Қазақстандық оқушы шетелдік емтиханнан ең жоғары балл жинады

0
Қазақстандық оқушы шетелдік емтиханнан ең жоғары балл жинады


Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ақназар Қажымұрат ACT (36 балдан — 36) және  SAT Subject Test (2400-ден 2400 балл) халықаралық емтихандарынан максималды балдар жинады.

Бұл туралы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Facebook-тегі парақшасында хабарланды. ACT (Americian College Testing) емтиханын АҚШ оқушыларының басым көпшілігі жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырады. Беделді оқу орындары ACT-дан 30-36 ұпай жинаған түлектерді қабылдайды. Америкада тест тапсырғандардың 0,1% ғана барлық 36  сұраққа дұрыс жауап берген.

Ал басқа елдерде аталмыш емтиханды жүз пайыз мүдірмей өткендер саны саусақпен санарлықтай. ACT-ның орта композиттік ұпай көрсеткіші — 21,1. Ал SAT Subject Test емтиханы әдетте, АҚШ-тың беделді оқу орнына түсу үшін белгілі бір профильді пән бойынша тапсырылады. Тест оқушының бес бағыттағы білім деңгейін (өз таңдауы бойынша) анықтауға бағытталған.

Ақназар математика, физика, биология пəндерінен тест тапсырып, əр пəннен ең жоғары 800 ұпайдан жинаған. Бұдан басқа, оқушының IELTS халықаралық емтиханынан алған нəтижесі 8,0 көрсетті. Ақназардың бірегей нəтижелері оның əлемнің үздік университеттеріне түсуіне жол ашады. Зияткерлік мектептің болашақ түлегі оқуын Гарвардта жалғастыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қабылдау комиссиясының шешімін күтуде.

Бүгінде Ақназардың есімі жас таланттардың арасында кеңінен танымал. Оның дипломдары мен медальдарынан коллекция жинақталған. Олардың арасында Жəутіков жəне Эйлер олимпиадаларынан,  Новосібір, Қытай жəне тағы басқа жарыстарда алған марапаттары бар. Ақназар ғылымның кез келген түрінен сирек кездесетін талантқа ие. Бейжіңде өткен S.-T Yau High School Science Awards атты əлемнің күрделі олимпиадасындағы жеңісі оның математикадағы қабілетінің жоғары екенін дəлелдеді.

2017 жылдың жазында Индонезияда физикадан өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық вундеркинд тағы да жеңіске жеткен еді. Биыл ол APHO 2018 19-шы Азия олимпиадасында алтын жүлдеге ие болды. Ол кезде Ақназар марапаттау салтанатына бара алмады. Себебі, ол АҚШ-тағы Intel ISEF-2018 оқушылар арасындағы ғылыми жобалар сайысына қатысып жатқан еді. Сондай-ақ, ол осы жылы Тайландта өткен Жер туралы ғылым IESO 2018-де күміс жүлдені иеленді. Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы математика бойынша ғылыми еуропалық конгрестердің, симпозиумдардың қатысушысы.

Дереккөз: ҚазАқпарат