Философия ғылым ретінде — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Философия өзінің мазмұны, түрі және танымдық тәсілдері жағынан әрі дүниетаным, әрі ғылым болып табылады. Қандай да болмасын ғылымның міндеті —  ақиқатты танып-білу. Әр ғылым езіне тиісті салада өзіне тән зерттеу тәсілдерін қолдана отырып, даму заңдылықтарын ашуды көздейді. Әрбір ашылған жаңалық адамзаттың танымдық ауқымын кеңейте түседі. ғылымдағы қол жеткен табыстар, ашылған заңдар тылсым дүниенің тыныс-тіршілігін, қыр-сырын түсініп, оларды адамзат игілігіне жаратуға жағдай жасайды. Әр ғылымның өзіндік зерттеу саласына сәйкес ұғымдар жүйесі қалыптасады. Ғылымдар осыған орай, негізінен, жаратылыстану және қоғамтану ғылымдарына бөлінеді. Әр ғылымның өзіндік пәні болады. Ал, философияның ғылым ретіндегі ерекшелігі — ол табиғаттың да, қоғамның да, ойлаудың да ең жалпы заңдылықтарын зерттейді. Демек, ең жалпы заңдылықтарды зерттеу — философияның пәні боп табылады. Осыған байланысты философия жалқы, жекелеген, ерекше заңдылықтарды зерттейтін нақты ғылымдар үшін жолбасшылық (методологиялық) рөл атқарады және керісінше, жеке ғылымдар философияның дамуы үшін жағдай жасайды, олардың қол жеткен жетістіктерін, ашқан жаңалықтары мен заңдарын философия жалпылық биіктігінен тұжырымдап, болашақ даму үшін соны қағидалар жүйесін қалыптастырын отырады. Ал, философиялық ең жалпы ұғымдар (категориялар) жүйесі қандай да болмасын ғылым үшін жетекшілік рөл атқарады. XIX ғасырға дейін барлық ғылым атаулы философия шеңберінде дамып келгендігі белгілі. Сол себепті философия «табиғат философиясы» деп те, «метафизика» деп те, «ғылымдар атасы» деп те аталып келген. Ал, оның құрамынан, алдымен, жаратылыстану ғылымдары — математика, физика, химия, биология т.б. бөлініп шығып, өз алдына отау тікті. Онан кейін нақтылы қоғамдық ғылымдар өз алдына өмірге жолдама алды. Осы кезде «философия барлық байлығын қыздарына таратып беріп, ақыр — аяғында өзі көшеде қаңғырып қалған ақшалар патшасы сияқты зерттеу пәнінен айырылып қалды», — деген даурықпа сөздер де шыққан еді. Оларға қарсы дау айтқан Ф. Энгельс философияның пәні жойылған жоқ, керісінше, бұрынғы кең ауқымдылығы ықшамдалып, диалектика мен таным теориясы — философияның шынайы өзіңдік зерттеу пәні болып қалды деген-ді.

Тәжірибе көрсеткеніндей, студенттер көбінесе, философияның пәнін оның негізгі мәселесімен шатастырады.

Ф. Энгельс езінің «Людвиг Фейербах және классикалық неміс философиясының ақыры» деген еңбегінде қандай да болмасын философияның ұлы, ең негізгі мәселесі — ойлаудың болмысқа қатынасы туралы мәселе дейді. Философияның пәні туралы әңгіме қозғалса, олда оның нені зерттейтіні туралы сөз болады, ал, философияның негізгі мәселесіне келетін болсақ, ол философиялық ағымдардың ара жігін ажырату үшін, олардың қандай негізгі бағыттарды құптайтындарын анықтау үшін қажет. Философияның негізгі мәселесінің екі жағы болады. Оның бірінші жағын дүниенің алғашқы түпнегізі болмыс па, әлде ақыл-ой ма, табиғат па, әлде сана ма, олардың қайсысы –қайсысынан туындайды деген сұрақтар құрайды. Осы сұрақтарға «…қалай жауап берулеріне қарай, — дейді Ф. Энгельс, — философтар екі үлкен лагерьге бөлінді. Олардың ішінен рух табиғаттан бұрын өмір сүрді дегендері идеалистік лагерьді құрайды да, табиғатты бірінші деп есептегендері материализмнің әр түрлі мектептеріне қосылады».

Философияның негізгі мәселесінің бірінші жағын кейде онтологиялық мәселе деп те атайды. Онтология — дүниенің түпнегізі туралы ілім. Материалисттер бұл тұрғыдан алғанда, сыртқы әлемнің адам санасынан тыс және оған тәуелсіз мәңгі өмір сүретіндігін өздерінің дүниетанымының өзегі етіп алса, идеалистер, керісінше, дүниенің түпнегізі етіп рухты, ақыл-ойды, сананы дәріптейді де, ал материалдық заттар мен құбылыстар олардың жасампаздық құдіретінің жемісі, туындысы іспетті, — дейді.

Материализм де, идеализм де монистік сипатта болады. (Монизм — бір ғана түпнегізді мойындайтын ілім). Алайда, философияда екі бірдей түпнегізді мойындайтын ағымдар да болған, олар дуализм (екі) деген атқа ие болды. Сайып келгенде, дуалистер идеализмге жақындайды. Ал, енді бір философтар материалистік және идеалистік көзқарастарды қойыртпақшы араластырып «жаңа» философиялық дүниетаным қалыптастырдық деп ойлады. Олар «эклектиктер» деп, ал философиялық ілімдері » эклектицизм » деп аталды.

Философия ғылымының тарихында материализм де, идеализм де өзгерістерге ұшырап, жаңғырып, жаңарып, олардың сан алуан түрлері өмірге келді. Солардың ең негізгілерін атап өтейік. Материализмнің алғашқы тарихи формасы — құлдық қоғамдағы анайы материализм. Ол көне Шығыста, Қытайда, Индияда және Таяу Шығыста, Көне Греция мен Римде пайда болып, қалыптасты. Материализмнің келесі тарихи формасы XVI—XVIII ғасырларда, Батыс Европа елдерінде механикалық — метафизикалық материализм ретінде өмірге келді. XIX ғасырдың ортасында диалектикалық материализм және тарихты материалистік тұрғысынан түсіну пайда болып, қалыптасты.

Ал, идеализмге келетін болсақ, оның негізгі тарихи түрлері объективтік және субъективтік болып бөлінеді. Енді олардың мәнін айқындау үшін «объект», «субъект» деген ұғымдардың мазмұнын талдайық. «Объект» ұғымы — адам санасынан тыс, тәуелсіз өмір сүретін заттар мен құбылыстардың жиынтық бейнесі. Демек, объективтік идеализм рухты, ақыл-ойды дүниенің түпнегізі ретінде мойындай отырып, оларды адам санасынан тыс, дербес өмір сүреді деп есептейді. Объективтік. идеализм сайып келгенде, дінмен жақындасады, себебі рухты, оның жасампаздығын әсірелеп құдай дәрежесіне дейін жеткізеді. Ал, «субъект» ұғымы «таным иесі» деген мағына береді. Демек, субъективтік идеализм біздің көзімізбен көріп, құлағымызбен еститін заттар мен құбылыстарды түйсіктерден тәуелсіз өмір сүре алмайды, дейді.

Марксизм классиктерінің пікірінше, қандай да болмасын идеализм адамзаттың күрделі де, бұралаңы да мол танымдық жолының бір иінін бөліп алып, шексіз түзу сызыққа айналдырып жіберген тәрізді, әсірелеп,  дербестендіріп , құдіретті күшке балағандықтың нәтижесінде пайда болады. Ал дін сияқты идеализмді де, үстем тап оз мақсат — мүдделеріне пайдаланады.

Ф. Энгельс өзінің «Людвиг Фейербах және неміс классикалық философиясының ақыры» еңбегінде философиялық негізгі мәселенің екінші жағын да атап көрсеткен. Оны кейде гносеология (таным) мәселесі деп те айтады. Оның мәнісі — дүниені танып білуге бола ма, біздің ақыл — ойымыз шындықты бейнелей ала ма, жоқ па? — деген сұрақтардың мазмұны. Философтардың басым көпшілігі  ( материалисттер мен объективтік идеалистер) бұл сұрақтарға «иә» деп жауап береді. Олар адамзаттың танымпаздық қабілетіне шек келтірмейді.

Ал, адамзаттың танымпаздық қабілетіне шек келтіретін, «дүниені шынайы күйінде танып-білуге болмайды» деп тұжырымдайтын философиялық ағым агностицизм деп аталады. Агностицизм термині гректің «а» — жоқ, «гносис» — білім деген сөздерінен шыққан.

Агностиктердің келтіретін дәлелдері төмендегідей: дүниенің, болмыстың ішкі мәнін танып –б ілуге болмайтын себебі, ол адамдардың сезім мүшелеріне тікелей әсер етпейді, оны көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайды. Ал бізге сезім мүшелеріміз арқылы жететін ақпарат үстірт, жалаң сипатта болады, әрі сезім мүшелерінің ерекшеліктері олардың мазмұнына нұқсан келтіруі мүмкін, деп танымдық қабілетке күмән келтіреді. Мысалы, ауру адамға қанттың дәмі кермек татып тұруы мүмкін, демек тілдің қант туралы ақпараты әр кезде де бірдей бола бермейді, керісінше, таным иесінің көңіл-күйіне, денсаулығына тәуелді дейді. Бұдан шығатын қорытынды — «біз заттар мен құбылыстардың шынайы болмысын танып-біле алмаймыз» саяды.

Ф. Энгельс агностицизмді қатты сынай отырып, «адамзаттың танымпаздық қабілетінің шексіздігін практика мен өндіріс дәлелдейді», — деген-ді. Әңгіме уақытқа байланысты. Бүгінгі біз сырын білмейтін құбылыс ертең-ақ ғылымға белгілі болады. Ф. Энгельс осыған орай, агностицизмнің негізгі қағидасына қарсы ализаринді мысал етіп алды. Ализарин өсімдіктен алынатын бояу екен. Оның өндіру көп қиындыққа, әрі қымбатқа түскен. ғылым оның құрамын анықтап, таскөмірден өндіруге болатындығын дәлелдегеннен кейін, оның әрі жеңіл, әрі арзан тәсілмен, химиялық жолмен өндіре бастады. Демек, ғылым қарыштап өскен сайын, адамзат үшін табиғаттың тылсым күштерін танып-біліп, игеруге даңғыл жол ашыла береді екен. Оған біздің бүгінгі заманғы адамзаттың қол жеткізген табыстары куә.

Ұзақ ғасырларға созылған философия тарихында зерттеудің, танымның бір-біріне қарама-қарсы тәсілдері — диалектика және метафизика қалыптасты. Барлық заттар мен құбылыстардың өзара байланысты екендігіне және олардың үнемі жаңғырып, өзгеріп отыра — тындығына философтардың зер салғанына да мыңдаған жылдар өтті. Бұлай ойлайтындар диалекттер деп аталады, ал олар негізін салған ойлаудың зерттеу тәсілі «диалектика» деген атқа ие болды.

Бұл термин гректің «диалегомай» (пікір таластыру) деген сөзінен шыққан. Ертедегі философтар нақты ғылымдардың даму дәрежесінің әлі төмен болғандығына байланысты дүниенің даму заңдылықтарына (диалектикасына) тереңдей алған жоқ. Олар кезге көрініп тұрған өзгерістер мен қозғалысты ғана пайымдай алды. Көне дәуірлік ойшылдардың бұл салада (яғни, диалектиканы түсінуде) қол жеткен табыстарын жас баланың «тәй-тәй» басқан алғашқы қадамымен салыстыруға болады. Себебі, ол кезең жеке адамның жастық, балалық шақтан өтетіндігі сияқты, адамзаттың сәби шағы еді. Мыңдаған жылдарға созылған ортағасырлық ой тоқырауы кезінде, Диалектика және тіпті жоғарыда көрсетілген аздаған метафизика жетістіктердің өзі де ұмыт қалды. Бұл кезеңде философия шіркеудің күңіне айналған еді. Ғылымға де. ен құштарлық Қайта өрлеу дәуірінде қайта оянды. Бұл істе көне антик алық мәдениет пен Қайта өрлеу дәуірінің арасында дәнекерлік роль атқарған ортағасырлық Шығыстағы араб тілді философияның маңызы ерекше зор болды. (Бұл туралы кейінірек, тиісті тарауда кеңінен сөз етеміз).

XVI-XVIII ғасырларда капиталистік қоғамдық қатынастардың бел алып, жедел қарқынмен дами бастауына байланысты ғылым мен мәдениет өркен жая бастады. Буржуазия, әсіресе, заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен құрылысын зерттейтін нақтылы ғылымдардың дамуына мүдделі болды, өйткені олар капиталистік өндіріс үшін аса қажет еді. Осы кезде физика, механика, астрономия, ботаника мен зоология жедел қарқынмен өсті. Олардың ішінде механика ғылымы үстем болды. Оның қағидалары басқа барлық ғылымдарға күштеп таңылды, соның салдарынан небір қисынсыз тұжырымдар жасалды. Мысалы, адамды күрделі санат механизмі ретінде қарастырып, оны математикалық жолмен зерттеп, танып-білуге болады деп ұйғарылды. Ньютонның ашқан механика заңдарын философияға қолданудың нәтижесінде «әлемді» одан да зор бір күш орнынан қозғап жіберген деген тұжырым жасалынды. Әрине, ондай күш тек құдайда ғана болуы мүмкін. Географиялық жаңалықтар көптеген жаңа білім әкелгенімен жердің жаратылу тарихынан ешқандай ақпарат бере алмады. Ботаника мен зоология ондаған мың өсімдіктер мен жануарларды хаттап, сипаттама бергенімен, оларды әр уақытта өзгермейтін, дамудан тыс құбылыстар ретінде қарастырды. Міне, осының бөрі жиналып келіп, адамдар санасында табиғатта өзгерістер болып жатқанымен олар мәңгі-бақи салынған сүрлеумен, шеңбер бойымен қайталанып отырады деген жаңсақ пікір туғызды. Ойлаудың заттар мен құбылыстарды даму процесінен тысқары алып зерттейтін, олардың бір-бірімен өзара байланысын мойындамайтын тәсілі метафизикалық тәсіл деп аталды. Ол диалектикаға мүлдем кереғар зерттеу тәсілі еді.       Уақытында, заттарды жеке, дербес күйінде зерттеуге капиталистік өндіріс мұқтаж болған кезде, метафизикалық тәсіл пайда келтірген болатын. Әйтсе де, метафизика заттар мен құбылыстарды олардың өзара байланысынан, дамуынан тыс қарастыратын зерделеудің келеңсіз өтетін қалыптастырған еді.

Метафизикалық ойлауына алғашқы соққы берген ойшылдардың бірі И. Кант болды. Ал, алғаш рет диалектиканың барлық заңдарын идеалистік тұрғыдан ашқан жөне оны ғылымға айналдырған ұлы философ Гегель еді. Маркс пен Энгельс Гегельдік диалектиканы материалистік тұрғыдан түбегейлі өңдеп, өрі өз тұстарында ашылған жаратылыстану ғылымдарындағы жаңалықтарды пайдалана отырып, ойлаудың жаңа тәсілі — материалистік диалектикаға айналдырды.

Ол өз кезеңінде табиғаттың, қоғамның, ақыл-ойдың даму заңдылықтарын ашудың, дүниені танып-білудің, игерудің және өзгертудің әмбебап тәсіліне айналды. Ал, метафизикалық тәсіл болса, дамуды тек азаю немесе көбею, сандық өзгерістерді таптаурын жолмен қайталау деп түсінеді. Сондықтан да дамудың себебі, заттар мен құбылыстардан тысқары жақтан ізделінеді. Дамудың қозғаушы күші деп, әдетте, жан иесі немесе жаратушы саналады. Диалектика, керісінше дамудың қайнар көзін қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресінен іздейді. Сондықтан да ол дүниедегі барлық нәрсенің өздігінен қозғалу, даму себебін ашуға, ескінің жойылып жаңаның пайда болуын жан-жақты пайымдауға қосады. Демек, диалектика мен метафизика — ойлаудың бір-біріне қарама-қарсы тәсілдері. Олардың пайда болып қалыптасу себебі дүниенің, оны зерттеуге талпынған танымның қайшылықты санатта болатындығынан келіп шығады.

 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!