Донецк сепаратистерінен Азаттық радиосының тілшілері босатылды

0

Азаттық радиосы Украин қызметінің штаттан тыс тілшілері және блогерлер Станислав Асеев пен Олег Галазюк Киев пен ресейшіл сепаратистер тұтқын алмасқанда бостандыққа шықты.

Азаттық радиосына лақап атпен жазып жүрген Асеев пен Галазюк екі жарым жылға жуық тұтқында болды.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай РСЕ/РС штаттан тыс тілшілерінің бостандыққа шыққанына қуанышын білдірді.

Қарашаның 26-сына Украина президенті Зеленскиймен кездескенде журналистерді айырбасталатын тұтқындар тізіміне қосу жөнінде өтініш білдірген Флай «Стас пен Олег бостандыққа шыққанда толқыдық, иығымыздан жүк түскендей болды. Олар қылмыс жасағаны үшін емес, Ресей басқыншылығы жайлы ақиқатты айтқаны үшін екі жарым жыл бойы қамауды отырды» деді.

Станислав Асеев сепаратистер қолына 2017 жылдың мамыр-маусым айларында түскен. Бастапқы екі апта хабар-ошарсыз кетіп, кейіннен сепаратистер қолында екені мәлім болған еді. Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» билігі оны Украина есебіне тыңшылық жасады деп айыптап, 15 жылға бостандығынан айырған.

Философия ғылымдарының кандидаты Галазюк соғысқа дейін Харьков қаласындағы жоғары оқу орнында оқытушы болған. Ол 2017 жылға дейін де екі рет тұтқындалып, бостандыққа шыққан және тұтқында отырғанда азап көргенін айтқан.

29 желтоқсанда Киев пен өзін-өзі жариялаған сепаратистік «Донецк халық республикасы» және «Луганск халық республикасы» «тұтқындардың бәрін айырбастау» шартымен тұтқын алмасқан. Украина президенті офисінің мәліметінше, Киев 76 адамды қайтарып алған. Сепаратистерге жүзден астам тұтқын берілген, олардың арасында 2014 жылы Майдан алаңында наразыларға оқ атты деп айыпталған арнайы жасақтың бес сарбазы да бар.

Украина мен Ресей президенттері 9 желтоқсанда Парижде өткен «норман төттігінің» саммитінде тұтқын алмасуға уағдаласқан еді. Украина басшысы Владимир Зеленский екі тарап «бәріне бәрін» шарты бойынша айырбасқа кірісетінін мәлімдеген. Саммит қорытындысы бойынша бірлескен коммюникеге қол қойылғанымен айырбасталатын тұтқындардың нақты саны көрсетілмеген.

Azattyq