Қазақстан – oртақ мұраның сенімді мекені
Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өзінің ой-пікірін ортаға салды: «Заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру, «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау қажет. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс».
Бұл мақалалардағы тезистер күллі түркі әлемі үшін ұлттық сана-сезім және даму тұжырымы іспетті теориялық мұра. Ұлттық сана-сезім, мемлекеттегі барлық халықтар арасында бірлік-ынтымақтың сақталуы, ғылым, өрлеу және даму – Қазақстан мемлекеті үшін зор басымдыққа ие бағыттар. Н.Назарбаев басшылығындағы бауырлас ел үкіметінің мақсаты – 2050 жылға дейін әлемнің экономикасы дамыған 30 елінің қатарына ену. Сол себепті жанармай-энергетика, туризм, сауда, білім, денсаулық, көлік және логистикамен бірге негізгі сегіз бағыт бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ел тәуелсіздігінің 27 жылын талдап қарастыратын болсақ, Президент Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы қиыншылықтарға толы және ауыр кезеңінен мемлекетті абыроймен алып шықты. Енді Қазақстанның өтпелі кезеңнен өтіп, жаңа бағдарламалар арқылы өзіне жаңа мақсаттар белгілегенін нық сеніммен айтуға болады.
Қазақстан дамуының негізі
Негізінде Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ аймақтық геосаяси күшке айналу үшін қажетті барлық әлеуетке ие: алып территория, табиғи ресурстар, саяси, әскери, экономикалық, ғылыми және мәдени әлеует. Ойды мазалайтын бір ғана жайт – аталған факторлардың әрбіріне тікелей байланысты адами ресурс тапшылығы мен ұлттық кадр мәселесі. Президент бұл мәселенің шешімі білімде екендігін болжай отыра, өте көреген қадам жасап, 1993 жылы ТМД мемлекеттері арасында алғаш болып мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мыңдаған қазақ жасын дамыған білім мен басқару жүйесінің тәжірибесін үйрену үшін дүниенің төрткүл бұрышына жібере бастады.
Бұл бағдарламаларды тәмамдаған ұлттық кадрларды енді мемлекет басқаруының барлық сатыларында кездестіруге болады. Өткен жылы Халықаралық оқушылардың білім жетістіктерін бағалау қауымдастығы рейтингінде кейбір пәндер бойынша орта білім саласында Қазақстанның көптеген дамыған елдерден озып, алғашқы ондыққа кіргені кездейсоқтық емес. Сондай-ақ дүниежүзілік бәсекеге түсе алатын жоғары оқу орындары ашылды.
Әрине бұл жетістіктерге Н.Назарбаевтың білім саласын стратегиялық басымдық етіп алуына байланысты қол жеткізілді. Өйткені ұлан-байтақ жері бар және табиғи ресурстарға бай бір мемлекетте адам ресурстарының тапшылығы мәселесін шешудің ең тиімді жолы – білім және мемлекеттік аппаратта басқару қабілеті бар кадрларды қамтамасыз ету.
Демографияның теңестірілуі, елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі, Ата Заң мен саяси құрылымның этностықтан гөрі территориялық негізге сәйкес құрылуы, білімде ұлттану саясаты мен қазақ тілін көбірек қолдану болды. Жаңа елорда – Астананың тұсаукесер салтанатына қатысқан Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев бұл оқиғаны «Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістігі» деп атап көрсеткен еді. Бұл батыл тарихи-саяси қадам жалпы мемлекеттің демографиялық құрылымын өзгертіп, мемлекетті біржақты емес, көпжақты дамуға алып келді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиясын қабылдау арқылы ұлттық мемлекеттің құрылысында жүйелі тәсіл көрсете білді. Стратегияның негізгі мақсаты жаңа мемлекеттің құрылысы болатын. 2013 жылы Назарбаев халыққа Жолдауында «2030 Стратегиясының» мақсат етілген уақыттан бұрын аяқталғанын, жаңа мемлекеттің құрылғанын алға тартып, «Қазақстан-2050» стратегиясын жария етті. «Қазақстан-2050» стратегиясы ұлттық қауіпсіздік, экономика, әкімшілік басқару, білім, денсаулық және инфрақұрылым салалары үшін «жол картасын» белгілеумен қатар, Қазақстанның ұлттық бірегейлік мәселесі немесе ұлттық бірегейліктің қалыптасу үрдісінің әлі аяқталмағанын көрсететін тіл саясатын да негіз етіп алды.
«Қазақстан-2050» стратегиясы қазақ тілінің барлық салада ықпалды түрде дамытылуын және 2025 жылы латын әліпбиіне көшуді мақсат етеді. Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның жаһандық ұстанымына және түркі әлемімен интеграциясына оң әсер етеді. Енді Қазақстанда барлық этностық топтардың басын қосатын, бірақ өзінің тарихи және мәдени кодтарын ұмытпаған қазақ болмысы қалыптасып келе жатыр. Бүгінгі күні тарих, тіл, дін, демографиялық факторлар арқылы қалыптасқан Қазақстан бірегейлігі этностық ұлтшылдықтың орнына көпмәдениеттілік, мәңгілік мемлекеттілік элементтерін бойына жинақтайды.
Қазақстан аталған Стратегия негізінде 2050 жылы ұлттық мемлекеттің құрылысын толық аяқтаумен қатар, Орталық Азия, жаһандық және өңірлік ойыншылар үшін зор маңызға ие болады.
Tүркі әлеміндегі интеграцияның архитекторы
Нұрсұлтан Назарбаев ортақ құндылықтары бар түркітілдес мемлекеттер арасындағы интеграцияны нығайту үшін маңызды бастамалар көтеріп, түркі әлемінің лидері миссиясын абыроймен жалғастырып келеді. Ол – түркі интеграциясын жүргізетін Түркі кеңесі, ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, ТҮРКСОЙ тәрізді ұйымдарды құру идеясының негізгі авторларының бірі.
Қазір Қазақстан Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі ұлан-ғайыр аймақтағы рухани мұраны жаңғыртуды мақсат еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда.
Қазақстан 2012 жылдан бастап жалғасқан талқылаулардың нәтижесінде 2017 жылы жаңа әліпбиге өту жөнінде шешім қабылдады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2018 жылдан бастап оқу-әдістемелік құралдар мен мамандар дайындалып, 2025 жылы латын әліпбиі толығымен қолданылатын болады. Мемлекет басшысының ресми газетте жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да белгіленгендей, Қазақстанның латын әліпбиіне өтуінің терең логикалық мәні бар.
Негізі Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі қырғыз, татар, башқұрт, қарашай, құмық, ноғай және басқа да түркітілдес халықтардың әлеуметтік өміріне өзінің оң әсерін тигізері анық. Себебі латын әліпбиі – ғылымға негізделген интеграцияға қарай апаратын жолдың алғашқы баспалдағы.
Сонымен қатар барлық түркітілдес мемлекеттердің латын негізді әліпбиге өтуі кейін ортақ әліпби идеясының жүзеге асуы үшін де маңызды қадам. Ортақ әліпби негізінде қазақтардың әзербайжан тілін, әзербайжандардың өзбек тілін, өзбектердің түрік тілін үйренуі жеңілдейтін болады. Ал бұл өз кезегінде алып аймақта еркін түрде жүріп-тұруға, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және мәдени ықпалдасу үшін негізгі рөл ойнаумен қатар, ақпарат алмасу, ғылым, білім және басқа да іргелі салаларда интеграцияны жылдамдататын болады.
Бұл тұрғыдан ортақ әліпби – біртұтас ақпараттық алаң үшін де маңызды фактордың бірі.
Tүркі әлемінде біртұтас ақпараттық алаңның орнатылуы бағытында маңызды қадам, еш күмәнсіз, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде алға тартылған ортақ түркі телеарнасының құрылуы бастамасы. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының 2014 жылы Бодрумда өткен саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түркітілдес мемлекеттердің ортақ телеарнасының құрылуы бастамасы қорытынды декларацияда айтылды. Кеңестің V саммиті «Медиа және ақпарат саласындағы ынтымақтастық» тақырыбымен Астана қаласында өтті. Осы саммитте түркі әлемінде интеграцияның тереңдетілуі үшін «ортақ түркі телеарнасын» құру керектігі кезекті мәрте тілге тиек етіліп, бұл бағыттағы қажетті шаралардың жүзеге асуы үшін саяси ынта-жігер көрсетілді.
Tүркі кеңесінің Қырғыз Республикасының Шолпан ата қаласында өткен кейінгі саммитінде интеграция үшін негізгі факторлардың бірі – ғылымның дамуы, ғылыми байланыстардың тереңдетілуі тұрғысынан Халықаралық Түркі академиясының рөліне жоғары баға берілді.
Биыл Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи атауының қайтарылуы бағытында маңызды шешім қабылдап, Түркістан ұғымын түркі әлемімен қайта қауыштырды. Президенттің осыған байланысты қарары Түркістан ұғымының ұлттық сана-сезімде қайта оянуының рәмізі болумен қатар, аймақтың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамуына да тың серпін беретін болады. Қытайдан Еуропаға дейінгі жол тораптары мен Жаңа Жібек жолы бойында орналасқан Tүркістан түркі әлемінің рухани орталығы миссиясын да қайтадан жаңғыртатын болады. Н.Назарбаев бұл шешімге қол қойғанда оның тарихи маңызына назар аударып, Түркістан облысының ғасырлар бойы Қазақ хандығы мен күллі түркі жұртшылығының саяси және рухани өмірінің негізгі орталығы екендігін атап көрсетті.
Бейбітшілік елшісі
Кейде көшбасшылар үлкен саяси ептілік, тәжірибелік және лидерлік қабілетімен өте қысқа уақытта мемлекеттің келешегі мен тағдырын белгілейтін шешімдер қабылдауға мәжбүр болады. Бұл тұрғыдан Н.Ә.Назарбаев жаһандық көлемде үлгі боларлық саяси қайраткердің бірі ретінде қабылданады. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап бүгінге дейін тікелей немесе жанама түрде өзіне әсер ететін шиеленістердің шешілуінде «қатысушы тарап» болып келді. Алайда бұл қатысушылық рөл негізінде «қайшы тарап» емес, барлық жағдайда да бейбіт өмірге жетелейтін әділет жақтаушысы мен дәнекершілік бастамаларының ұйытқысы саналады. Бұл миссияны атқаратын Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ресей мен Украина шиеленісінде, Ресей мен Түркияның келіспеушілігінде, Сирия қақтығысында да дәнекершілік бастамаларымен Армения-Әзербайжан, Таулы Қарабах жанжалында әділетті жақтап, «бейбітшілік елшісі» ретінде зор ынта-жігер көрсетті.
Армения Кеден одағына қосылып жатқанда Елбасының Әзербайжанның территория тұтастығын сақтау шартын алға тарта отырып, тағы бір мәрте әділетті жақтағандығын әзербайжан халқы үлкен ризашылықпен еске алады. Қазақстан Президенті: «Егер барлық сауда мәселелері шешілетін болса, онда ТМД елдері таныған Армения шекарасы шеңберінде (Кеден одағына) кіре алатынын Армения президенті білуі керек» деген болатын. Əрине бұл көзқарас Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл әрі әділетті ұстанымының көрінісіндей барша түркі жұртшылығының бірлігін сипаттайтын үлгі боларлық қадам тәрізді есте қалды.
Қазақстан Президентінің саясат философиясы өте айқын: қалыптасып жатқан жаңа халықаралық байланыстар жүйесінің негізі – үйлесімділік принциптеріне және әділетке негізделіп, дүние жүзі ядролық қарудан бас тартып, жаңа экономикалық жүйе, ұлттардың жаңа одағы құрылуы тиіс. Қазақстанның екі жылдық мерзімге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жұмыс істеуі де дүниежүзінің Президент Н.Назарбаевқа деген сенімінің көрсеткіші болып тұр.
Көпмәдениеттілікті мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының басымдылығы деп жариялаған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Елбасы Н.Назарбаевтың бағдарлары мен көзқарастары толықтай сәйкеседі. Екі мемлекет бейбітшілікті үндейтін гуманитарлық және экономикалық бастамаларға қолдау көрсетіп, үлкен жаһандық форумдарды өз жерінде өткізіп тұрады. Мақсат белгілі – ұлттық мәдениеттің ең тамаша үлгілері барша адамзаттың ортақ қазынасына айналсын. Осының нәтижесінде әлемде сенімсіздікке, діни және этностық дискриминацияға орын қалмайтын болады.
Қазақстан үлгісі арқылы қазіргі әлемде алпауыт мемлекет болмай-ақ озық идеялардың бастамашысы ретінде әлемнің назарын өзіне аударып, бейбітшілік пен әділетті орнатып, жалпы гуманитарлық мәселелердің шешіміне қолдау көрсетуге болады.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылықта қол жеткізген жетістіктері мен Елбасының жаһандық бейбітшілік миссиясы үшін берілер ең жоғарғы марапат – қазақ халқының және дүниежүзілік қауымдастықтың оған деген жоғарғы сенімі.
Фузули МАЖИДЛИ,
PhD докторы (Әзербайжан)