Танымдық тағылым — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

«Атың барда жер таны,желіп жүріп, асың барда ел таны, беріп жүріп» дейді атам қазақ. Саналы тірліктің бастауы — танымдық тағылымда. Танымдық тәжірибе — дұрыс ғұмыр кешудің арқауы. Қазақ билері осы орайда ненің жақсы, ненің жаман екенін айтып қана қоюмен шектелмейді, қалай дұрыс өмір сүрудің жолдарын, ата баласы болмай адам баласы болудың, халқыңның адал ұлы болудың жөнін үйретеді. Ол үшін ата — бабаның, ескіліктің өнегелі үлгісін, елдің өміршең әдет — ғұрып, салт-санасын, арман-мүддесін, ұстындық қағидаларын ана сүтімен бірге сіңіріп, ғұмыр бойы ақ жолдан, ата жолынан таймай, әділдіктен ауытқымай тіршілік ету керек, дейді қазақтың би — жыраулары. Оқып-тоқу керек. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегенді де айтқан атам қазақ.

Дәстүрлі «не қымбат?», «не арзан?», «не жеңіл, не ауыр?» деген сұрақтарға қазақ билерінің берген жауаптарынан білімге, шымға деген айрықша зейін қойғандығы, тайға таңба басқандай ақтық көрінеді:

…Бала би қартайған шағында халқын жиып:

Жерден ауыр не?

Судан терең не?

Оттан ыстық не?

Көктен биік не? — деп төрт сұрақ берген екен.

Ешкім шеше алмапты. Сонда Бала би өз сауалдарына өзі жауап беріпті:

Жерден ауыр дегенім — ақыл, білім.

Судан терең дегенім — оқу, ғылым.

Оттан ыстық дегенім — фәни жалған, адамның өмірі,

Көктен биік дегенім –  тәкәппарсың көңілі .

Танымның бастауы — өмірлік тәжірибе, дейді казактың би — жыраулары. Өскен ортаның тыныс іс — тіршілігін танып білмей, көңілге тоқымай саналы іс-әрекетке жол жоқ. Стереотипке айналып кеткен нұсқа шөлде жүрген дуадақтың көл қадірін білмейтінін, көлде ұшқан қаз — үйректің шөл қадірін білмейтінін, «тауда жүріп таста өскен, ағайыннан басқа өскеннің ел қадірін білмейтіндігін тілге тиек етеді. Өмірдің мағынасы еліңмен бірге, оның ыстық — суығына төзіп, қайғы — қуанышына ортақтасу болғандықтан, қолыңнан келсе, еліне қарлығаштай қанатыңмен су шашып немесе өнегелі отбасын құрып, халқыңа адал ұрпақ тәрбиелесең жаман болмайды, дейді көнекөз қариялар. Елдің елдігі, ердің ерлігі ынтымақ жолындағы күрестен көрінеді. Дегдарлығың, білімің халық пайдасына жұмсалмаса, ел игілігіне қызмет етпесе, өзі үшін оттаған хайуан сынды болады. Сондықтан да Мұқал деген кісі жас Наурызбай бидің үйіне келіп қонақ болып жатын, қайтарда айтқан екен:

— Ілімің бар екен, жаным,

 Білімің әлдеқалай.

Қағуың бар екен, жаным,

Халқыңа жағуың әлдеқалай.

Айлаң бар екен, жаным,

Халқыңа пайдаң, әлдеқалай.

Жоралығың бар екен, жаным,

Халқыңа қорғандығың әлдеқалай.

Заттың бар екен, жаным,

Халқыңа қымбаттығың әлдеқалай.»

«Тәжірибе негізі — ғылым, даналық негізі — білім»; «ғылым оқумен нәрленеді, оқу тоқумен әрленеді», «Білім мен еңбек, бәрін де жеңбек»; «Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы», «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ», «Өнерді үйрен де, жирен»; «Жігітке жетпіс енер де артық етпейді»; «Сегіз қырлы бір сырлы бол»; «Өнерпаз болсаң арқалан, сен де б;р кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан» (Абай) сынды қанатты сөздер ұрпақ тәрбиесіне, кәсіптік шаруаға, білімге, танымға құштарлық оятады. Әркім өзі қалап алған шаруа тетігін жетік меңгеруі тиіс. Бәріңе бірдей Тойшылық, бәріңе бірдей қойшылық қол емес. Қоғамдағы еңбек бөлісі шаруашылық, ел басқару сияқты істің ыңғайына қарай жүзеге асырылуы тиіс. Бірің қойшы, бірің етікші, бірің тігінші, бірің ақылшы, бірің айқайшы дегендей:

 «Жылқышы жылқыны баққанын айтар,

Қойшы қойына өріс тапқанын айтар.

Түйеші түйесінің шаңдаққа жатқанын айтар,

Аңшы қақпанының шапқанын айтар.

Мерген аңды атқанын айтар,

Саудагер матасын сатқанын айтар — дейді Бәйдібек би Қазақтың тіршілік көзі мал болғандықтан, Шоқан айтпақшы «мал-жаның аман ба?» деп амандасады ғой, баяғы. Қазақ билері де мал баққандікі деп, малшы қауымын қастерлеп өткен. Мысалы, Бәйдібек би:

«Малды жақсы баққаның,

 Өзіңе абырой тапқаның.

Малды жаман баққаның,

Келген бақты қаққаның, — дейді де, нақтылы ақыл айтады:

— Кендірмен байлама:

Жыңғылмен айдама!

Кендірмен байласаң,

Жыңғылмен айдасаң,

Мал әсер деп ойлама!»

Одан да басқа өнегелік сипаттағы «бұлақ көрсең көзін аш, құдық көрсең шегенде, оның басына тал ек» сынды нақыл өсиеттер айтып кеткен екен.

Сол халық қастерлеген малды, яғни қазақ үшін тіршілік көзімен ғылымды салыстырғанда Әзіреті Әлі шешен:

«Малдан ғылым артық. Өйткені, ғылым әулие — әнбиелердің, мирасы, ал мал —  перғауын мен Қарынбайдың мирасы;

Екіншіден, малдан ғылым артық, өйткені ғылым сені сақтайды, ал малды сен сақтайсың;

Үшіншіден, малдан ғылым артық, өйткені ғылымның досы көп, ал малдың дұшпаны көп;

Төртіншіден, малдан ғылым артық, өйткені ғылымды жұмсасаң арта береді, ал малды жұмсасаң, азая береді;

Бесіншіден, ғылым артық, өйткені ғылым атақ алдырады, мал шатаққа қалдырады;

Алтыншыдан, ғылым артық. Өйткені ғылым өзін-өзі асырайды, ал малды бағу, күту керек;

Жетіншіден, ғылым артық. Өйткені ол қиялыңды қамшылайды, шапағат бергізеді, ал мал иесіне сараң деген ат ергізеді;

Сегізіншіден, ғылым артық. Өйткені ол жоғалмайды. Мал — қолдың кірі, өледі, жоғалады;

Тоғызыншыдан, ғылым артық. Өйткені ғылым көңілді нұрландырады, адамға ақыл-ой қосады, ал мал масаттандырады, болған үстіне бола түссе екен деп, дүниеқоңыз етеді;

Оныншыдан, ғылым артық. Өйткені ғылым құдайға зәһат, таупиық, ғибадат қылады, ал мал иесінің көңіліне тәкәппарлық салады», — деген екен.

Әзірет Әлі шешеннің бұл сезіне Саққұлақ би де үн қосады. Мәшһүр Жүсіптің айтуы бойынша, ол сауатты білімді адам болған. Өзі айтқан билік сөздерден езге билер айтқан аталы ойларды үнемі қағазға түсіріп жүгірген. Оған бір Шоқан ғана барып кездескен емес, сол кездің қазақтан, орыстан шыққан, оқыған азаматтары оны кейде іздеп барып, кейде шақыртып алып, кептеген даналы, бағалы сездерін жазып алып жүрген. Мәшһүр Жүсіп езінің Саққұлақпен кездескенін айтып оны аса жоғары бағалайды. Таусылмас қазына еді, дейді. Қайта оралып тағы бір соғудың реті еш келмей қойды, — деп қынжылады Мешһүр Жүсіп. Сол айтқан Саққұлақ Шоқанның сауалына жауап бере отырып, кезі ашық білімді адамның адаспайтынын мәлімдейді. Оның үстіне: «Асылы, ақыл — адамды аздырмайтын ем. Білім — таусылмайтын кен. Адамның басшысы — ақыл, жетекшісі талап, шолғыншысы ой. Жолдасы кәсіп, қорғаны — сабыр, қорғаушысы — мінез» — деп ой тұжырымдайды. Саққұлақ шешен бұл орайда, талай танымдық ұғымдарды зерделей кеткен. Жалпы қазақ билері танымды екі сатыға арнайы бөліп жатпағанымен, оның сезімдік және ақыл – ойлық сатыларын шатастырмайды және де олардың қай — қайсысында шындықты танып-білудің құралдары, қандай дәрежеде, қандай ауқымда — ол мәселе де билер назарынан тыс қалмаған.

Мысалы, сезімдік танымның есіту және көру сынды түрлеріне аса сенім болмаған, сонысына қарамай өтірік пен шынның арасы көз бен құлақтың ара қашықтығы арқылы ажыратылады. Көзбен көріп, қолмен ұстағаның бар нәрсе, ал естігенің өтірік, өсек те болуы мүмкін. Жиренше шешеннен бастау алатын аталмыш пікір барлық қазақ билеріне жұғысты болып, олардың билік тәжірибесінде қолданылатын болғанымен, кейіннен өтірік пен шындықтың ара жігін бұлайша ажырату қарадүрсін және аңғалдану сипатта екендігін де пайымдай бастаған билер шындықтың, ақиқаттың өте күрделі де, жеті қат қыртыстың астында, тереңде, қалтарыста жасырынып жататынына көздері жеткен. Оқу-тоқу, білім алу, ғылым игермек ісінің «инемен құдық қазғандай» машақаты көп, үлкен еңбекпен келетінін әрдайым айтып отыратын қазақ билерінің, мұндай тұжырымды өздерінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп жасағандығы да күмән келтірмейді.

Қазақтың би — жырауларынан қалған танымдық тағылым адамдарды жаманнан сақтандырып, жақсы болуға қосады. Соның үшін жаманның түр-түсін анықтап, тіпті, дүнияуи, пенде ақыл-кеңестер беруден де қашпайды. Бірақ, олардың пайдасы тіпті де жоқ емес, керісінше, «Жал құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз», «Жар басына үй тіке, жар құласа — үй кетер», «Қайтып кірер есікті қатты серіппе», «Білгендерден ғибрат ал», «Жақының үшін жақсының жағасынан алма», «Ақ бөкенім, көп жортпа, алдыңда қазылған ор бар», «Тау берігінде қонысың болсын, іздеген жау таба алмайды», «Ит асырасаң сырттан жи, қой бермейді қорадан», «Өткел өтсең бұрын өт, арты болар бір тайғақ» сынды стереотипке айналған, әрі кейінгі кең ауқымды топшылауларға алғы шарттық міндет атқарып тұрған нақылияттар өз маңызын еш уақытта жоймақ емес.

Қазақ билерінің мұраты — «кәміл адам» тәрбиелеу. Ондайлы дәрежеге жеткен жағдайда халықтың төрт құбылысы түгел болады. Ол үшін жігітке, бірінші — білім керек, екінші — ғылым керек, үшінші — ұғым керек. Сонан соң отты жүрек, батыл тіл керек. Бүкіл орайда, билер көзімен қарасақ «білім» деп ақылды, «ғылым» деп оқуды, «ұғым» деп оқығанды тоқуды пайымдасақ керек-ті. Оның үстіне білгеніңді батыл айтар жүрегің, жеткізе айтар тілің болмаса не пайда?

Қазақ билері үшін «көміл адам» яки «жақсы жігіт» белгісі:

 Жақсы туған жігітті,

Жаным десе жарасар.

Жақсы ұл туған қатынды,

Ханым десе жарасар.

Жақсы туған жігітке,

 Бүкіл елі таласар.

Жаман туған жігіттер,

Қара жолдан адасар.

Арғымақ аттың құйрығы —

Сатса жібек, кессе қыл.

Жақсы жігіт белгісі,

Түзде мырза, үйде құл

 Қошқар болар тоқтының,

 Маңдай жері дөң болар,

Адам болар жігіттің,

Айтқан сөзі жөн болар.

 Би болатын жігіттің,

Төбеде болар жұмысы.

Мерген болар жігіттің,

Жебеде болар жұмысы.

 Батыр болар жігіттің,

Көбеде болар жұмысы…

Қонақжайлық белгісі:

Сырттан келген мейманға,

Сәлем беріп, қол алсаң, —

Бірінші еткен құрметің.

«Түсіңіз » деп, түс беріп,

 Шылбырына оралсаң,

Екінші еткен қызметің.

Есік ашып, енгізіп,

 Көрпе төсеп құп алсаң,

Үшінші еткен құрметің.

Мейман риза ошағы,

 Құрметпен үйге қонғаны.

Кешіктірмей шай берсең,

Ұмыт болар тоңғаны. Т

ысқа шықса қария,

 Қолыңда болса құмғаны.

 Ірікпесең барыңды,

Қонақжайлық солдағы, — деп кете береді. Дүнияуи тірліктің көзқарақты, дұрыс деген нұсқауларын көлденең тартады. «Әділ бидің кегі жоқ, білімді туған жігіттің, әділ биден кемі жоқ» деп және бір кетеді. Сөйтеді де, бұл жалғанда «бар ма мінсіз?» деп:

Ашуға асу берсе,

Алдау мен арбауға ерсе,

 Ақыл мінсіз бе ?

Арамдыққа ұпайы кетсе,

 Ажарға сайып «рахым » етсе,

Әділдік мінсіз бе?

Қайыршыдай қаңғып өтсе,

Бүгін қонып, ертең кетсе,

Бақыт мінсіз бе?

Дәмдендіріп көзіңді қалдырса,

Ұмсындырып мақрұм қалдырса,

Үміт мінсіз бе?

Ақылдың тірегі болмаса,

Алмастай өткір жүрегі болмаса,

 Шешендік мінсіз бе?

Адастырып азапқа салса,

Талапты мұқап, сенімді алса,

Арман мінсіз бе?

Талпынып қанат қақпаса,

Қиыннан қиюын таппаса,

Талап мінсіз бе?’ — деп төпелей жөнеледі қазақ билері, Уақыт оза адамдық мұраттар да өзгеріске ұшырайды, бұрынғы бағалар, пайымдаулар жаңа сипат, жаңа мазмұнға ие болады, Мысалы, бұрын «не алыс?» деген сұраққа «Жер мен көктің арасы» деген жауап болушы еді, енді көрініп тұрған қашықтықтың алысы бар ма, шын алыс білімділік пен надандықтың арасы» деген жауап пайда болады. Танымдық тағылымның, өсиет — нақылдың қайсысы болса да жаман бол демейді, жақсылыққа, ынтымаққа, әділдікке, жомарттыққа, адалдыққа т;б. үндейді. Қазақтың дәстүрлі қоғамы үшін «кәміл адам» болуға қосады.

«Кемел адам» мәселесі Абай шығармашылығының да өзекті арқауы болып табылады. Қазақ билерінің «Атаның баласы болма, Адамның баласы бол» деген нақыл өсиеті Абайға да ой салып, бұл мәселені тереңдете қазып, ілгері дамытуға жетелеген. Соның нәтижесінде негіздемелік ауқымды ахлақи ойлар, танымдық тұжырымдар дүниеге келген еді деп білеміз.

Сыртқы яки тыс дүние — адамдар санасынан тәуелсіз. Ақыл-ой еңбектің жемісі, нәтижесі, объективтік шындықтың туындысы. Түйсіктер сыртқы құбылыстардың бейнесі. Түйсіктер мен ақыл-ой арқылы сыртқы дүниені танып біледі. «Кезбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсыз ұнамсыз қалпыменен, өрнек өз суретіменен көңілге түседі», — дейді де, өзінің қырық бесінші сөзінде: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп», — деп ойын жалғастыра түседі Абай. Біз келтірілген осы үзік ойдан кеп нәрсе аңғарамыз. Біріншіден, сыртқы дүниеге тән қасиеттер адамның түйсігіне тәуелсіз, адамның сезім мүшелері оларды тура өз қалпында бейнелейді, яғни «ұнамды» яки «ұнамсыз» болғандығына қарамай; екіншіден, Абай танымның екі сатысы бар, деп арнайы ой түймесе де, оның сезімдік таным мен ақыл-ойдың ара-жігін ажыратып қарайтындығын көреміз; үшіншіден, ғылымды жанымыздан шығара алмаймыз деген тұжырымы субъективтік идеализмге қарсы бағытталған, бұл жерде Абай танымның объективтік мазмұнына дұрыс меңзеп отыр.

Алайда, Абайдың соңғы тұжырымында пантеистік сарып орын алған, себебі таным иесі «жаратылып», «жасалып» қойған нәрселермен істес болады, ал Абай түсінігіндегі жаратушы күштің кім екендігі белгілі, ол — құдай. Демек, ұлы ойшылдың дүниетанымына қайшылықтар тән екендігін кереміз, әйтсе де материалистік сарынның басым түсіп жатқанын байқаймыз. Абай қырық үшінші сөзінде ақиқаттың өлшемі жөнінде де келелі пікір айтқан: «…Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса жарамайды. Өлшеуін білу — бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құптап, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбас тық  — бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса боғы шығады» — дейді Абай. Әрине, оның бұл пайымдауларының белгілі бір танымдық мағына, маңызы болғанымен, практика ұғымына көтеріле алмаған, жеке бастың тәжірибесіне ынсаптықты жолбасшылыққа алуға қосатын ақыл. Әйтсе де Абай осы орайда сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне айналу заңын атын атап, түрін түстемесе осы заңға тән «өлшем» категориясының мәнін дөп басып айтып отыр.

Адамдардың танымдық қабілеті еңбектің жемісі деп Абай өте дұрыс тұжырым жасайды. Осыған орай, ол адамдардың дене құрылысы мен ақыл-ой арасындағы байланысы туралы ой тербейді: «һәм ма мақұлыққа да қара, өзіңе де қара», — дейді Абай, — жанды бәрімізге де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, осы күнін, үшеуін де ойлап тексереді. Хайуан осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тегіс тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам екі аяғына басып тік өсіп, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм, өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп, бірі қанатына сеніп жүр, бір өзіндей хайуанды құлданарлық лайығы жоқ. Адам өзіне-өзі сенбесе, адамды да хайуан секілді қылып жаратса, ешнәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша шеберлік, мұнша дәрігерлік, бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахият (қабілеттілік — Авт.) ол денеге лайықты келмейді. Қай өгіз шаһар жасап, құрал жасап, неше түрлі сайман жасап сыпайылық шеберліктің үдесінен шығарлық қисыны бар?».

Бұл орайда, Абай еңбек процесінде адамның дене құрылысы өзіне сай, ақыл-ойына сай сәйкестілікке жеткендігін топшылайды, әрі адамзаттың хайуандарды сезім мүшелері арқылы немесе жан иесі ретінде емес, ақыл-ой иесі ретінде ерекшеленетінін атап көрсетпек болған.

Осы ойын Абай жетінші сөзінде былайша жалғастырады: «Көкіректе сәуле жоқ, кеніңде сенім жоқ. Қу көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген.адамның баласы екенбіз». Егер адамның білімге деген құштарлығы қалай да таныта — білсем деген талабы болмаса, оның хайуаннан артық еш жері жоқ, ол тек ғұмыр, тіршілік кешетін, яғни шынайы өмір сүрмейтін адам. Ақиқаттың өлшемі ақыл-ой болып табылады деген Абайға рационализм өкілі деп айдар таққандар жаңсақтыққа ұрынған. Себебі, Абай қоғамдық — тарихи тәжірибені жоққа шығармағанымен ақыл-ойды танымдық өлшем деп дәріптесе, дәріптеген шығар, бірақ ол ешуақытта ақыл-ойды сезімдік танымнан бөліп алып, дербес қарасты оған емес, яғни ақыл-ойды танымның бірден-бір қайнар көзі деген де емес. Абай кейде дуализмге бой ұрады, мысалы, тән мен жанды дербес мәндер ретінде қарастырған кезде. Әйтсе де, оның бұл дуализмі кездейсоқ ұшырасады да, оның дүниетанымдық негізгі қағидаларының біріне айнала қоймайды.

Абайдың материалистік сарыны таным теориясында айқын көрінеді деп жоғарыда айтқан болатынбыз. Ол танымды дұрыс жолға қоюдың нақтылы талаптарын да атап көрсеткен: «…Әуелі — көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде, көргенде ғибраттану керек, көңілденіп, түсініп, ынтамен ұғу керек; үшіншісі— сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарыла ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, бір қайғыға салыну я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді».Алайда, таным мүмкіндіктері де шектеулі. Мысалы, ол өлшеусіз Алла-тағаланы танып-білуге дәрменсіз. «Алла-тағала — өлшеусіз, — дейді, — Абай, — біздің ақылымыз — өлшеулі.

Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз Алла-тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демелік те — ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Ал «бар» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла-тағаланың ішінде…» — дейді.

Абайдың кейде ғылым мен дінді ымыраға келтіруге талпынатынын жоғарыда айтып өткенбіз. Дін адамға Құдай – тағаланы танып-білуге жәрдем беруге тиіс. Құдайдың құдіреті табиғаттың барлық заттары мен құбылыстарына сіңісті болған болса, сол табиғаттың құпияларын зерттеп, танып-біліп, меңгерген адам құдай тәрізді құдіретті болмақ. Өзінің отыз сегізінші сөзінде Абай Құдай – тағаланы ғылыми күшке де теңейді. Демек, бұл орайда, ұлы ақын діни — идеалистік тұрғыдан болса да адамның танымдық құдіретін, ағартушылық идеясының өміршеңдігін паш етеді. ғұламаларды (хакім) көкке көтерген Абай, оларды адамзаттың өміріне жеңілдік әкелетін дүниенің тұтқасы ретінде марапаттайды. Олар — ғылым жолында күнделікті ғұмырдың бар қызығын тәрк етіп, өздерін хақты танып-білуге арнаған қасиетті жандар. «…Хикмет құдайға, — дейді Абай, — пенде өз ақылы жетерлік қадірі ғана арқылы білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойған. Бұлар хәк бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарымен һәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртебеде қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады.

Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді»2. Хакімдер халыққа сіңірген еңбегі үшін о дүниеде пейіштен орын алады, дейді Абай. Демек, әркімнің білімге талаптануы құштарлық іс, тіпті құдай алдындағы пенделік парызы. Ал жалқау, еріншек, өтірікші, өсекшіл, оқуға қыры жоқ пенде тозақ отына күймек. Қожа, молдалар да ақыретте есеп береді. Олардың білім ұрығын сеуіп, адамгершілік жолына түскендерінің еңбегі ескеріледі, ал оңай мал табуға құнығып, қараңғы халықты алдап-сулап дүние жиһандары тозақ отына күйеді.

Міне, ұлы ақын өзінің ағартушылық уағыздары халық санасына жетпеген соң ашынып, құдай қаһарымен қорқытып, білім алуға итермелейді. Оның бұл әрекеті бүгінде тым оғаш көрінуі де мүмкін, алайда өз заманында қалыптасқан мешеулік пен көр білтелік қараңғылық жағдайларында Абайдың басқа амалы қалмағандай да еді.

Оның жаратушылық ісіндегі телеология лық сарынды таным аумағында тұжырымдаған ойларын Шәкәрім ілгері жалғастырған. Атап айтқанда, адамның сезім мүшелері (көз, құлақ, мұрын) белгілі бір мақсаттылықпен жаратылған. «Біз есетінің ақылын, күштің қуатың, ұстаның шеберлігін ісінен танимыз, — дейді Шәкәрім. Ал, адамдардың іс-әрекеті мақсаттылыққа негізделетіні белгілі.

Материализм мен идеализмнің дәлелдерін өзара салыстыра отырып Шәкәрім тарихи танымға нақтылы талаптар қолды:

1. Пікірлерді бағалауда ешқандай беделді ғұламаның ықпалында кетпеу керек. «Пәленше екен» былай айтқан, демек, ол ақиқат шындық деу ғылым жолы емес.

2. «..Ақылдың ноқтасын әбден шын босатып, сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек»

3. «Және өзінің мынау жон дегенін халық алдына салғаны жон. Неге десең, қайсысы болса да әбден сыналып, тазарған соң шын болмақ» .

4. Философиялық дамудағы сабақтастық қағидасын естен шығармау керек. Ешқандай да көзқарас із-түссіз жоғалып кетпейді, қайта уақыт талабына байланысты жаңғырып отырады. Сабақтастық қағидасы жоғарыда айтылған екі бағытқа бірдей тән, дей отырып Шәкәрім философия тарихынан көптеген мысал келтіреді. Айталық, XX ғасырда майсадан 300 жыл бұрын өмір сүрген Демокриттің ілімін қайта жатырып жатқан жоқ па? Оның атомистикасына жаңа киім кигізін, бөркін үкілеп отырған жоқ па? — дейді.

«Әнші, күйші кетсе — дағы,

Ән менен күй баяғы.

Олар өзі өтсе — дағы,

Қалды бөркі, таяғы » — деп келіп, Шәкәрім, — сол сияқты біз де жоғарғы екі сұрауға өткен білімділердің сөзінен қорытып, оның үстіне түңғыш ой деп оз ойымыздан жамау салып, берік жасамақпыз.

Бірақ түңғыш дегеніміз әлдеқашанғы кімнің ойы болып шығатынын білмейміз»  — деген ұйғарымға ойысады.

5. Аталмыш екі қарама-қарсы бағыттардың ешқайсысына да «бүйрек бұрмай», туралықпен олардың ез пайдасына келтірген дәлелдерінің һәммасын қамту қажет; Шәкәрімнің езі осы аталмыш талаптардың барлығын, негізінен басшылыққа алып отырған, онда да, егер материалистік көзқарасқа, оның ғылыми дәлелдемелерін келтіру жағынан сараңдық жасағандығын есепке алмасақ. Бірақ оның көптеген философтар сияқты (мысалы, Гегель) ілгерідегі ілімдерді ез дүниетанымына икемдеп, соның рухына сәйкес бейімдеп, тіпті бұрмалап жатудан мүлдем ада екендігі Шәкәрімнің «Үш анығынан» айқын көрінеді. Алайда, оның спиритуализмге, телепатияға іш тартатындығы да байқалады. Өйткені, «Қш анықтың» тең жартысы сол аталмыш ілімдердің ашқан жаңалықтары мен дәлелдемелеріне арналған Бұл ілімдерге зейінді көбірек бөлгенін Шәкәрімнің өзі де мойындайды, бірақ себебін ашып айтпайды. «Бұл кітапты сөздің түп мақсаты, — дейді ол, — барлықты басқа жаратушыда білім бар ма, жан өлген соң жоғала ма деген еді. Бұл екеуін бар, жоқ деушілердің сөзін білгенімше жаздым. Және жан жоқ деушілерге қарсы дәлел қаланып тұрған магнетизм, спиритизм, телепатия, фахризм, лунатизм, түс сияқтыны көбірек жаздым. Оны көп жазғаным қызықты ертегі айту емес, әр түрінен біреуін көрсетпекпін». Солай — ақ болсын. Бірақ бұл орайда да, «не үшін?» деген заңды сұрақ тумай ма? Егер де бұл аталмыш ілімдердің Шәкәрімнің өз дүниетанымына қатысы аздау болғанда, онда оларға мұншалықты коп көңіл бөлінбес еді. «Қш анықтың» мазмұнына терең үңілген адам магнетизмнің, телепатияның, спиритуализмнің кейде жанамалай, кейде тікелей Шәкәрімнің ұждан туралы ой толғауына игі қызмет етіп отырғанын көрер еді. Жан туралы қарама-қарсы бағыттағы екі көзқарасты ыждағатпен зерделегенде Шәкәрім қанша жерден сыңар езулікке жол бермеген сияқтымын дегенімен оның діни — мистикалық ағымдарға жылы ұшырай қарайтындығы әредік көрініс беріп қалады. Ол үшін, әрине, Шәкәрімді айыптаудың еш жөні жоқ. Өйткені, оз көзқарасына үндес келетін ағымдарға бейтарап қалған ойшыл философия тарихында кездескен емес, мүмкін енді кездеспейтін де шығар. Бұл құбылыс — философияның партиялық сипатымен байланысты нәрсе. Оны философтың әзі саналы түрде мойындауы шарт емес. Ал, Шәкәрімнің материалистік сарынға істеген сараңдығының көрінісі — оның жаратылыстану ғылымдарының қол жеткен табыстарымен етене таныс бола тұра, олардың диалектикалық материализмді жақтайтыны туралы мүлдем ләм-мим демеуі.

Ол аз болса, алғашқы аңғал материалистік көзқарасынан айнып, өсімдіктер, жануарлар дүниесі мен адамдардың күн нұры мен Жер-анадан жаралғандығы туралы өзінін тұжырымына, дарвинизмге қарсы шыққан-ды. Оның үстіне Шәкәрім дарвинизмге қарсы ғылыми дәлелдер келтіріп жатуға әуре болмай-ақ, неміс ғалымы Д. Дотанға сілтеме жасаумен шектеле салады. Бірақ бұл үшін Шәкәрімді кінәлаудың еш жөні жоқ, өйткені қай ойшылдың пікірін құптайтыны хақында әркім де ерікті, демек, Шәкәрім де олардан тысқары емес. Таным, оқу-білім турасында Шоқан мен Ыбырайдың да айтқан ойлары аз емес. Бұл туралы өз кезегінде сөз болады. 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!