Балалар құқығы — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 1-тапсырма. Ой шақыру. Балалар өмірінің әр қырынан слайдты көрсете отырып, әңгіме өткізу.
 
1.    «Бала – біздің болашағымыз» дегенді қалай түсінесіз?
2.    Біздің еліміздегі балаларға қамқорлық жөнінде не айтасыз?

2-тапсырма. Мақалдарға назар аударыңыз.

1.    Бала – бауыр етің.
 
2.    Балалы үй – базар,
         Баласыз үй  – қу мазар.

3.    Ұлы бардың ұрпағы бар (Қазақ мақал-мәтелдері).
 
–    Мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіңіз бе?
–    Өзіңіз тағы қандай мақал-мәтел, қанатты сөздер білесіз?

3-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс.

Жеке меншік мекемелер, қамсыз тіршілік,  кәмелетке жету, қанау, қамтамасыз ету, нәсілі, қанау, қамсыз тіршілік.

4-тапсырма. Мәтінді оқыңыздар.

Бала құқықтарын  қорғау жөніндегі Конвенция
    
      Бұл Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында 1989 жылдың 20 қарашасында қабылданып, 1980 жылдың 2 қыркүйегінде күшіне енді. 1994 жылға дейін Конвенцияны 150-ден астам ел бекітті. Конвенцияны бекіте отырып, «мемлекет баланың немесе оның ата-анасының немесе заңды қамқоршысының нәсіліне, терісінің түсіне,  жынысына,  тіліне, дініне саяси немесе басқа қөзқарастарына, ұлттық, этникалық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүлік иелігіне, денсаулық жағдайына, туылуына немесе басқадай жағдайларына қарамастан»  өз  елінде  балаларға  кең ауқымды азаматтық саяси  экономикалық әлеуметтік және мәдени құқықтар беруге өзіне міндеттеме алады (2/1/бап). Осы Конвенцияның анықтамасына сәйкес «он сегіз жасқа толмаған, оған қолданылатын заң бойынша ерте кәмелетке жету жағдайларын қоспағанда, кез келген адам»  бала болып табылады (1 бап). Конвенцияның негізгі принципі 3(1) бапта баяндалған, онда былай делінген: «Мемлекеттік немесе әлеуметтік қамсыздандырумен  айналысатын жеке меншік мекемелері, соттар, әкімшілік немесе заң органдары болуына қарамастан, балаларға қатысты барлық әрекеттерінде баланың мүддесін барынша ойдағыдай қамтамасыз етуге бірінші кезекте көңіл бөлінеді».
Конвенция жария еткен құқықтардың көпшілігі қолданып жүрген адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарда белгілі бір түрде баяндалғанымен, бұл Конвенция баланы тұңғыш рет халықаралық ұйымдардың қорғауындағы халықаралық субъектісі ретінде бөліп көрсетіп отыр. Конвенция балаларды еш қамсыз тіршілігіне аса қауіп төндіретін әрекеттерден, соның ішінде экономикалық қанаудан, есірткіні заңсыз қолданудан, жыныстық пайдаланудың барлық түрінен және жаман әдеттен, балаларды сатудан қорғауға ұмтылады. Сонымен бірге, ол он бес жасқа толмаған балаларды қатысушы мемлекеттердің қарулы күштер қатарына алынуына тыйым салады.
Конвенция Бала құқықтары жөніндегі комитетті (БҚК) құрады. БҚК жұмысына шолу Бала құқықтары жөніндегі комитеттің баяндамасында берілген.

4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз. 

1.    Тірек сөйлемдерді табыңыз. 
2.    Бала құқықтарын  қорғау жөніндегі Конвенция қашан қабылданды?
3.    Бұл конвенцияда нелер баяндалған?

5-тапсырма. Назар аударыңыз!

Баланың құқықтары

 Баланың отбасында өмір сүруге  және тәрбиелену құқығы
Әрбір баланың мүмкін болғанынша отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзінің ата-анасын білуге құқығы, олардың қамқорлығына құқығы, өзінің мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, олармен бірге тұруға құқығы бар.

Баланың ата-анасымен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасау құқығы
     Баланың ата-анасының екеуімен де, аталарымен, әжелерімен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен қарым-қатынас  жасауға  құқығы бар.  Ата-анасы некесінің бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-анасның бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуі тиіс.
Баланың өз пікірін білдіру құқығы Бала отбасында өз мүддесін қорғайтын кез келген мәселені шешу кезінде өзінің пікірін білдіруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкімшілік                              іс                                                                                                            қарау     барысында тыңдалуға құқылы.

Баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы.
Баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы  бар.                           

Баланың аты мен тегін өзгерту.
Бала дүниеге келген соң өзіне есім алуға құқылы. Бала, соңдай-ақ, азаматтық алуға  және  мүмкіндігі болғанша  өз ата-анасын танып білуге, олар тарапынан қамқорлық көруге құқылы.

 Баланың ұлты

1. Баланың ұлты оның ата-анасының ұлтымен айқындалады.
2. Егер ата-анасының ұлты әртүрлі болса, ол баланың қалауы бойынша оған жеке басының куәлігі немесе паспорт берілген  кезде әкесінің немесе шешесінің ұлтымен айқындалады.

Баланың мүліктік құқықтары

Баланың осы   белгіленген тәртіппен және мөлшерде өзінің ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерінен асырау қаражатын алуға құқығы бар.

 Баланың қорғалу құқығы

Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.
Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ата-анасы (олардың орнындағы адамдар),  ал осы көзделген жағдайларда қорғаншы және қамқоршы орган, прокурор және сот жүзеге асырады.

6-тапсырма.

–    Баланың құқықтарын санамалап айтып беріңіз.

7-тапсырма. Мәтінді оқыңыз. Таныс емес сөздермен  сөздікті  пайдаланып жұмыс істеңіздер. 

Бала құқықтары жөніндегі халықаралық құжаттар
идеяларының тәрбие мазмұнында ескерілуі

       Бала құқықтары, оның өміріне, дамуына, білім алуына, тәрбиесіне қамқорлық қашанда бүкіләлемдік проблема болған. Қабылданған  халықаралық құжаттарда (Бала құқықтары Декларациясы, 1959 ж; Бала құқықтары жөніндегі Конвенция,1989 ж; Балалар тіршілігін сақтау, қорғау және оларды дамыту Декларациясы, 1998 ж; Ымырашылдық принциптері Декларациясы 1995 ж;  Әлем мәдениеті жөніндегі Декларация, 1998 ж.  және т.б.) қоғамда бала құқықтарының үстемдігін, оларда ымырашылдық, басқыншылыққа бармау сезімдерін оятып, тыңдай білу мен зер салуға үйрету қажеттігі жария етілді.  Бұл құжаттарда хатталған бағдармалар  барша  аймақтардағы барлық халықтар үшін теңдей маңызды да олар тарапынан бірдей орындалуы міндетті.
       Аса жоғары педагогикалық маңызға ие болған құжат — бұл Бала құқықтары  жөніндегі Конвенция. Қазақстан Республикасында  бұл Конвенция ресми түрде бекіп, қабылданды. Оның тұжырымдары төрт негізгі талаптарға саяды: баланың тіршілік ету, даму, қорғану және қоғам өміріне белсенді араласу құқықтарын  қамтамасыз ету. Конвенцияда ересектердің балалармен қарым-қатынас жасаудың жалпы адамзаттық мәдениет идеяларының негізіне арқау адамгершілік-инабаттық қағидалары айқындалған. Мұнда барша жұртшылыққа  өзара қатынастар гуманистік негізде құрып, бала тұлғасын құрметтеу және әлпештеу, оның ой-пікірлері мен көзқарастарын қолдап-қуаттау және осылардың бәрін ізгілік тәрбиесінің негізіне қалау қажеттігі жөнінде ұран тасталды.
      Бала құқықтары жөніндегі БҰҰ Конвенциясы тұжырымдарын, Бала тіршілігі қорғанысы мен дамуын қамтамасыз ету туралы дүниежүзілік Декларациясы және оны іске асыру әрекеттерінің Жоспарын орындау мақсатында ҚР үкіметі өз Қаулысын қабылдады. Осыған сәйкес Республикалық Бағдарлама түзіліп, Сара Назарбаева бастаған «Бөбек» қоры және балалар қамқорлығын өз міндетіне алған басқа да қоғамдық мекемелер іске қосылды.
Бала кұқықтары жөніңдегі Конвенция және БҰҰ-ның басқа да тұғырлы құжаттарында жарияланған Ережелердің түпкі мәні — білім және тәрбие толығымен тұлға дамуына, сонымен бірге адамның құқықтарын және негізгі еркіндіктерін құрмет тұтуға бағышталуы.

8-тапсырма. Түсінігіңізді  тексеріңіздер.

1.    Мәтіннен не түсіндіңіздер?
2.    Абзац бойынша сұрақтар дайындаңыздар.

9-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемдерді аяқтаңыздар.

1.    Аса жоғары педагогикалық маңызға ие болған құжат — ……..  .
2.    Оның тұжырымдары төрт негізгі талаптарға саяды: …………   .
3.    Бала құқықтары жөніндегі БҰҰ Конвенциясы тұжырымдарын, Бала тіршілігін қорғанысы мен дамуын қамтамасыз ету туралы ………….. .
4.    Осыған сәйкес Республикалық Бағдарлама түзіліп…………. .
5.    Бала құқықтары жөніндегі Конвенция және БҰҰ-ның басқа да тұғырлы құжаттарында жарияланған Ережелердің түпкі мәні — ……………      .

9-тапсырма. Лексикалық минимум. Мына сөздерге лексикалық түсініктеме жазыңыздар.

Балалар құқығы – 
Қамқорлық – 
Ізгілік тәрбиесі – 

10-тапсырма.  Адасқан сөздерді дұрыс орналастырып, сөйлем құраңыздар.

1.    Әрбір баланың отбасында және тәрбиеленуге құқығы бар мүмкін болғанынша өмір сүруге.
2.    Баланың, құқығы  бар әкесінің атын және тегін алуға ат алуға.
3.    Құқылы бала дүниеге келген соң өзіне есім алуға.
4.    Баланың мүдделерін қорғауға өз құқықтары мен заңды құқығы бар.
5.    Олармен құқығы бар бірге тұруға.

11-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Өздік есімдік. Жалпылау есімдігі.

Жалпылау есімдіктері  бірнеше зат құбылыстардың  жалпылама түрде атау мақсатымен қолданылады. Мысалы: Барлық халық бейбітшілікті қалайды. Мұнда түрлі халықтарды аттарын атап жатпай, оларды жалпылама бір ғана сөзбен (барлық) деп атаған.
Жалпылау есімдігі мыналар: бәрі, барлық, барша, күллі, бүкіл, бүтін, түгел. 
Өздік есімдік әр субъектіні өзгеден бөліп көрсетеді. Өздік есімдігіне бір ғана өз сөзі жатады. Бұл сөз тәуелденіп, 3 жақта жекеше, көпше, сыпайы, анайы түрде қолданылады: өзім, өзі, өзіміз, өздеріміз, өздерің, өздеріңіз, өздері. Өздік есімдігіне септік жалғауы тікелей жалғанбайды. Ол тәуелденіп барып септеледі. 

12-тапсырма. Мәтіннен өздік, жалпылау есімдіктерін тауып, қалай түрленіп тұрғанын айтыңыздар.

13-тапсырма. Бала құқығы  тіркесімен сөйлем құрастырыңыздар.

14-тапсырма. Барлық, бәрі сөздерін тәуелдеңіздер. Тәуелденген есімдіктерді септеңіздер.

Тест тапсырмалары

1.    Бала құқығы туралы Конвенциясын қай ұйым  бекітті? 

А. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы
Б. БҰҰ-ның Балалар Қоры (ЮНИСЕФ)
С. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен  (ДДҰ)
Д. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы

2.    Бала құқығы туралы Конвенциясы қашан қабылданды? 

А. 1989 жылдың 20 қарашасында
Б. 1898 жылдың 20 қарашасында
С. 1989 жылдың 20 қарашасында
Д. 1980 жылдың 2 қыркүйегінде

3.    Өздік есімдігі қай сөйлемде?

А.   Аса жоғары педагогикалық маңызға ие болған құжат — бұл Бала құқықтары  жөніндегі Конвенция
Б. «Бөбек» қоры және балалар қамқорлығын өз міндетіне алған басқа да қоғамдық мекемелер іске қосылды

С. Ережелердің түпкі мәні —  адамның кұқықтарын және негізгі еркіндіктерін құрмет тұтуға бағышталуы
Д. Бала дүниеге келген соң өзіне есім алуға құқылы

4.    Тәуелденіп барып септеліп тұрған өздік есімдігі қай қатарда?  

А.   Баланың осы   белгіленген тәртіппен және мөлшерде өзінің ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерінен асырау қаражатын алуға құқығы бар
Б. Бала     өз ата-анасын танып білуге, олар тарапынан қамқорлық көруге құқылы
С.   Бала дүниеге келген соң өзіне есім алуға құқылы
Д.   Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар

5. Жалпылау есімдігі қай қатардағы сөйлемде?

А. Аса жоғары педагогикалық маңызға ие болған құжат — бұл Бала құқықтары  жөніңдегі Конвенция
Б. Баланың осы   белгіленген тәртіппен және мөлшерде өзінің ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерінен асырау қаражатын алуға құқығы бар
С. Баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы  бар  
Д. Бұл құжаттарда хатталған бағдармалар  барша  аймақтардағы барлық халықтар үшін теңдей маңызды да олар тарапынан бірдей орындалуы міндетті

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.    Бала құқықтарын  қорғау жөніндегі Конвенция қашан күшіне енді?
2.     Бала құқықтары  жөніндегі Конвенция қандай маңызға ие?
3.    Бала құқықтарын қорғау мақастымен Қазақстанда қандай қор құрылды?
4.    Өздік есімдігі дегеніміз не? Өздік есімдігі қалай түрленеді?
5.    Жалпылау есімдігі дегеніміз не? Мысалдар келтіріңіз.

СОӨЖ тапсырмасы: «Бала құқықтарының тапталуы» тақырыбына реферат дайындаңыздар.
 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!