Путиннің жиынына бармақ болып, шекарада ұсталған блогер және құрылысы тоқтаған зауыт

0

«ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНІҢ АЗДЫҒЫ МӘСЕЛЕСІН АЙТҚЫМ КЕЛГЕН»

Ресей президенті Владимир Путиннің жыл сайын өткізетін баспасөз конференциясына бармақ болған қазақстандық блогер Данияр Наурыз 14 желтоқсанда өзін Ресей шекарашыларының ұстағанын айтады. «Уральская неделя» басылымына сұхбат берген блогердің айтуынша, соның салдарынан Мәскеудегі конференцияға қатыса алмай қалған.

«14 желтоқсанда Путиннің конференциясына бара жатқан кезде Ресеймен шекарада ұстады. Телефонымды тартып алып, бес сағат бойы ұстады. Маған Ресейде белгіленген мерзімнен көбірек уақыт болғансың деп айтты. Алайда ол жақта 30 күннен артық жүрген әйелге ештеңе деген жоқ» деді ол.

Блогер ұстау кезінде өзінің құқықтары бұзылғанын, шекара қызметі өкілдерінің барлық затын тартып алып, өздерін таныстырмағанын айтты. Данияр Наурыздың сөзінше, 2019 жылы ақпан айында Ресей аумағынан бірнеше күнге кешігіп қайтқан. Дегенмен содан бері екі рет барғанда да еш кедергі болмаған. Блогер Путинмен баспасөз жиыны кезінде Ресейдегі қазақ мектептері жайлы сұрамақ болғанын айтады.

«Менің білуімше, Ресейде тұрып жатқан қазақтар бара алатын небәрі бір қазақ мектебі бар. Мысалы, бізде Қазақстанда мыңдаған орыс мектебі бар, ал Ресейдегі қазақтар саны біздегі орыстар санымен шамалас. Сондықтан Ресейде тым болмағанда елу қазақ мектебі ашылсын. Мен осы жайтты Владимир Путиннен сұрағым келген» деді Наурыз.

Ақпарат бойынша, Путиннің баспасөз жиынына 1800-ден астам журналист тіркелген. Олардың арасында Қытай, Жапония, Қырғызстан және өзге мемлекеттердің ақпарат құрал өкілдері болған. Данияр Наурыздың айтуынша, жиынға қазақстандық журналистер қатыспаған. Сөзінше, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінен гөрі Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мәселені шешуге көбірек тырысқан.

«АРАБ ИНВЕСТИЦИЯСЫНА САЛЫНЫП ЖАТҚАН ЗАУЫТ ҚҰРЫЛЫСЫ ТОҚТАДЫ»

«Уральская неделя» басылымы осы аптада Батыс Қазақстан облысында алдағы жылдары Еуро-5 стандартына сәйкес мұнай өнімдерін шығаруы тиіс болған мұнай өңдеу зауыты құрылысының тоқтап қалғанын да жазды. 2018 жылы жобаны таныстырған жергілікті билік болашақта зауыттың күніне 16 мың баррель мұнай өңдейтінін мәлімдеген еді.

Газеттің жазуынша, жобаның тоқтауына бас мердігер компания басшыларының үстінен қылмыстық іс («Ақшаның өзге мақсатта пайдаланылуына байланысты жалақыны кешіктіру» бабы) қозғалуы түрткі болған.

Басылымның дерегінше, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Алғабас ауылында мұнай өңдеу зауытын салып жатқан құрылысшылар үш айдан бері жалақы алмаған. Араб компаниясының ақшасына салынып жатқан инвестициялық жоба Нұр-Сұлтандағы сотқа байланысты тоқтаған.

Жергілікті билік дерегіне сүйенген газет бастапқыда бас мердігер «Еуро Стандарт ЛТД» компаниясы басшыларына «жалақыны кешіктіргені үшін» айыппұл салынып, қарызды өтеуге уақыт бергенін жазады. Жұмысшылар мен қосалқы мердігер компанияларға 12,6 миллион теңге қарыз болған компания 8,3 миллион теңгені ғана өтей алған. Бұдан соң компания басшыларының үстінен іс қозғалып, сотқа жіберілген.

Алғабас ауылындағы мұнай өңдеу зауытының құрылыс жобасын былтыр жазда таныстырған жергілікті билік өкілдері зауыттың болашақта Еуро-5 стандартындағы бензин, дизель отынын, керосин және битум шығаратынын айтқан. Биліктің жоспары бойынша, өнімдердің 80 пайызы ішкі нарыққа жұмсалып, 20 пайызы экспортқа кетпек. Болашақ зауытқа шикізат Қарашығанақ кенішінен жеткізіледі. Бұған қоса, жоба аясында темір жол станциясынан алты шақырым жерге темір жол салу да көзделген. Бұған дейін мұнай өңдеу зауытының құрылысы 2020 жылы аяқталуы тиіс деп хабарланған.

Газеттің жазуынша, жобаға тапсырыс беруші қазақстандық «ABS-Мұнай» компаниясы зауытты салу үшін Сауд Арабиясында тіркелген West Hydrocarbons Commercial Investment LLC компаниясынан ақша алған.

Ақпан айында «ABS-Мұнай» бас мердігер «Еуро Стандарт ЛТД» компаниясымен келісім жасасқан. Оның құрылтайшысы — Вячеслав Запорожец және Алла Дворянин есімді Украина азаматтары. «Еуро Стандарт ЛТД» Орал мен Атыраудан он шақты қосалқы мердігер компанияны жобаға тартқан. Бұл компаниялар арнайы техника, жұмысшылармен қамтамасыз еткен, түрлі қызмет көрсеткен.

Сәуір мен маусым айы аралығында «Еуро Стандарт ЛТД» жалақыларды уақытында төлеп тұрған. Шілде айынан бастап жалақыны кешігіп, қыркүйек айында компанияның жұмысшылар алдындағы қарызы 12,6 миллион теңгені құраған.

«ҚАЛА МӘРТЕБЕСІНЕН АЙЫРЫЛАТЫН» ЕЛДІМЕКЕНДЕР

Осы аптада жергілікті сайттар тұрғындар санының аз болуына байланысты кейбір елдімекендердің қала мәртебесінен айрылуы мүмкін екенін жазды. Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенген Новый вестник сайтының жазуынша, мәртебесі өзгеру мүмкін елдімекендер арасында Ақмола облысында — Степняк, Державинск, Ерементау қаласы, Ақтөбе облысында — Жем, Темір, Шығыс Қазақстан облысында — Серебрянск, Шар, Қызылорда облысында — Қазалы, Маңғыстау облысында — Форт-Шевченко қаласы, Солтүстік Қазақстан облысында — Булаево, Сергеевка, Мамлютка елдімекендері бар.

Сайттың дерегінше, мысалы Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласының мәртебесін сақтап қалуға екі мыңдай адам жетіспей тұр. Мұнда 2019 жылғы дерек бойынша, тұрғындар саны 8190 адам болған. Ал қала мәртебесін алу үшін елдімекенде кемінде он мың адам тұруы керек. Қала мәртебесінен айрылған елдімекендер ауыл немесе қала типтес елдімекен мәртебесіне ие болады.

Шығыс Қазақстан облысынан ақпарат тарататын Yk-news.kz сайты «қала мәртебесі өзгеруінен тұрғындар не ұтады, неден ұтылады?» деген сұраққа жауап іздеп көрген.

«Бір жағынан, ауыл немесе қала типтес елдімекендердің тұрғындарға пайдасы бар. Ауылдық жерде істейтін дәрігерлер, мұғалімдер және өзге де бюджет қызметкерлерінің жалақылары 25 пайызға көбейеді. Ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек қарастырылған: жәрдемақы көбейіп, бюджеттік несие алу мүмкіндігі пайда болады. Екінші жағынан, мәртебесі өзгергендіктен сот және прокуратура өкілдіктері болмайды, халыққа қызмет көрсету бөлімдері таратылады, бюджеттік ұйымдардағы қызметкерлер саны қысқарады» деп жазады.

Сайттың жазуынша, «мәртебесінен айрылу қаупі төнген» 1952 жылы негізі қаланған Серебрянск қаласында Бұқтырма гидроэнергетикалық кешен, «Қазақстан су жолдары» сияқты маңызды нысандар орналасқан. Онда өте көп адам жұмыс істейді. Бұған қоса, көп білім беру ұйымдары, мәдени, ойын-сауық орындары, бизнес орындары бар. Мақала авторы «сол себепті мұндай қалалардың мәртебесін өзгерту бойынша шешім қабылдаған кезде осындай маңызды факторларды ескерген дұрыс» дегенді меңзейді.

Azattyq