Алматыда тұрғын үй кешенінің күзетшісі ерлі-зайыптыны соққыға жықты  

0

Зардап шеккен келіншек емшектегі баласының болуына байланысты ауруханаға жатудан бас тартты. Оқиғаның мән-жайы анықталуда

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар — Sputnik. Алматы тұрғын үй кешендерінің бірінінің күзетшісі ерлі-зайыптыны соққыға жықты деген күдікке ілінді. Ақпаратты қалалық полиция департаменті растады.

Оқыс оқиға 2020 жылдың 1 қаңтарында таңғы сағат 6-да Тілендиев көшесінде орналасқан «Жағалау» тұрғын үй кешенінде болған.

Жас жігіт 60 жастағы күзетшіні аяусыз соққыға жықты – видео

Полиция департаментінің мәліметінше, 24 жастағы ер адам 12-қабатта Т. есімді азамат пен оның әйелінің денесіне зақым келтірген.

«Осы күні күдіктінің үстінен Қазақстан Қылмыстық кодексінің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — делінген қалалық полиция департаменті таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

«Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысына сәйкес, тиісті процессуалдық шешім қабылданады», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, зардап шеккен келіншектің әпкесі әлеуметтік желіде күйеу баласының қазір ауруханада жатқанын, ал туысы емшектегі баласының болуына байланысты ауруханаға жатудан бас тартқанын жазды.



sputniknews.kz