Құқық қорғаушылар Тоқаевтан «Араздықты қоздыру» бабын декриминализациялауды сұрады
23 желтоқсанда Алматыдағы Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросында құқық қорғаушылар мен адвокаттар жиын өткізіп, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қылмыстық кодекстен 174-бапты (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру) алып тастауды сұрады. Осы баппен сотталғандардың туыстары «174-бап – белсенділер мен діншілдерді қудалау үшін қолданатын әмбебап жаза» екенін айтты.
Жиында адвокат Бауыржан Азанов 2015 жылы қабылданған бұл бап бойынша жыл сайын қозғалған қылмыстық іс пен жауапқа тартылып жатқандар саны артып келе жатқанын айтты.
Адвокат бұл баппен жауапқа тартылып жатқандар арасында тек дін ұстанып жүргендер ғана емес, әлеуметтік парақшаларында діни пост жазып немесе өзгенің жазғанын таратқандар да барын айтады.
— Сондықтан 174-баптың қолдану аясы кең әрі әмбебап. Мәселен, Қазақстанда дәл осы бап бойынша жауапқа тартылып жатқандарды қорғайтын құқық қорғаушылардың жоғы да жағдайды күрделендіріп жатыр, — дейді адвокат.
Құқық қорғаушы Ғалым Агелеуовтің пікірінше, бүгінгі соттар «Араздықты қоздыру» бабын дұрыс қолданып жүрген жоқ
— «Араздықты қоздыру» дегеніңіз іс-әрекет, егер адам қандайда бір араздықты қоздыру үшін әрекет етсе я болмаса сол әрекетке шақырса, онда бұл бап бойынша жауапқа тартуға болады. Ал діни мәтінді немесе хадистерді, әдеби шығармаларды тарату – «араздықты қоздыру» емес, — дейді құқық қорғаушы.
Жиынға «Араздықты қоздыру» бабы бойынша ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылған бірнеше адамның туыстары келіп, бұл баппен жазаға тартылғандар мерзімінен босатылмайтынын айтты. Адвокат Азанов та бұл пікірді растады.
Жиын соңында жиналғандар Ақордадан «аталған 174-бапты Қылмыстық кодекстен мүлдем алып тастауды, экстремистер мен террористер тізімінен дін ұстанғандар мен азаматтық белсенділерді шықарып, осы бап бойынша сотталғандар ісін қайта қарауды» сұрады.
Қазақстанда соңғы екі жылда «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру» бабымен ондаған адам сотталды. Олардың арасында Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Серікжан Біләш (110 мың теңге айыппұл салынып, жеті жыл қоғамдық жұмыстан шеттетілді), «жиһадқа шақырды» деп айыпталған азаматтық белсенді Алмат Жұмағұлов (8 жылға қамалды) бар.
Бұдан бөлек, WhatsApp месенжерінде «діни тақырыптар қозғау арқылы» ұлттық, діни алауыздық тудырды» деп айыпталған Азамат Үмбеталиев, Жасұлан Ысқақов, Самат Әділов, Назым Әбдірахманов пен Есім Сүлейменов бес жарым жылға сотталды.
«Интернетте діни жазбаларды бөлісу арқылы діни араздықты қоздырды» деп айыпталған Қуаныш Башпаев пен Дадаш Мәженов те жауапқа тартылған.
Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру» бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұрайды.
Оқи отырыңыз: 174-бап бойынша сотталғандардың өз құқықтары үшін күресі
20 желтоқсанда Ұлттық кеңестің жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру» бабын ізгілендірілетінін мәлімдеді. Бірақ Тоқаев бұл баптың Қылмыстық кодекстен алынатыны жайлы айтпады.