Ресейде өртке оранған автобустан 48 адамды құтқарған қазақстандық жігіт кейуананы кедейліктен шығармақ — Қазақстан жаңалықтары

0

Былтыр 48 адамды өрте оранған автобустың ішінен алып шыққан Ержан Амарханов бүгінгі күні 90 жастағы семейлік кейуанаға көмектесіп жүр. Бірнеше күн бұрын ол «Фейсбуктегі» парақшасына кейуана тұратын пәтердің суретін жүктеп, өте нашар жағдайда өмір сүріп жатқанын жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Грек-римдік күрестен балалар тренері Ержан Амарханов былтыр Ресейде Семей-Жаңасібір бағыты бойынша жүретін автобус өртке оранғанда 48 адамды құтқарған. Енді ол Семейде өте нашар жағдайда өмір сүретін, тамақ алып ішетіндей қалтасында көк тиыны жоқ апаға көмектесіп жүр. 

«Мен Сахипжамал апамен кейде тамақ ішуге баратын «Парк-сити» сауда үйінде кездейсоқ кездесіп қалдым. Бір жарым ай бұрын сол жерде апаны байқағанмын. Үсті кір, иіс шығып тұрды, киімі де жұпаң-жұпаң, аяғында ерлер киетін үлкен кроссовкілер. Әйел ешкімнен ешнәрсе сұраған жоқ, басқалардың тамақ ішіп жатқанын үндемей қарап тұрды. Көздеріне қарап, жеген асым батпады. Тамақ жейік деп ұсындым. «Кішкене ғана болмаса, балам», — деп жауап берді. Тамақ әкеп бердім. Кішкене ғана жеді, тағы да жегісі келіп тұрғанын сездім. Қайтадан тамақ алып бердім. Ол кісінің интеллигент екені білініп тұрды. Аш екенін көрсетпеуге қатты тырысқанымен қолынан келмеді. Бірнеше күн бойы тамақ ішпегенін айтты. Тамақ салатын әйелдер апаның оларға бұрыннан келетінін жеткізді. Кейде оны адамдар тамақтандырады, кейде өздері ақша жинап тамақ әпереді», — деп жазды Ержан Амарханов. 

Әрі қарай ол апаның үйіне барғанын, кейуананың жалғыз қызы екі жыл бұрын қайтыс болғанын ескерді. Апа кезінде Мәскеуде оқыған екен, зейнетке шыққанға дейін облыстық телевидениеде дыбыс режиссері болып жұмыс істепті. 

Екінші рет апамен Ержан Амарханов Ресейден қайтып келген соң,  сол сауда үйінде досымен бірге қайтадан көріп қалған. Апаны тамақтандырған соң, үйіне дейін апарып тастауды жөн көрген. Алайда, пәтерінің бықсып жатқанын көргенде жаны ашып, міндетті түрде көмектесуге өз-өзіне серт беріпті. 

«Бес жыл бойы жиналмаған қоқыс. Жерде кір көрпе жатты. Шамасы апа оның үстінде ұйықтады. Кіре берісте 5-10 тенгелері бар банкі тұрды», — дейді Амарханов. 

Сахипжамал апамен сөйлесе келе жаттықтырушы оның зейнетақысын Тамара есімді әйелдің алатынын біліпті. Ер адам желідегі парақшасына апаның үйінің суретін жүктегенде Қазақстаннан ғана емес, Ресей, Беларусия, Чечня, Әзірбайжан, Армениядан адамдар қандай көмек керектігін сұрап жазған. 

Жазба авторы Тамара есімді алпыс жастағы әйелдің апаға билік жүргізе алатынына ашынып отыр. Сахипжамал апаның есте сақтау қабілеті өте нашар екен. Ол екі жыл бұрын қайтыс болды деп жүрген қызы алты жыл бұрын дүниеден озған екен. 
Сонымен қатар, Тамара апаға Амарханов оның масқарасын шығару үшін суретті желіге жүктегенін айтып, сөзіне сендірген. Амарханов апаның қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын әкімдікке және прокуратураға да хабарлапты. 
 

stan.kz