«Ерлі-зайыптылар балалы болған соң бір-бірімен жақындаспайды»: Жапонияда тұратын отандасымыз екі ел арасындағы ерекшелікті атады — Қазақстан жаңалықтары
Мадина Айтжанова — Күншығыс еліне осыдан алты жыл бұрын тілдерді оқып, білікті маман атансам, өзімді дамытсам деген арманмен аттанған қазақстандық ару. Жапондықтардың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне бейімделе білген отандасымыз бүгінде Жапониядағы беделді компанияда сән және сұлулық саласы бойынша рекрутинг кеңесшісі болып жұмыс істейді. Ірі агенттіктер мен компанияларға мамандар жинауға көмектеседі. Ол Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне жапондықтар үшін өмірдің мән-мағынасы неде екенін, бастапқыда ақылға қонымсыз болып көрінген елдің ережелері туралы айтып беріп, жапондықтар туралы көпшілік біле бермейтін деректермен бөлісті.
Мадина Айтжанованың айтуы бойынша, оның шетелде білім алып, ел аралап, көзқарасын кеңейтуде анасының рөлі үлкен.
«Анам үнемі маған Жапония әлемдегі ең керемет мемлекет екенін айтып отыратын. Он сегіз жасымнан бастап жапондықтардың отанында тұрып көрсем деп армандадым. Анам арманымның орындалуы үшін көп көмектесті, батыл қадам жасауыма үлкен үлесін қосты. Қарап тұрсам, менің маңдайыма бұл елде тұру жазылған екен», — дейді Күншығыс елінде алтыншы жыл тұрып жатқан отандасымыз.
Әлем бойынша көптеген адамдарды тамсандырған жапондықтардың өмірі Айтжанованы да таңдай қақтырды. Дүние жүзіндегі озық елдердің қатарына кіретін Жапонияны кейіпкеріміз жаңа қырынан тани түсті. Ұқыптылықты, тәртіпті жаны сүйген азаматтардан кем түспеу үшін ол елдің тұрмысына тезірек бейімделуге тырысқан.
«Бұл елді бір жағынан алып қарасаңыз, дамыған, әлемнің алдында жүргенін түсінесіз, ал екінші қырынан алсаңыз, кей дүниелеріне, Қазақтанның өзінде пайдаланбайтын қызметтеріне таңғалып, «артта қалып қойған ба?» деген ой келеді. Жапондықтардың өмір сүру салтына, әр іс-әрекетінде даналық жатқанын дәріптейтін тұрмыс-тіршілігіне бейімделіп кету үшін мәдениетін «бойымнан өткіздім». Жапондықтар тәртіпке қатты бағынған, тіпті көңіл-көтеріп, қуанышын тойлағанның өзінде шеттен шығып кетпеуге тырысады. Олар өз-өзіңмен және қоғаммен үйлесімдік таба білуді өмір мәні деп түсінеді. Жапондықтарға ережелерді сақтай отырып, тәртіппен өмір сүрген ұнайды. Біреуден асып түсу керек деген ой жоқ. Табиғат, дәмді тамақ өмір мәнін кіргізіп, оларға үлкен қуаныш сыйлайды.
Жапондықтар өз елін қатты жақсы көреді және басқа елге көшіп кетуді ойламайды. Америкада тұрып жатса да, жұмысты өз туған елінен қарастырады. Күншығыс елінің азаматтары тыныш қана өмір сүріп, бір-біріне кедергі келтірмеуге тырысады. Қуанса, біреумен тамсанса, эмоцияларын жасырмайды. Менің ойымша, біз бір-бірімізді көреалмаудың орнына жапондықтар сияқты бір-бірімізге тамсануды үйренуіміз керек», — дейді кейіпкеріміз.
Айтжанованың сөзінше, жапондықтар шетелдіктердің өз елінде жүруне қарсы деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Дегенмен, бұл мемлекетке кез-келген адамды кіргізе бермегендіктен басқа елдермен салыстырғанда Жапония тұйықтау. Егер қазақстандық Күншығыс елінде тұратын болса, тәртіп пен ережеге алғашқы кезде үйрене қоймас. Бірақ Жапонияда күн көріп, тұрып кетсе, басқа елде өмір сүру еш қиындық туғызбайды.
«Қазақстандықтар мен жапондықтардың менталитеті мүлдем ұқсамайды. Бірақ ер адам — отағасы, әйел үйде отыру тиіс», «Ата-ананы сыйлау қажет» деген түсінік-ұғымдары екі ұлттың арасында байланыс барын көрсетеді. Менің ойымша, ата-ананы жапондықтарға қарағанда қазақтар қаттырақ сыйлайды», — дейді ол.
Мадина Айтжанова Күншығыс елінің жұмысқа бар ынтасымен берілуі, отбасылық құндылықтары, махаббатсыз неке туралы сыр шертіп, деректерді айтып берді.
1. Жапонияда адам бір жұмыс орнынан екіншісіне көшу туралы шешім шығармай тұрып, біріншіден өзін емес, қоғамын, қазіргі ұжымын, компаниясын ойлауы тиіс. Жұмыс істеп жүрген жерімде менеджер нашар, өзімді жайсыз сезінемін деп өзін ойлап, кетіп қалуға болмайды. Сондықтан үлкен компанияда жұмыс істейтін адамдар көбінесе бір компанияда елуге толғанға дейін жұмыс істей береді.
2. Үлкен компанияда, үлкен ұжымда жұмыс істейтін, тұрақты жалақылары бар ер адамдарды саларимен деп атайды. Әдетте олар мұндай біркелкі жұмыстан тез жалығып, суицидке көп барады.
3. Қызметкерлер компанияда жұмыс істеген жылдарына байланысты мансаппен көтеріледі. Мейлі, ұжымда мықты әрі жас маман істесің, басшылық оны емес, компанияда он жылдай жұмыс істеген адамды жаңа қызметке тағайындайды.
4. Жапондық қыздар жігіттің әлеуметтік жағдайы жақсы болса, махаббаттың бар-жоғына қарамай оған тұрмысқа шыға береді деген сөздің жаны бар. Себебі, үлкен компанияда жұмыс істейтін ер адамдардың тұрақты жалақылары, компания берген үйі бар. Жапондықтар кішкентай компанияда істеп, кәсіпкерлікпен айналысқанша, үлкен компанияда қызмет еткен дұрыс деп санайды. Сондықтан қыздар мүмкіндікті жіберіп алмай, саларимендерге, яғни қалталы азаматтарға тұрмысқа шығуға талпынады. Бірақ бір-бірін шын жақсы көріп үйленетіндердің саны басымырақ.
5. Қалталы азаматтарға, яғни саларимендерге тұрмысқа шыққан әйелдердің басым бөлігі күйеуінің жалақысын толығымен алып алады.
6. Саларимендердің жанұясында отбасы құндылықтары өте төмен, ал өз күшімен жетістікке жеткендердің жанұясында көбінесе бәрі жақсы.
7. Жапондық әйелдер ер адамдармен салыстырғанда мықтырақ. Бірақ ер адам отағасы, күйеуі жұмыс істейді, әйелі үйде отырады деген жүйе бар.
8. Бұл ұлттың мәдениеті бойынша, әйелінің көзіне шөп салуда еш оғаштық жоқ.
9. Жапондықтар баласы қоғамдық орында тілін алмаса, адамдардың көзінше бас салып ұрмайды, бірақ үн қатса, бірден сөйлетпеуге тырысады. Қазір біз балаға болмайды, олай істеме, бүйтпе деп тыйым салып емес, басқаша тілмен түсіндіруге тырысамыз. Ал олар қатал тәрбиелегенді жөн көреді. Менің ойымша, мұндай тәрбиемен өскен балаға қоғамға бейімделіп кету, батыл қадам жасау қиын болады.
10. Бұл елден ескі, 30-40 жылдық ғимараттарды көрсеңіз, қатты таңғалудың керегі жоқ. Жапондықтар ғимараттың сапасы жаңадан салынғандардан кем түспесе, оны бұзып, қайта салудың қажеті жоқ деп түсінеді. Әдемілік үшін мекемені жаңарту — ақшаны желге шашқанмен бірдей. Сондықтан жапондықтар ақшаны ақсап тұрған дүниеге, мысалы, денсаулық сақтау жүйесіне жұмсау керек деген пікірді ұстанады.
11. Ерлі-зайыптылар балалы болған соң бір-бірімен жақындаспайды.
12. Денсаулық сақтау жүйесі ақсап тұр дегенге негіз бар. Жапондықтардың басым бөлігі менталдық аурулардан көп қиналатыны белгілі. Сондықтан бас ауырса да, іш ауырса да стресс деген желеумен бәріне бірдей дәріні береді. Сондықтан өзім бұл елде ауырмауға тырысамын.
13. Қоғамдық көлікте ұялы телефонды пайдалануға болмайды. Егер пайдаланып, біреумен сөйлесе бастасаңыз, басқа адамға кедергі келтіріп, жеке кеңістігіне кіріп жатырсыз деген сөз. Бұл — мәдениет.
14. Егер бір мекеме, ұйым қызметті дұрыс көрсетпесе, жапондықтың шағымданбай, наразылық білдірмей қалуына құқығы жоқ. Бұл мекеме жұмысын дұрыстамаса, ертең тағы да бірнеше адам зардап шегеді. Сондықтан әр жапондық қоғам алдында жауапкершілігін ұмытпауы тиіс.
15. Жапонияда көшеде танысу, бір адамның бетіне тесіліп қарау — мәдениетсіздік. Егер байқамай қарап қалса, екінші рет қарамауға тырысады. Осыдан оларда бір-бірімен араласу, сөйлесу мен тіл табысуда қиындықтар бар.
Жапондық білім беру жүйесі мықты екені сөзсіз. Тәртіпке бағынған елдің оқушылары бір-бірін мазақтап, ұрып-соғады деген ақылға қонымсыз болып көрінгенімен, шындық. Отандасымыздың сөзінше, мектеп оқушыларының сыныпастарына қатыгездік танытуы бүгінгі күні бұрынғыдағыдай өршіп тұрмаса да, мәдениеттің бөлшегіне айналған.
«Жапондықтардағы білім беру жүйесінде буллинг (ағылшын тілінен аударғанда қорлау, қудалау, мазалау- ред.) бар. Алайда, менің құрбым жартылай орыс, жартылай жапон қызы. Әдетте тек жартылай жапондық ұл-қыздардың мазасын қашырып жіберетін. Ал оған тиісіп, мазалап жүргендер жоқ. Менің ойымша, балалар бір-біріне қатыгездікті ашушаң болғаны үшін емес, бұл — мәдениеттің бөлшегіне айналып бара жатқаны үшін танытады. Жапонияда біреу ерекшеленсе, ол қоғамнан міндетті түрде қысым көреді. Дараланып, бөлек жүргенше оларға жұдырықтай жұмылып еңбек еткеннің пайдасы зор», — деді Мадина Айтжанова.
Отандасымыздың сөзінше, Жапонияның үлкен азаматтары Қазақстанды КСРО-ға мүше болған ел ретінде таниды. Ал жастары Өзбекстанмен шатастырады. Әнші Димаш Құдайбергеновті білетіндер де жоқ емес. Кейіпкеріміздің біздің елді де жақсы таныса, тануға мүмкіндік беретіндей туризм қарқынды түрде қолға алынса екен деген тілегі бар.
Токионың орталығындағы бір бөлмелі пәтердің өзі
500-600 мың доллар тұрады. Қазақстанда бір бөлмелі пәтердің ішіне жуынатын бөлме, ас-үй, балкон кіреді. Ал мұнда бір бөлменің ішіне асүйі мен демалатын бөлмесі жатады. Негізінде үлкен үй, пәтерлерді миллионерлер сатып алмаса, қарапайым адамдар үшін баспананы сатып алған тиімсіз. Банктерінде пайыздық мөлшемелер өте аз болған соң, баспананы несиеге көбінесе шаңырақ құрған, балалы адамдар алады. Сондықтан Токиода жұмыс істейтін адамдардың басым бөлігі қала сыртында тұрады, жұмысқа 1-1,5 сағатта жетеді. Жалақысы тұрақты адамдардың үй сатып алуға шамасы жетеді, ал жағдайына қанағаттанбайтындар пәтерді жалдайды», — дейді Жапониядағы қазақ қызы.
Мадина Айтжанованың Instagram желісіндегі парақшасы: vierrarosa
stan.kz