Ссудалық пайыздың мәні — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Ссудалық пайыз тауарлары өндіріс жағдайында және қоғамда кредит қатынастары дамығанда пайда болады. Кредит болмаған жерде ссудалық пайыз болмайды.

Ссудалық пайыз кредит сияқты — ссудаға (қарызға) уақытша пайдалануға берілген құнның бағасын білдіретін объективті экономикалық категория. Ссудалық пайыздың мәні мыналарды білдіреді:

а) ссудаға берілген құнды пайдаланғаны үшін төленетін төлемді;

ә) кредитке қосылатын үстемені;

б) кредит берушінің шығындарының орнын толтыру әдістерін.

Ссудалық пайыздың көзіне қарыз алушының кредитті өнімді пайдаланудың нәтижесінде алған пайда жатады. Сол себепті де ссудалық құнды ұсынушы кредит пен оны пайдаланатын қарыз алушының арасындағы экономикалық мүдделердің қайшылығы ұдайы болып тұрады. Бұл қайшылықты шешу процесінде кредитті пайдаланудан түскен пайданы ссудалық пайызға және пайдаға бөлу жүзеге асырылады.

Ссудалық пайызды төлеу қажеттілігі қарыз алушыны ссудалық құнды барынша тиімді пайдалануға, салым капиталында пайданы арттыруға мәжбүр етеді.

Ссудалық пайыз банктің қарыз алушыға кредитті берудегі негізгі мақсаты болып табылады. Ол банктің негізгі табысын құрайды, сондықтан банк пайызды толық алуға мүдделік танытады.

Осы активті пайыздың есебінен пассивті пайыз төленеді (банк өз клиенттеріне ақшаларын банкте сақтағаны үшін төлейді). Активті және пассивті пайыздардың арасындағы айырмашылық банк маржасын немесе банктің таза табысын құрайды.

Ссудалық пайыз бойынша экономикалық қатынастардың өзіндік ерекшеліктері болатындықтан оларды кредиттік қатынастарымен қатар қоюға болмайды. Ссудалық пайыз бойынша қатынас кредиттік қатынаспен шектеліп қалмайды. Егер кредит бастапқы қайтарылымдағы құн қозғалысын білдіретін болса, онда пайыз төлемі баламасыз құнды банкке беруде сипаттайды.

Кредитті пайдаланғаны үшін алынатын пайыз қайтарылмайды, оның сомасы қарыз алушыдан кредит берушіге толықтай өтеді, сонымен қатар кредитті беру барысындағы меншік құқығы сақталып, құн қарызы алушыға уақытша пайдалануға беріледі. Әрі нақты мерзімі біткен соң өзінің заңды иесіне қайтарылады.

Кредит беруші мен ссудалық пайыздың арасындағы экономикалық және құқықтық даму кредиттік келісімге — кредитті қайтару және пайызды төлеу міндеттемелерінде көрініс табады. Кредитке қаражатты аванс ретінде беру тән. Ал пайыз төлемі құн айналымының аяқталуын, пайданың алынуын және кредиттің пайызға ұлғаю мүмкіндігін білдіреді.

Кредит мен пайыз бір-бірінен өздерінің пайда болу көздері бойынша айрықшаланады. Кредит айырбас саласының (қайта бөлу) туындысы болатын болса, пайыз бөлу саласында пайда болады. Бұл арада пайыз кредиттің арқасында ғана пайда болған жоқ. Осы жерде ссудалық пайыз, ол — банк қызметінің нәтижесіне жатпайды, оның шығу тегі өндіріс саласындағы жұмысшылардың еңбегінде жатыр. К. Маркс ссудалық капиталды пайыздың «иррационалды бағасы» — деп атады. «Егер пайызды ақшалай капиталдың бағасы деп атайтын болсақ, онда бұл тауар бағасы ұғымына мүлдем кереғар иррационалды баға формасы болмақ». Пайыздың иррационалдығы мынаған байланысты: баға тауар құнының ақшалай білдірушісі болатын болса, осыған орай уақытша пайдалануға берілетін ақша да баға болып табылады. Екінші жағынан, пайызды шынайы баға деп санауға болмайды, өйткені ол қарыз алушы алған кредит құнының ақшалай көрінісі болып табылмайды, яғни ол ссудаға берілген бастапқы құнның шамасына тең емес.

Ссудалық пайыз қарапайым ұғымында кредитті пайдаланғаны үшін төленетін төлем ретінде болады. Біздің ойымызша, біріншіден, оны кредитті пайдаланудың нәтижесінде қайтадан жасалған құнның бөлігі ретінде, екіншіден, қарыз алушыдан кредит берушіге өтетін кредитті пайдаланғаны үшін төленетін төлем ретінде, үшіншіден, ссудалық қордың қозғалысында кредит берушіні ынталандыратын табыс (ол экономиканың және халықтың кредит алуын өсіруге мүдделі) ретінде қарастырғанда ғана ашылады.

Осылайша, ссудалық пайыздың мәнін талдау ссудалық қордың қозғалысын ынталандыратын және қайтадан жасалған құнның есебінен кредитті пайдаланғаны үшін пайыздық соманы төлеу себептері бойынша пайда болатын кредит берушімен қарыз алушының арасындағы экономикалық қатынасты сипаттауға мүмкіндік береді.

Қарыз алушыға кредит беру белгілі бір қауіп-қатермен, яғни тәуекелдікпен байланысты. Қарыз алушының (заемщик) төлейтін пайызы өзінің банк алдындағы міндеттемесін орындай алмай қалу қаупіне банктің тәуекелділікке барғаны үшін сыйақы деп қарауға болады.