АҚШ-Иран жанжалына себеп болған Касем Сүлеймани кім еді?

0

Бүгін, 5 қаңтарда Иранда, Мешхед қаласында ислам сақшылары корпусының арнайы элиталық бөлімі – «Құдс күштерінің» қолбасшысы генерал Қасым Сүлейманиды жоқтау рәсімі басталады. Бұл арнайы жасақ елден сырттағы әскери әрекеттермен айналысады. Тек жасақ басшысы ғана емес, ірі стратег, Таяу Шығыс аймағындағы ықпалды әскери тұлға ретінде танымал Сүлеймани сейсенбі күні туған жері Керман провинциясына жерленбек.

Кешеден бастап Иран баспасөзі генералдың ірі суреттерімен көлемді-көлемді қазанама жариялап жатыр. Ол 3 қаңтарда Бағдат әуежайы аумағынан көлікпен шыға бергенде АҚШ дрондары шабуылына ұшырады. Генералдың жасы 63-те болатын.

Онымен бірге Иран қолдайтын ирактық «Хашд аш-Шааби» әскери бөлімі жетекшілерінің бірі Әбу Махди әл-Мухандис те қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Иран аза күнін жариялады. Сүлейманидың көзін жоюға АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрық бергені белгілі болды. Америка басшысы бұл туралы «Біз соғыс бастау үшін емес, соғысты тоқтату үшін шара қолдандық» деген. Конгреске ескертілмей жасалған бұл шабуылды Американың өзінде айыптап жатқандар бар.

АҚШ президенті Дональд Трамп Флорида штатындағы баспасөз жиыны кезінде. 3 қаңтар 2020 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Флорида штатындағы баспасөз жиыны кезінде. 3 қаңтар 2020 жыл.

31 қаңтарда АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі алдында наразылық шарасы болып, шерушілердің алды елшілік ғимаратына шабуылдаған. Америка бұл наразылықтың артында Иран тұр деп есептейді. Наразылық АҚШ күштерінің Ирактағы және Сириядағы шабуылында шиит мұсылмандары қаза тапқаны туралы мәлімет тараған соң тұтанған еді.

Әуелде бүгін, 5 қаңтарда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапары жоспарланғаны белгілі. Оның Украина, Беларусь, Кипр, Қазақстан және Өзбекстанға сапары Бағдаттағы наразылыққа байланысқа кейінге шегерілді. Помпео Қазақстанға сапарында АҚШ-тың Орталық Азияға арналған жаңа стратегиясын жарияламақ еді. Алайда қазір Американың Таяу Шығыстағы қауіпсіздігі мәселесі басты орынға шығып, халықаралық саясатта алаңдау сипаты белең алды.

Касем Сүлейманидың өлімін «соғыс жариялау» ретінде танып, «кек қайтаратынын» мәлімдеген Иран нақты қандай әрекетке баратынын жариялаған жоқ. Алайда Тегеранның Американың Ирактағы әскери бөлімдері мен АҚШ-тың аймақтағы одақтасы Израиль нысандарына шабуылдауы мүмкін екені айтылады. Тиісінше, Вашингтон Тегеранның қандай да бір әрекетін жауапсыз қалдырмайтынын аңдатып отыр. БҰҰ болса, Америка мен Иран арасын ұстамдылыққа шақырып, Парсы шығанағында тағы бір соғысқа жол бермейтінін жариялады.

СҮЛЕЙМАНИ НЕГЕ БЕН ЛАДЕН НЕМЕСЕ ӘЛ-БАҒДАДИ ЕМЕС?

Америка соңғы жылдары халықаралық террористік ұйымдар жетекшілерінің көзін жойғанда мәселе мұндай емес еді. Барак Обаманың президенттігі тұсында 2011 жылы мамырда Пәкістанда «әл-Қаида» ұйымының басшысы Усама Бен Ладеннің көзі жойылып, мәйіті теңізге тасталды. 2019 жылы қазан айында Сирияда «Ислам мемлекеті» ұйымының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидың көзі жойылып, оның да денесі теңізге тасталғаны хабарланды.

Бен Ладен де, әл-Бағдади да өздері басқаратын ұйым жеңіліске ұшырағаннан кейін өлтірілді. Яғни, Бен Ладен мен әл-Бағдадидың өлімінен кейін оларды әлдебір мемлекет деңгейінде жоқтағандар болған жоқ. Қарымта қайтару туралы да сөз болған емес.

Ал Касем Сүлейманидың жағдайы мүлде басқаша. Америка былтыр «террористік ұйымдар» тізіміне алып, санкция салғаны болмаса, Сүлеймани қызмет атқарған сақшылар корпусы — тұтас бір мемлекеттің әскери нысаны. Осындай ұйымның өкілін өлтірудің заңдылығы да даулы мәселе. Алайда бұл ұйымды Иранда ислам республикасы пайда болған 40 жылдан аса уақыттың ішінде мемлекет ішіндегі мемлекетке айналып үлгерді деуге де болады. Құрамына «Құдс күштері» элиталық бөлімі кіретін Ислам сақшылары корпусы елдегі негізгі саланың барлығына дерлік араласады. Бұл ұйым тікелей бас қолбасшы аятолла Хаменеиге ғана бағынады.

ДИПЛОМСЫЗ ГЕНЕРАЛ «ҚАЖЫ ҚАСЫМ»

Касем Сүлеймани — аятолла Хаманеиден кейін аталатын елдегі екінші тұлға. Оны үкіметтің үстіндегі үкіметтің, әскердің үстіндегі әскердің басшысы деуге де болады. Сақшылар корпусының элиталық «Құдс күштері» жасағы елде ғана емес, Таяу Шығыста да белгілі ұйым. Бұл жасақ елден сыртта әскери әрекеттермен және барлаумен айналысады. Аймақта қақтығыс жайлаған немесе шиитер қоныстанған елдерде осы ұйымның ізі жиі байқалып отырады.

Ислам революциясы сақшылары корпусының сарбаздары. Қыркүйек айы, 2019 жыл.

Ислам революциясы сақшылары корпусының сарбаздары. Қыркүйек айы, 2019 жыл.

Тегеран бұл ұйымды Ирак, Сирия, Ливан, Ауғанстан, Палестина, Бахрейн, Йемен тәрізді елдердегі «қарсыласу» майданына немесе қозғалысына ат салысып отыр деп танытқысы келеді. Хаменеи генерал Сүлейманиды «қарсыласу майданының халықаралық бейнесі» деп, кейде «тірі шәһид» деп те атап келген.

Қарапайым шаруа отбасынан шыққан, жоғары білім алмаған дипломсыз генерал жас кезінде су шаруашылығында жұмыс істеген. Иран-Ирак соғысы Сүлейманидың әскербасы ретінде қалыптасып, өсуіне себеп болады. Майдан кезінде ол басқарған қосын жеңілмейтіндігімен танылады. Сүлеймани Иран-Ирак шекарасындағы күрделі операцияларға қатысып отырған. Соғыс кезінде оны қатарластары «Хабиб» деп атапты. Одан кейінгі кезеңде Сүлейманиды ел «Қажы Қасым» атандырып жіберген.

1998 жылы ол «Құдс» жасағының жетекшісі болып тағайындалады. Касем Сүлейманидың 2002 жылы және 2010 жылы Американың Таяу Шығыстағы өкілдерімен кездескені туралы айтылады. Америка өкілдерімен кездесудің бірінде оның Хаменеиден рұқсат алмағаны туралы да сөз бар. Ол Американың Таяу Шығыс аймағындағы әскербасылары мен дипломатиялық өкілдеріне хат жолдап, байланысқа шығып отырған.

Генерал Сүлеймани Ауғанстандағы Талибан ұйымына қарсы және Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы әрекеттерге де ат салысқан. Оны «Ислам мемлекеті» бағдатты қоршауға алғанда Иракты ыдырап кетуден сақтап қалды деп есептейтіндер және «Күрдістанды құтқарушы» деп атайтындар бар. Ал Сириядағы әскери әрекетке Ресейді тартуда да Касем Сүлейманидың аты аталады. Генералдың 2015 жылы Мәскеуге сапарында президент Путинмен кездесіп, 140 минут бойы сөйлесіп, Ресейді Сирияға баруға көндіріп қайтқаны туралы айтылады. Касем Сүлеймани кейде «әлемдегі қатерлі тұлға» ретінде аталса, кейде «соғысамын десе, соғысқа жеткізе алатын, бейбітшілік десе, бейбітшілікке жеткізе алатын жетекші», кейде «Таяу Шығыстағы ең құдіретті ойыншы» деп те сипатталады.

Аятолла Хаменеи генерал Касем Сулейманиді ең жоғары әскери наградамен марапаттап тұр. 11 наурыз 2019 жыл.

Аятолла Хаменеи генерал Касем Сулейманиді ең жоғары әскери наградамен марапаттап тұр. 11 наурыз 2019 жыл.

Оны «сыртқы істер министрі» атандырған оқиғаның бірі былтыр болды. Ақпан айында Сирия президенті Башар Асад аяқ астынан Тегеранға сапарлап, Хаменеимен кездеседі. Оқиға соңынан Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф әлеуметтік желіге қызметтен кететінін жариялайды. Бірақ кету себебін түсіндірмейді. Соңынан Иран сыртқы істер министрінің Башар Асад сапарынан бейхабар қалғаны белгілі болады. Алайда президент Роухани министрдің арызын қанағаттандырмайды да, Жавад Зариф орнында қала береді. Ал Башар Асадтың Тегеранға сапарын құпия түрде ұйымдастырған Касем Сүлеймани екені кейіннен белгілі болады.

Ирандықтар «сардар Сүлеймани» атайтын генералдың жемқорлық дауында аты естілмеген, қарапайым өмір сүргені және басқа әскербасыларға ұқсап Хаменеиді мадақтаудан ада екені айтылады.

ИРАН БАСПАСӨЗІ НЕ ДЕЙДІ?

Сенбі күні Иран баспасөзі бірінші бетіне Қасым Сүлейманидың ірі суреттерін басып, көлемді қазанама жариялады. Тіпті спорттық басылымдар да осындай сипатта жарық көрді. Басылымдардың барлығы Иран көсемі Әли Хаменеидің Сүлейманидың өлімі үшін Америкадан кек қайтаратыны туралы айтқандарынан дәйексөз келтірген. Иран президенті де кек қайтару туралы мәлімдеген болатын.

Генерал Касем Сулейманиді аза тұту шарасына жиналған ирандықтар. Тегеран, 4 қаңтар 2020 жыл.

Генерал Касем Сулейманиді аза тұту шарасына жиналған ирандықтар. Тегеран, 4 қаңтар 2020 жыл.

«Кейхан» газеті Сүлеймани туралы мақаласын «Сүлеймани Трамптың ұйқысын қашырады» деген тақырыппен бастаса, «Седаи-е эслахат» газеті мақала тақырыбын «Ираннан жолдау: Кек алу» деп өлеңдете қойыпты. «Арман-е милли» газеті «Сен мәңгілік Сүлеймен болып қаласың» деген мақала жарияласа, «Афтаб» газеті бас мақаласын «Кек қайтаруға келіп қалдық» деп атапты. Экономикаға арналған «Дүнияи-е эқтесад» газетінің бірінші бетіндегі мақалаға «Исламның ұлы сардары аспанға кетті» деген тақырып қойылған. Спорт газеті «Абрар-е вәрзеш» Қасым Сүлеймани туралы бірінші беттегі мақаласын «Бүкіл тарихқа арналған сардар» деген тақырыппен жариялады.

Қасым Сүлеймани басқарған «Құдс» элиталық бөлімі қарайтын Ислам революциясы сақшылары корпусы 1979 жылы құрылған. Корпус қарулы күштердің құрамдас бөлігі болып есептеледі. Сақшылар корпусының әскери қуатына қоса идеологиялық және саяси сипаты басым. Оның құрамындағы әскер саны нақты айтылмайды. Алайда «бәсидж» — еріктілер жасағына мүшелердің саны шамамен 10 миллион деп есептеледі.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)

Azattyq