Алтайдан тараған жұртқа да ортақ
Қазіргі жаһандану дәуірі көптеген ұлттар мен ұлыстардың өзіндік келбеті мен болмысын өзгертіп жатқаны жасырын емес. Алайда ұлттық сипат пен бірегейлікті сақтап қалу жолындағы күрес те қарқынды жүруде. Өздерін Алтайдан тарататын халықтардың барлығы дерлік өзіндік кескін-келбеттерін сақтап қалу мақсатында түрлі қадамдарға барып жатыр. Оның үстіне адамзат өркениетін қалыптастырған түрлі мәдениет ошақтарының арасындағы байланыстың да сипаты өзгерген. Жекелеген этностар мен халықтарға ғана тән мәдениет үлгілері баршаға ортақ бола бастады. Дүниенің түрлі қиырындағы интеграциялық үдерістер тереңдей түсуімен қатар, әр халық өзіне тән ерекшелікті өзгелерге танытуға ұмтыла бастағаны да байқалады. Адамзат мәдениетіндегі түрлі элементтер қазір тек қана рухани сипаттағы емес, ішінара экономикалық астары бар құндылықтарға айналды. Яғни, жаһандану аралас-құраластықтың жаңа үлгісін жасап жатыр. Сондықтан Қазақстан Президентінің мақаласында айтылған бастамаларды тек қазаққа, түркі халықтарына ғана қатысы бар ойлар деуге болмайды. Тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлінің айтқанындай, «Ұлы даланы Байқалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікке» берілген жалпы атау ретінде бағалайтын болсақ, Елбасы мақаласы Алтайдан тарайтын барша жұрттың тағдыр-талайына, тарихына, бүгінгі болмысына тікелей байланысты болары даусыз. Демек, Ұлы даладағы өзгерістер, рухани сілкініс Еуропа төріндегі мажарды да, іргедегі моңғолды да, тіпті күншығыстағы корейлер мен жапондарды да қызықтырса керек.
Соңғы жылдары түркі интеграциясына, қазақ қоғамындағы өзгерістерге алыс-жақын елдердің ғалымдары, ғылыми орталықтары ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясымен (TWESCO) әріптестік орнатқан шетелдік зерттеу орталықтары мен ғылыми ұйымдарының саны 60-қа жақындаған, бұл құрылымға байқаушы ретінде Мажарстанның қосылып, өзге бірқатар мемлекеттердің ресми түрде байқаушы болуға ұмтылып отырғаны байқалады. Соңғы екі айдың өзінде Жапония, Қытай, Франция тәрізді мемлекеттердің ірі зерттеу орталықтары TWESCO-да атқарылып жатқан жұмыстармен жақыннан танысып, байланыс орнатты. Ал Елбасының мақаласы біздің келесі қадамдарымыздың қандай болмағын айқындап отыр.
Президент кеңістік пен уақыт мәселесіне назар аудару арқылы көшпенділер құрған өркениеттің жалпыадамзаттық мәдениеттегі орнын айқындау кезеңінің келгенін аңғартты. Күні бүгінге дейін «номадтар» деп, «жабайылар» деп, адамзат өркениетінде ешқандай із қалдырмаған қауымдай сипатталып келген Ұлы дала халықтары іс жүзінде теңдессіз мұра қалдырған. Жылқыны қолға үйрету мен көне металлургия адамзат дамуына айрықша үлес қосқаны белгілі. Елбасы: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – дейді. Әлем тарихына, көне халықтардың аңыз-әпсаналарында салт атты жауынгерлер әу баста кентавр бейнесінде енген еді. Ал тек қана қола дәуірінің өзінде Қазақстан аумағында миллиондаған тонна металл өндіріліпті. Академик Қаныш Сәтбаев қола дәуірінде бір ғана Жезқазған аймағынан 1 миллион тонна мыс өндірілгенін жазды. Одан бөлек Алтайда, Сібірде және басқа да өңірлерде металл өндірілгенін тарихшылар баяғыда-ақ дәлелдеп қойған. Аң стилі де, түркі өркениеті де, Ұлы Жібек жолы да Ұлы даланың қадым заманда адамзат өркениетінде өзіндік орны болғанын айғақтайды. Тек Ұлы дала халықтарының өркениетке қосқан үлестері бертінге дейін мойындалмай келді. Лайықты бағасын алған жоқ. Бәлкім, жаһанға көшпенділер мұрасының адамзат өркениетіндегі айрықша орнын паш етудің сәті енді туған шығар. Әзірге баға беру қиын. Бірақ Президент мақаласында айтылған ойларды сәтті жүзеге асыра білсек, бұл міндетті де орындауға болады.
Жалпы, Президент мақаласына бірінші кезекте түркітілдес халықтардың өкілдері риза болғаны байқалады. Мақаланың түрік, әзербайжан, қырғыз тілдеріне аударылған нұсқалары масс-медиада жүздеген мәрте басылды. Әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды. Саяси қайраткерлердің де мақалаға ерекше көңіл бөлгені байқалады. Мәселен, Түркия Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу мақаланы күллі түркіге ортақ «Тілде, пікірде, істе – бірлік» идеясына қосылған үлес ретінде бағаласа, тағы бір түркиялық саясаттанушы Күршат Зорлу: «Бүгін Қазақстан Мемлекет басшысы Назарбаев түркі әлеміне ықпал ететін «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны жария етті», деп жазды өзінің twitter аккаунтында. Ал «Әзербайжан телевизия және радио хабарларын тарату» ЖАҚ ақпараттық бағдарламалар студиясының бас директоры Фаик Гусиев: «Мен Қазақстан Президентінің мақаласын өте мазмұнды және пайдалы еңбек деп есептеймін» десе, Түркияның Ескишехир университетінің профессоры Недим Унал мақаланы манифеске теңеген. Яғни, түркі халықтары Елбасы мақаласынан мол үміт күтеді. Өйткені Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылдың өзінде түркі дүниесінің рухани сілкінісіне бағытталған бірнеше маңызды шешім қабылдаған-ды. Маусым айында Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қою арқылы Тұранның көне атауын ресми түрде саяси сахнаға алып шықты. Рас, Түркістан қаласының атауы ешқашан өзгермегенмен, тұтас бір аймаққа бұл атау 1924 жылдан кейін ешқашан берілмеген еді. Яғни, кеңестік жүйе бауырлас халықтардың санасынан Түркістан идеясын өшіруге барын салған болатын. Сондықтан маусым айында Түркістан облысының құрылуы Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясы кеңитінін аңғартқан-ды. Одан кейін, қыркүйек айында Шолпан-ата қаласында өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде рухани жаңғыру идеясы ресми түрде күллі түркіні қамтитын жобаға айналды. Қазақстан Президенті Шолпан-атада «Түркі дүниесінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» жобаларын жүзеге асыруды ұсынған болатын. Енді сол бастамасының жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көріп отыр.
Бұл шешімдердің барлығы «Мәдени мұра» бағдарламасы, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту тәрізді шаралардың бірте-бірте ауқымын кеңейте түскенін байқатады. Бастапқы кезде жобалар Қазақстанға ғана тікелей қатысты болса, Түркі кеңесі саммиттерінде айтылған ойлар мен тапсырмалар түркі дүниесіне байланысты болды. Ал «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала күллі Еуразия кеңістігін қамтып отыр. Демек, атқарылатын шаралар да Байқалдан Балқанға дейінгі кеңістікте өмір сүретін халықтардың рухани үндесуіне ықпал етуі тиіс.
Джеймс Кэмерон «Аватар» фильміндегі алып ағаш көшпенділер танымындағы бәйтерекке ұқсайды. Кәсіби мамандар идеялық байланыс орнатқан. Әйгілі «Троя» фильмінде киіз үйлердің көрсетілуі де өнердегі ізденістің көрінісі. Мол табысқа кенелген мұндай туындылар аз емес. Президент атап өткен фэнтези жанрындағы туындылар да кино өнерінде мол табыс табатыны байқалып жүр. Джон Толкиннің фэнтези жанрындағы еңбектері негізінде түсірілген «Жүзік әміршісі», «Хоббиттер» тәрізді туындылар біздің сөзімізге нақты мысал бола алады. Демек, Ұлы дала халықтары рухани түлеп қана қоймай, өз қойнауындағы мол мұраны табыс көзіне айналдыруды да меңгермегі керек.
Елбасы мақаласында Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдары бар екендігін айтқан. Самұрық, жезтырнақ, таутайлақ тәрізді миф пен ертегі кейіпкерлері кино өнеріне сұранып тұр. Гомердің Одиссейі мен қазақтың Шора батырының жалғыз көзді диюдың қолына түсетін сюжеттерінің бірдей болуы немесе Оғыз қаған жорық жасаған Итбарақтың еліндегі әскерлердің ең осал жері табаны болатын тұсы «Ахиллестің өкшесіне» ұқсайтын өзара параллель жүргізуге жарайтын аңыздар. Демек, әпсаналарымызды өзгеге әдемі етіп ұсынуға толық мүмкіндігіміз бар.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасының ұсыныстары − ұлтты рухани һәм материалдық тұрғыда байытуға бағытталған қадамдар.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ,
журналист