания және Германия Тегеранды ядролық келісімді сақтауға шақырды. Үш елдің өкілдері қол қойған хаттамада Ирак пен Ирандағы шиеленістің басылуына мән берілетіні, «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қарсы күрестің жалғасатыны жайлы жазылған.
Иранмен бірге ядролық келісімге 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесіне (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция) қоса Германия да қол қойған.
2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның бұл келісімнен шығатынын және Иранға қарсы қосымша санкциялар енгізетінін мәлімдеген. Бұған жауап ретінде Тегеран 2019 жылы келісімде көрсетілген өзіне қатысты бірнеше бапты орындаудан бас тартқан болатын.