Алматыдағы ұшақ апаты: екінші ұшқыш есін жиды

0
83

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, бүгінде қала стационарларында 27 пациент жатыр. Олардың жетеуі – балалар

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Алматының түбінде құлаған Fokker 100 ұшағының екінші ұшқышы есін жиды. Оны жан сақтаудан салалық бөлімге ауыстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

№4 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданованың айтуынша, қазіргі кезде ұшқыштың жағдайы бірқалыпты.

«Оның жағдайы түзелді. Ол есін жиды. Қазіргі кезде жан сақтау бөлімінде емес, салалық бөлімде жатыр. Сөйлейді. Барлық сұраққа жауап бере алады», – дейді Байзолданова.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаеваның сөзіне қарағанда, бүгінде қала стационарларында 27 пациент жатыр. Олардың жетеуі – балалар. Бұдан бөлек, тағы үш адам Нұр-Сұлтан қаласында емделуде.

Тағы оқыңыз: Bek Air-дің аман қалған жолаушысы ұшақта не болғанын айтып берді

«Жан сақтау бөлімінде екі адам жатыр. Біреуі – Алматыдағы көпбейінді клиникалық ауруханада, екіншісі – Нұр-Сұлтанның ортопедия және травматология ғылыми-зерттеу институтында. Зардап шеккендердің барлығының жағдайы бірқалыпты, денсаулығы жақсарып келеді. Жалпы, дәрігерлер 22 операция жасады, барлығы сәтті өтті», – деп атап көрсетті Әбілдаева.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш жансақтау бөліміне түскен.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.



sputniknews.kz