Бізге белгілі әрі белгісіз Горький (жалғасы)
Бізге белгісіз Горький
Кеңес Одағы кеңістігінде оның шығармаларының таралымы 242 миллионға жетті. Оның атақ-даңқы тек Кеңес Одағының шеңберімен шектеліп қалған жоқ, ол әлемдік деңгейдегі ең әйгілі, ең атақты ойшыл жазушы боп мойындалды. Алты рет Нобель сыйлығының номинанты болды. Бірақ оған әдебиет саласындағы ең атақты сыйлық бәрібір берілмеді. Комитет мәжілісіндегілердің пікірі бойынша, оған сыйлықтың берілмеу себебі – М. Горький алғашқы кезеңде «анархист» болды, сонан соң большевиктерді қолдады. Онан кейінгі жылдары Аргентинаның ұлы жазушысы Хорке Луис Борхеске де Чилиде Пиночетті қолдағаны үшін берілмей қалды.
Горькийдің бізге белгілі өмірі – айдың бергі жағы, ал арғы жағы қалай? Сол «арғы жақта», яғни оның өмірінде қандай оқиғалар тарихта айтылмай келеді? Сталиннің өзі оны ерекше құрметтеп, Кеңес жазушылар одағын құрып, оны басқаруды тапсырған, барлық жаңа бастамалардың басына үлкен сеніммен қойып, оған адамдық, азаматтық, шығармашылық ерік беріп қойған ұлы жазушы ойламаған жерден неге опат болды? Ең сыйлы, ең абыройлы, ең бай, биліктің ең сүйікті жазушысы болған Максим Горький қай тірлігімен ұлы көсемге жақпай қалды? Мұның ар жағында ұзаққа сермейтін шырмауықтай шатасқан тарих жатыр. Ол шатасқан тарихты Горький замандастарының әр кезде жазып қалдырған естеліктерінен, Горький өмірінің құпия беттерін ашуда ұзақ уақыт тістеп-тырнақтап материал жиып, ол жайлы кітап жазған жазушы, барлау агенттерінің өмірін зерттеуші Геннадий Соколов бізге Горький өмірінің назардан тыс қалып келе жатқан, тіпті белгілі боп келген жайттарды «жеті құлыптың» ар жағында ұстап келген шындықтардың бетін біршама ашып берді. Ол тарихты үш тақырыпқа бөлуге болады. 1. Горький өміріндегі әйелдер немесе махаббат машақаттары. 2. Аңыз бен ақиқат. 3. Шың мен шыңырау.
Горький өміріндегі әйелдер
М.Горький 1902 жылы «Шыңырау» атты атақты пьесасын жазды. Кімде кім оның «Балалық шақ», «Кісі есігінде» деп аталатын шығармаларын оқыған болса, «Шыңырау» драмасындағы оқиғалар автордың басынан кешкен қаңғыбастар мен кедей-кепшіктер өмірінен алынғанын бірден түсінеді. Осы пьеса бойынша қойылған МХТ театрындағы спектакль Максим Горькийдің жеке өміріне айрықша әсер етті. Пьесадағы басты рөлдердің бірі – Наташа рөлін театрдың атақты актрисасы Мария Андреева ойнаған еді. Максим Горький Мария Андрееваның керемет ойынына қатты риза болып, спектакль біткен соң ерекше толқу үстінде актрисаны көзіне жас алып тұрып құттықтайды. Осы сәтті кейіннен актриса былай деп еске алады: «Горький көзінің жасын жасыра алмай маған жақындап келді де, қолымды қысып, ризашылығын білдірді. Мен болсам өзімді-өзім ұстай алмай оны қатты құшақтап, тура сахнада, дуылдап жатқан жұрттың көзінше сүйіп-сүйіп алдым».
Осы сүйіс жалындаған махаббатқа ұласады. Олар жиі-жиі кездесіп тұратын болды. 1903 жылы Андреева темір жол саласында үлкен бастықтың бірі болып істейтін күйеуімен ажырасып, М.Горькийдің азаматтық некедегі әйеліне айналады, оның хатшысы болады. Бұл кезде ол заңды әйелі Екатерина Пешковадан ажыраспаған, ажырасу жайлы ойламаған да еді. Пешкова бұл жайды білсе де білмегендей сабырлы күйін сақтай білді.
Максим Горькийдің жаңа махаббаты оның саяси бағытының кілт өзгеруіне шешуші әсер етті. Мария Андреева жазушы пьесасындағы Наташа рөлін ғана емес, оның саяси көзқарасының жаңа белестерге көтерілуінде де тамаша рөл атқарды. Марияның ықпалымен М.Горький большевиктер партиясының қатарына өтіп, Ленинмен танысады. Олардың махаббаты үш жылға созылып, 1919 жылы араларындағы сезім оты суына бастайды.
Максим Горькийдің Андрееваға деген ыстық махаббаты да, Ленинге деген көзқарасы да суына бастайды.
«Горький өмірінің көкжиегінде тағы бір Мария пайда болды, – деп жазады Геннадий Соколов. – Закревская Беккондорф-Будберг. Оның екінші аты – Мата Хара. Талай елдің агентурасына қызмет еткен әйгілі – Мата Хара. Орыстан шыққан миледи. Жақын араласқан адамдар үшін – жай ғана Мура. Өмірі таңғаларлық фантастикаға толы мейлінше жұмбақ жан. Ол Полтавада, дворян отбасында дүниеге келген. Өзінің Мәскеу генерал-губернаторының жұбайы, кезінде А.Пушкин «мисс Венера» деп атаған Аграфена Закревскаяның шөбересі екенін мақтан тұтатын. Кембридж университетінде оқыған. Өзінің алғашқы күйеуі – Германиядағы орыс елшілігінің хатшысы Иван Беккендорф. Орыс тарихында да бұл фамилия біршама таныс. Пушкиннің әрбір қадамын бақылаушы жандарм Беккендорфтар әулетінің жалғасы.
Ақылы мен парасаты, білімділігімен, сөзшеңдігімен жарасымдылық тапқан Мария Закревскаяның болашағы зор еді. Бірақ 1917 жылғы орыс революциясы оның болашақ өсу жолын біржолата жауып тастады. Украинадағы әке-шешесінің имениесін жаппай бей-берекетсіздік кезінде көтерілісшілер түк қалдырмай өртеп жібереді. Онан соң күйеуінің Эстониядағы имениесі өртке шалынды. Күйеуі Иван Беккендорфты өлтіріп кетеді. Марияның екі баласын гувернантка от ішінен әрең дегенде аман алып қалады. Жесір қалған Мария Ресейге қоныс аударып, ағылшын консулы, бір кездері Кембридж университетінде бірге оқыған Брюс Локкардты тауып алады. Ал Брюс болса, МИ-6 деп аталатын ағылшын агентурасының қызметкері еді. Кездескен сәттен бастап олардың дауылды махаббаты басталып, агент Брюстің махаббаттан басы айналып кеткендей болады. Өзінің күнделігінде агентке тән ұстамдылығынан айырылған Брюс: «Не болғанын білмеймін, менің өміріме ерекше бір сезім араласып, ес-түсімді алып бітті. Ол сезім барлық сезімдерден әлдеқайда күшті, тіпті өмірімнен де қымбат боп барады» деп жазған екен. Бірақ бұлардың бақытты күндері ұзаққа созылмайды. 1918 жылы Петроградта ЧК-ның бастығы Урицкиді жаулар атып өлтіреді, ал дәл сол күні Фанни Каплан Ленинге екі рет оқ атты. Түнгі сағат екіде, елшілердің антикеңестік ұйымының ұйытқысы деген күдікпен Локкардтың пәтеріне чекистер баса-көктеп кіріп, Мура екеуін тура төсекте жатқан жерінен ұстап алып кетеді.
Мураны Дзержинскийдің орынбасары Петерс тергеуге алады. Ол өзінің көңілдесінің шпиондық әрекеттерінен мүлдем бейхабар екенін дәлелдеп шыққан соң Петерс оны босатып жібереді. Ұзақ уақыт бойы ерлі-зайыптылардай бірге өмір сүріп келген адамның кәсібі мен іс-әрекеті жайлы мүлдем бейхабармын дегеніне сауысқаннан сақ, борсықтай күдікшіл атақты чекист қалайша оның сөзіне оп-оңай сеніп, босатып жібере қойды? Өзінің кінәсіз екеніне сендіріп қана қоймай, түрмеде жатқан көңілдесін де бостандыққа шығарып алуына қандай дәлелдер себеп болды? Әрі-беріден соң ол «күйеуі» екеуі Стокгольмге кетіп, сол жақта заңды отбасын құруға тілек те білдіреді. Бірақ Петерс оның тілегін жартылай орындап, көңілдесін шетелге жібереді де, өзін Ресейде қалдырады.
Чекистер де оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Петерстің жоспары әріде жатыр еді. Ол Марияны Кеңес агентурасына қызмет етуге мәжбүрледі.
Осыдан соң Кеңес агентурасына қызмет етуге кіріскен Мария Закревская Еуропа мен Латын Америкасын шарлап келіп, Максим Горькийдің ұйымдастыруымен ашылған «Әлем әдебиеті» деген баспадан бір-ақ шығады. Демек, Кеңес өкіметінің сақшылары Максим Горькийдің қызметін бақылауға алуды жөн көріп, ондай аңдушы үшін бірден-бір қолайлы адам Марияның кандидатурасы деп шешсе керек.
Сөзге ашық, білімді, эрудициясы жоғары Мария Закревская Горькийге бірден ұнай кетеді. Ұнай кету былай тұрсын, махаббаттан аузы күймейтін Мәкең (Максим) оны ұнатып қалады. Кеңес Одағының аса көрнекті ақыны Корней Чуковский бұл сәтті былай деп еске алады. «Бір таңғаларлығы сол, Максим Горький ешқашан оған арнайы қарап сөйлемесе де, барлық сөзін Марияға тигізіп айтатын. Ондай кезде ол ерекше тапқыр, ерекше шешен, үлкен бір тойға дайындалып жатқан гимназистердей сүйкімді көрінуге тырысатын».
Көп ұзамай Мура Максим Горькийдің тікелей әдеби хатшысы, аудармашысы, азаматтық әйелі боп, оның Петроградтағы кең сарайдай үйіне көшіп алды. Пролетариаттың ұлы жазушысынан оның нақсүйері 24 жас кіші болатын.
«Дәл осы кең сарайдай пәтер Горький өмірінде келеңсіз бір оқиғаның куәсі болды, – деп жазады жазушы өмірінің агентурамен байланысты жағын мұқият зерттеген Геннадий Соколов. – 1920 жылы Ленинмен кездесу үшін Мәскеуге Англияның атақты фантаст-жазушысы Герберт Уэльс келген болатын. Оның «Уақыт машинасы», «Көрінбейтін адам», «Әлем соғыстары» атты романдары Кеңес Одағында кеңінен белгілі еді. Петроградта ол өзінің ескі досы М.Горькийдің үйінде тұрды. Ұйқысы қашқан Уэльс түнде тұрып, кең бөлмелерді аралап жүріп, адасып кеткен адамдай Мура жатқан бөлмеге «абайсызда» кіріп кетеді. Таңертең қызғаншақ Горький ол екеуін төсекте жатқан жерінен ұстап алады. Ал Мура болса аспай-саспай, жайбарақат қана: «Алексей Максимович, сіз ойлаңызшы! Тіпті махаббатқа тоймайтын әйел үшін бір сәтте екі бірдей атақты жазушымен бірге болу тым көптік қылмай ма?! Оның үстіне, Герберт сізден үлкен ғой!» Шындығында Герберт Уэльс Горькийден екі-ақ жас үлкен болатын.
Герберт Уэльс пен баронессаның кездесулері араға жылдар салып жалғасын тауып жатты.
Орыс миледиінің ер адамның басын шыр айналдырып алатын ерекше қасиеті барын замандастары таңғалып еске алып жүретін-ді. Ол көз тартатындай сұлу да емес. Бернард Шоудың жазуы бойынша: «Герберт Уэльс есі ауып, ауруға шалдықты – ол баронесса Будбергтің арбауына шыға алмастай боп шырматылды». Герберт Уэльстің өзі күнделігіне ол әйел жайлы былай деп жазған: «Ол 43 жасқа толды. Бурыл шаштарына ақ шаш араласа бастаған, уақыт өте толық әйелге айналар белгілері бар. Әйтсе де, көп әйелдермен қатар қойғанда, ол өзгелерден ерекше көрінетін. Ал суретіне қарасаң алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Кәдімгі мұрны таңырайған, жас кезінде кеңсірігін сындырып алғандықтан пұшықтау боп көрінетініне қарамастан оның еркек атаулыны өзіне тартып тұратын құпия магнитизмі бар секілді».
Сонымен Ленинге жолығып болған соң Горькийдің таза сезіміне тозаң түсіріп, Герберт Уэльс еліне қайтты. Еліне бара салып, «Россия во тьме» деген очеркін жариялады.
М.Горький Мурамен қалды. Арада біршама уақыт өткен соң екеуі Германияға, сонан соң Италияға аттанды. Мура болса жазушының қаламақысын реттеумен, шетелде оның кітаптарын шығару ісімен белсене шұғылданды. Батыста Горький шығармалары бұрқырап шығып жатты. Ол Мураны бұрынғыдан да жақсы көре түсті. «Клим Самгиннің өмірі» атты атақты романын Мураға арнады.
Италияда жүргенде М.Горький көп ретте жалғыздықта өмір сүрді. Мура болса баспа ісімен айналысуды сылтауратып, Еуропаның басқа елдеріне жалғыз өзі жиі-жиі аттанып кете беретінді шығарды.
«Сіздің келетін күніңізді есептеумен уақыт өткізіп жүрмін. Сіз есіме түскенде, ұят та болса айтайын, өзімді 25 жасар жігіттей сезінемін. Бұлай жазу ыңғайсыз-ақ, бірақ амал қанша, менің ішкі сезімім осылай» деп Мураға жиі-жиі хат жазса, Мура оған: «Сіз менің өмірімнің қуанышысыз. Менің жан дүниеме сіз ғана керексіз. Мен, міне, отызға келдім. Кинематография әлемінде кинематографиялық адамдардың түр-түрімен кездесіп жүріп, ақырында сізді таптым. Осы үшін Құдайыма разымын, өйткені мен Құдайға сенетін адаммын, ал сіз, Құдайға сенбейсіз».
Ол Англиядағы балаларына баруды сылтауратып Лондонда көп болатын. Ал шындығына келгенде, ол сыртқы барлау жұмысымен айналысатын. Оған Британ барлау агенттігінің 1936 жылғы 5 мамыр айындағы мынадай ақпарат дәлел. «Агентуралық мәлімет бойынша, Лондонда тұрып жатқан ресейлік эмигрант Мария Будберг 1918 жылдан бері Кеңес агентурасына қызмет ететін адам. Ол НКВД-ның бастығы Ягодаға тікелей бағынышты». Ал Кеңес жағы болса Мураны ағылшындардың агентурасына қызмет етіп жүр деген күдікте болды, өйткені ол бір кезде Мурамен азаматтық некеде бір үйде өмір сүрген Локкардпен кездесіп тұратыны жайлы мәліметті жақсы білетін еді. Шынтуайтына келгенде, Мура екі жаққа да бірдей қызмет етті. Ал оның ең басты міндеті – шетелде жүрген революция дауылпазының өмірін бақылауда ұстау болатын. Оны әрине Горький сезген жоқ. 1933 жылы сол дауылпаз Кеңес Одағына қажет болды. Пролетариаттың ең атақты жазушысының фашистік Италияда ұзақ өмір сүріп жатқаны Кеңес Одағының басшыларына ұнамады. Оның тез арада елге оралып, кеңестік өмір шындығын асқақ үнмен бар әлемге паш ететін шығармалар жазуын талап етті. Сталин мен Ягоданың тапсырмасы бойынша, Мура Максим Горькийдің елге оралуы қажет екеніне көзін жеткізе білді. Жастайынан өкпе ауруымен ауыратын, денсаулығына өте қолайлы боп көрінген Италияның Сорренто қаласында біржола қалуды ойлап жүрген ол, туған-туысқандарының да оның Кеңес Одағына қайтып келуіне қарсы екеніне қарамастан, елге оралуға шешім қабылдайды. Сталиннің тапсырмасы бойынша, Мура жазушы шығармаларының шетелде басылуы сиреп, қаламақысы азайып бара жатқанын, ал Кеңес Одағында оны үлкен құрмет, фантастикалық қаламақы, қысқасы, жазушыға қажетті барлық жағдайдың жасалатынын айтып, ақыры көздегеніне жетіп тынды.
Максим Горькийді, шын мәнінде, Кеңес Одағында ерекше ықыласпен, зор қошеметпен күтіп алды.
Ал Мура болса елге оралмай Англияға, Герберт Уэльске аттанды.
Елге келген Горькийдің саяси көзқарасы өзгеріп сала берді. Бұрынғы достары Бухарин, Рыков, т.б. ұсталып кетіпті. Шетелден келген соң «Италия әсерлері» атты кітабын жарыққа шығарған соң, «Кеңес шындығын асқақ үнмен» жырлайтын шығармалар тудырмай-ақ қойды. Сталиннің өзі күткендей, ұлы көсем жайлы көркем дүние жазудан бас тартты.
1936 жылы чекистер Сталинге Горький күнделігінің көшірмесін әкеп көрсетеді.
(Жалғасы бар)
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы