«Неге көңіл айтамыз демеді?»: Мысырда көз жұмған қазақстандықтың туыстары ренішін жеткізді – Қазақстан жаңалықтары

0
28

Мысырда көз жұмған Қазақстан елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың қолы ешқандай да байлаулы болмаған. Сыртқы істер министрлігі маманның қазасына қатысты таралған ақпараттарды жоққа шығарды. Бүгінде Мысыр құзырлы органдары сот-медициналық сараптамасын аяқтаған. Алайда, нәтижесі әлі де белгісіз. Ал марқұмның туысқандары құпия қаза жабулы қазан күйінде қалмаса екен деген пікірде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Еламан Жолдасов

«13 желтоқсанда Мысырдағы Қазақстан елшілігінің екінші хатшысы Еламан Жолдасовтың денесін жұбайы өзінің пәтер есігі алдында тауыпты. Қолдары байлаулы. Арқасы мен денесі кір, қанаған. Демек, оны жер бетімен сүйреген».

Осылай деп әлеуметтік желілерде таралған мәліметтер жалған болып шықты. Шынтуайтына келгенде, Еламан Жолдасов өзі тұратын үйдегі баспалдақ жанынан өлі күйінде табылыпты.

«Ешқандай да қол-аяғы байлаулы болмады», – дейді сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Алғашқы сыртқы тексеру кезінде денесіне еш зақым келтірілмегені анықталған.

«Оны тапқан кезде мойны жіппен оралып, баспалдақ таянышына асылып тұрған. Алғашқы сыртқы тексеру кезінде денеде қандай да бір зақым, көгерулер болған жоқ. Қол-аяғы байланбаған. Оны оқиға орнында жасалған фото-видео материалдар дәлелдейді. Әрине, тергеу мүддесіне байланысты қазір бұл материалдар жарияланбайды. Сондай-ақ, марқұмның қол-аяғы бос екенін оны бірінші тапқан Еламанның жұбайы да дәлелдейді», – деді ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі. 

«Еламан Жолдасовтың инвесторлармен кездесуі туралы ақпар да жалған», – дейді министрлік өкілі. Өйткені ол Қазақстан елшілігінде мәдени мәселелер жөніндегі маман болып жұмыс істеген. Оның құзырына инвесторлармен кездесу міндеті кірмейді.

«Жолдасов Еламанның құзырына мәдени мәселелер кіреді. Ешқандай инвесторлармен кездесуі мүмкін емес», – деді сыртқы істер министрлігінің өкілі. 

Ал марқұмның туыстары қазір қайғыдан қан жұтып отыр. Еламанның анасы төсек тартып жатыр екен. Ағайын-жұрты әлі де оның қазасына сенгісі жоқ. Оқиға жабулы қазан күйінде қалмаса екен деп отыр. Мысыр да, Қазақстан тарапы да әділ шешім шығаратынына үмітті.

«Қалай ойлайсыздар, биіктен құламаса, өзін асқан жағдайда биікте болуы керек. Ол жердегі баспалдықтың ең төменгі сатысында. Байлаулы. Жіп өте жаңа болған дейді. Пайдаланылмаған жіп», – деді марқұмның жеңгесі Нәзипа Өсербаева.

«Өтініштерім бар. Өйткені, менің інімді Египет тарапы болсын, Қазақстаннан барған мамандар әділ шешім шығарса деймін. Талабым сол. Бұрмалау болмасын. Өз-өзіне қол жұмсады деген мен ініме 100 пайыз сенемін. Білімді адам, діндар адам. Ондайға бармайды», – деді марқұмның ағасы Нұрлан Жолдасов. 

Еламанның жеңгесі қазақстандық тараптың бүгінгі күнге дейін қазаларына ортақтаспағанына қапалы. Елі үшін шет жақта жүрген азаматқа шенеуніктер көңіл айтпаған көрінеді.

«Біз мемлекеттен ештеңе сұрамаймыз. Тек апталдай азаматтың еңбегі еленбей қалды» деп көзіне жас алды Назипа Өсербаева.

«Судың да сұрауы бар. Неге олар бірауыз осындай азаматтан айырылдық, сізге көңіл айтамыз демеді? Біз мемлекеттен ешнәрсе сұрамаймыз», – деді марқұмның жеңгесі Нәзипа Өсербаева. 

Қазір Мысыр прокуратурасы қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Тергеуге қатысуға министрлік өкілдері Мысырға аттанған. Қазақстан елшілігінде мәдени мәселелер жөніндегі маман болып жұмыс істеген Еламан Жолдасовтың артында екі баласы мен аяғы ауыр жұбайы қалды.

Естеріңізге сала кетсек, Мысырда бақилық болған дипломаттың артында жүкті әйелі мен екі баласы қалғаны туралы хабарлаған едік. 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз