Қарағанды соты экс-премьер Ахметовті шартты түрде босатпады

0

18 желтоқсанда Қарағанды облыстық соты Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің апелляциялық шағымын қарады. Ол облыстық соттан өзін шартты түрде босатпай қойған аудандық сот шешімін өзгертіп, шартты түрде босату туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Судья Нұрлан Асанов бірінші инстанцияның қаулысын өзгеріссіз қалдырып, Ахметовтің өтінішін кері қайтарды.

Серік Ахметовтің адвокаты Николай Лесниктің айтуынша, қорғауындағы адам жазасының жартысынан көбін өтеген. Оның ішінде 1 жыл 9 ай түрмеде отырған. Ахметовтің жазасы 2021 жылдың 17 қазанында аяқталады.

— Қорғауымдағы адам 5 жылдан астам жазасын өтеді, келтірілген шығынды толық қайтарды, жұмыс істейді. Аудандық сотта дұрыс шешім шықпады. Ол заңсыз әрі негізсіз. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұраймыз, — деді Николай Лесник.

Серік Ахметов пен адвокаты қазан айында Қарағандының аудандық сотына шағым түсіріп, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылмаған еді. Қорғау тарабы Ахметовтің негізі айыптан 5 жыл бойы мемлекеттік жұмыс істеуге қойылған шектеуді алып тастауды да сұраған.

Прокурор Нұрсұлтан Тамабаев судьядан бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

— Ахметов жазасын өтеген уақытта шығынның өтелуі, тәртіп бұзбағаны мен дұрыс мінездемесі ескеріліп, екі рет кешірім жасалды. Сотталушының жеке шағымын қанағаттандырмау керек деп санаймын, — деді прокурор.

Сот залынан шығып келе жатқанда Ахметов журналистерге «Мен – заңға бағынатын адаммын» деді.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, елдің бұрынғы қорғаныс министрі, Қарағанды облысының әкімі болған Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «өкілетін асыра қолданды» деп айыпталып, 10 жылға сотталған. Ахметов сот барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот оның дүние-мүлкін тәркілеп, бес жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған.

2016 жылы наурызда апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан. 2017 жылы қаңтар айында оның жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша азайтылған.

Түрме жазасы бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырылған Серік Ахметов екі жылға жуық түрмеде қамауда отырып, 2017 жылы 21 қыркүйекте бостандыққа шықты.

2015 жылы онымен бірге бірқатар жоғары лауазымды қызмет атқарған шенеуніктер де сотталды. Бұл іс бойынша негізгі айыпталушылар түрме жазасын алды, бірақ кейінірек жазасы жұмсартылды.

Azattyq