Қазақстанда парламенттік оппозиция институты пайда болады
Қысқа сілтеме алу
Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдары өз ұстанымын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге атсалысты
НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда парламенттік оппозиция институты пайда болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке тиісті ұсыныстар мен заң жобасын әзірлеп, парламентке енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты баламалы көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге атсалысты. Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың басы емес, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет», — деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында.
Бұл үшін, президенттің ойынша, парламент туралы заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру қажет.
«Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымын иелене алатындай жағдай жасау керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді президент.
Сөз соңында Тоқаев осы және басқа да бастамалар бойынша үкіметке президент әкімшілігімен бірлесіп, тиісті ұсыныстар мен заң жобаларын әзірлеп, парламентке енгізуді тапсырды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі
Кеңестің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өткен еді. Ол кезде спикерлер зейнетке шығу жасын қайта қарауды, өлім жазасын жаза ретінде алып тастауды, сайлау заңнамасын реформалауды және мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынған болатын.
Қазақстан президентінің жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Төрағасы – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты тапсырма берді
Ұлттық кеңес мүшелері үш топқа бөлінді: экономика, саяси модернизация және әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі жұмыс тобы.
Кеңес отырыстары қажеттілікке қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі болмауы тиіс. Оның құрамына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдері кіреді.
sputniknews.kz