Есте қалған ТОП-9 оқиға: Қазақстан президенттері «9» санын неге таңдайды

0

НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik, Арман Асқар. 2019 жылы Қазақстанның саяси-әлеуметтік өмірінде біраз оқиға болды. Бір қызығы, маңызды деген өзгерістер «9» санымен байланысты болды. Осыған орай Sputnik Қазақстан есте қалған ТОП-9 оқиғаны ұсынады.

Президент — Тұңғыш президент

Cөз жоқ, бірінші әрі маңызды өзгерістердің бірі ол – президенттің ауысуы. 2019 жылы 19 наурызда тура сағат 19:00-де Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік өкілеттілігін тоқтататынын мәлімдеді.

Назарбаев осы қызметке 1990 жылы 49 жасында кіріскен болатын. Сөйтіп, 29 жылдан кейін президенттік өкілеттілігін өз еркімен тоқтатты. Ал 1989 жылдан бастап Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарғанын ескерсек, осы саладағы еңбек өтілі 30 жылды құрайды.  

Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттілігін тоқтатса да, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы – Қазақстанның тұңғыш президенті болып қалды. Бұдан бөлек, ол «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы қызметтерін атқара береді. Заң бойынша сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметін атқаруға кірісті. Ал оның орнына Дариға Назарбаева келді. 

Астана – Нұр-Сұлтан

Бір күннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде ант берді. Сол жерде Астананың атауын «Нұрсұлтан» деп өзгертуді ұсынды. Бұдан бөлек, облыс орталықтарының негізгі көшелеріне Назарбаевтың атын беру керек деді. Тіпті, елордада тұңғыш президентке арнап монумент орнату қажеттігін жеткізді.

Сол күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Астана атауын өзгертуді бірауыздан қабылдады. Ал ертесінде теледидарда «Нұр-Сұлтан» деген атау шыға бастады. Облыс орталықтары да көп бөгелмей, негізгі көшелерге Нұрсұлтан Назарбаевтың атын берді.

Тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдағаннан бастап тура 20 күннен кейін мәлімдеме жасап, кезектен тыс президент сайлауының өтетінін жариялады. Тоқаев өз үндеуін 9 сәуірде жасады. Ал президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымына белгіленді. Осы орайда нумеролог Диана Тамилова «9» санының құпиясын ашып берді.

«Негізі, «9» саны — 1-ден 10-ға дейінгі ең үлкен сан. Ол даналық, ауқымдылық пен жаһандықты білдіреді. 19-шы жыл, 19 наурыз, сағат 19:00 деп отырсыз ғой, бұл жерде 1 мен 9-ды қосқанда 10 шығады. Ал 1 мен 0-ді қоссақ, 1 болады. Бұл – билік, көшбасшылық пен биік мәртебенің белгісі. Сосын 9 – Қызылжұлдыз (Марс) планетасының саны. Ол – қорғаушы», — деді Тамилова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

https://www.youtube.com/watch?v=GUpf-TzUCAM

Осылайша, 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясында кандидат ретінде 7 адам тіркелді. Дауыс беру парағында үміткерлер алфавит тәртібімен орналасты.   

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.

Ал сайлау нәтижесі бойынша кандидаттардың орны өзгерді. Төлеутай Рақымбеков, Амангелді Таспихов пен Сәдібек Түгел ғана өз орнында қалды.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев — 70,76%;
  • Әміржан Қосанов — 16,02%;
  • Дания Еспаева — 5,2%;
  • Төлеутай Рақымбеков — 3,2%;
  • Амангелді Таспихов — 2,07%;
  • Жамбыл Ахметбеков -1,82%;
  • Сәдібек Түгел — 0,92%.

Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз Қазақстан тарихында ресми түрде екінші президент болып сайланды. Тоқаев сайлауалды дебатқа қатысқан жоқ. Оның орнына сол кездегі «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пікірталасқа түсті. Сайлау кезінде дауыс беру құқығы бар азаматтардың 77,4 проценті өз таңдауын жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев тағы ант берді.

21 мың теңгенің жыры

Тоқаевтың тұсында 21 мың теңгенің жәрдемақысы төлене бастады. Бұл тапсырманы Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрғанда жылдың басында берген еді. Оған сәйкес, 1 сәуірден бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50%-нен 70%-не дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Соның нәтижесінде жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өсті. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері бұрын отбасының әрбір мүшесіне 4 834 теңге болса, мамырдан бастап әр балаға 20 789 теңге төлене бастады.

Тағы оқыңыз: АСП деген пәле болды — 21 мың теңге алған әйелдер жылап отыр

Артынан 21 теңгенің жәрдемақысын ауқатты адамдардың алып жатқаны анықталды. Біреуінде екі қабатты коттедж болса, енді біреуі қымбат көлік мініп жүр. Осығын байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті комиссиялардың жұмысын күшейтіп, әрбір отбасының жағдайын бағалауға баса назар аударды. Ал келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек берудің шарттары өзгеретін болды. Жәрдемақының жаңа түрі де енгізіледі.

Министр Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, жаңа мемлекеттік жәрдемақы табыс көзі болып саналады. Сондықтан кейбір отбасылар атаулы әлеуметтік көмектен қағылуы әбден мүмкін.

«Мәселен, табысы төмен кісілер жаңа жәрдемақы алғанмен, жанұяның табысы кедейшілік шегінен аспаса, онда олар атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал асып кетсе, алмайды», — деді Нұрымбетов журналистерге берген сұхбатында.

Жаңа мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан 2020 жылдың 1 қаңтарынан беріледі. Мемлекеттік жәрдемақы төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған, немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар барлық көпбалалы жанұяға табысына қарамастан төленеді:

  • Төрт баласы бар отбасыларға –  42 496 теңге;
  • Бес балаға – 53 127 теңге;
  • Алты балаға – 63 757 теңге;
  • Жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге.

Кредит қарызы кешірілді

Маусымның соңында Тоқаев маңызды бір жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, қиын жағдайда тап болған азаматтардың тұтынушылық кредиті бойынша айыппұлдар мен өсімақылар кешірілді. Бұдан бөлек, бір адамның 300 мың теңгеге дейінгі қарызы мемлекет есебінен өтелді. Тіпті, бір үйден екі адамның берешегін кешіруге мүмкіндік жасалды.

Президент жарлығы бойынша 2019 жылдың 1 маусымына дейін жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтындардың кредиті өтелуі тиіс. Бұл — бір реттік шара. Дегенмен, оның нақты мерзімі жоқ. Азаматтар жылдың соңында құжат тапсырып, кредиті өтелетіндердің қатарына жататынын дәлелдесе, қосымша тізіммен берешекті өтеуге болады.

Кредиті өтелетіндердің қатарына жататындар:

  • Көпбалалы жанұялар;
  • Мүгедек баласы бар отбасылар;
  • Асырушысынан айырылғандар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар.

Салықтық рақымшылық басталды

Биыл жеке тұлғалардың салық өсімпұлын кешіру шаралары да басталған болатын. Ол үшін негізгі қарызды төлеу керек. Сонда өсімпұл автоматты түрде өшіріледі. Осы шара жыл соңына дейін жалғасады.

Тамыздың басында республика бойынша 1 миллион 400 мың адамның салықтық берешегі болған. Олардың негізгі борышы 14 миллиард теңгеден асса, өсімпұлдар 6,5 миллиардты құрады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, салық қарызы бар адамдардың саны жағынан шымкенттіктер алда тұр. Одан кейін Түркістан облысы, Жамбыл облысы және Нұр-Сұлтан қаласы келеді.  Берешектің басым бөлігі көлік салығына тиесілі. Одан кейін жер мен мүлік салығы тұр.

Тоқаевтың алғашқы жолдауы

Қыркүйектің басында Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде халыққа алғашқы жолдауын арнады. Өз сөзінде мемлекет басшысы саяси жаңғыруды біртіндеп іске асыратынын жеткізіп, тапсырманы үйіп берді.

Олар:

•2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқарту, ал үнемделген қаражатпен неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыру;

• 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компания қызметкерлерінің санын 25 процентке қысқарту;

• Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру;

• Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту;

• Браконьерлікке қарсы заңнаманы күшейту;

• Сыбайлас жемқорлық үшін бірінші басшысының жауапкершілігін белгілеу;

• 2020 жылдың аяғына дейін әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру;

Тағы оқыңыз: Жаңа жыл – 2020: Тоқаев ең төменгі жалақы мен зейнетақы көлемін бекітті

• Азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту;

• Квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу;

• Микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату;

• 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізуді 2023 жылға дейін шегеру;

• «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қаржыландыру көлемін 20 миллиард теңгеге жеткізу;

• Келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту;

• Жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалануға мүмкіндік беру;

• Тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу.

Тоқаев «халық үніне құлақ асатын үкімет» құру қажеттігіне баса назар аударды.

«Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленді

Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, мәжілістің қарауынан өткізді. Осы құжаттың негізгі бағыттары:

• Халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке үш лауазымдық айлық мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу;

• «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогке 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2019 жылы 2,5 миллион теңгеге тең) біржолғы төлем беру;

• 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету;

• Магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (25 250 теңге) қосымша ақы енгізу;

• Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беру.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын біртіндеп екі есе арттыруды тапсырды. Осылайша, келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі.

Ұлттық кеңес құрылды

Биыл президент жанынан ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа орган билік пен қоғам арасында диалог орнату үшін құрылып отыр. Бұл — консультативтік-кеңесші орган. Оған жастарды қоса алғанда барлық қоғам өкілдері кіреді.

Ұлттық кеңестің қыркүйек айында өткен алғашқы отырысында спикерлер зейнетке шығу жасын қайта қарауды, өлім жазасын жаза ретінде алып тастауды, сайлау заңнамасын реформалауды және мемлекеттік тіл мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды.

Ұлттық кеңес мүшелері үш топқа бөлінді: экономика, саяси модернизация және әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі жұмыс тобы. Ұлттық кеңестің төрағасы – Қазақстан президенті.

Айта кетсек, Ұлттық кеңес отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ үш жиыннан артық отырыс ұйымдастырылмайды.



sputniknews.kz