Әңгіме: Марат Қабанбаев | Құралай
Аспан айналып жерге түскендей. Шақырайған шарболат күн балқып барады. Бұйрат-бұйрат құмның іші қайнап түр. Құс ұшпайды, тышқан жүгірмейді — аптап! Тек шегірткелер жаппай жамырап, берекесіз шырылдайды. Трактор сүйреген бес шөп машинаның қайшылары жалаңдап, сыр-сыр етеді. Машинист балалар көздерін бір ашып, бір жұмып, қалғып-шұлғып отыр. Машина дөңгелегі томарға соғылса қопаң ете қалады да, дереу көтергіш тягіге жармасады. Трактор құлақ тұндырады, жанар майдың күлімсі иісі танау жарады. Көзге шыбын-шіркей тығылады, кейде орақ қиған қурай сынығы ұшып келіп, бетке сырт етіп тиетінін қайтерсің.
Балалар аздан соң бастары былғаңдап, қайтадан қалғи бастайды.
Агрегат қамысты жапыра шауып, қалың қауға кіре беріп еді, трактордың таңқиған танауының тақ астынан үш бірдей киік атып шығып, қырға қарай аңқыды. Трактор солқ етіп, қалт тоқтады. Қайсабай тракторист кабинадан бас қылтитып, саусағын шошайтып:
— Елік! Әне, елік!— деп қырылдады.
Балалардың ұйқылары шайдай ашылып, машинадан түсе-түсе жүгірді. Киіктер көкмайса бетімен сары майдай сырғып ағып барады. Енелері қоға, қауданның басынан аса ырғып-ырғып, тез ұзап кеткенімен, құртақандай қос лақ мандымады, қурай мен қамысқа шырматылып, таяқ тастам жерде тыпырлайды. Оқушылар қолтықтарына қанат біткендей шабыс үстіне шабыс қосты. Күн ыстықта лақтар көпке шыдамады, екі өкпесін соғып, тілі салақтап бұта түбіне жатып қалды.
Мәз-мейрам балалар қос құралайды қолтықтарына қысып, агрегатқа беттеді. Лақтар зар-зар маңырайды. Сол сол екен, құм етегіне зырқырап барып қалған енелері кең орай бері қайырылып, қайта шапты. Бастан аса ырғып өтердей екпіндеп келді де, таяқ тастам жерге дік етіп тұра қалды. Қос құлағын едірейтіп, жерді кішкене тұяғымен дік-дік теуіп, танауынан осқырынады. Балалар ұлардай шулады.
— Қап, мылтық жоғын қарашы!
— Тарс дегізетін, ә!
Қу жанын қоярға жер таппаған ана елік балалардың алдын алай бір, былай бір кесіп, шөпті жапыра жүгіріп өтеді.
Қарт тракторист машинистердің лепірме сөзін, даурықпа айқай-шуын елемеді. Ыстық күнде тоңып бүріскен лақтардың басынан кезекпе-кезек сипап:
— Көп әурелемей, қоя берсек қайтеді? Әне, енесі көзі боталап, бізге қарап тұр, ана мен баланың обалына қалармыз,— деді.
Тас лақтырым жерде ана елік шынымен оқшырайып тұр еді, «Иә, Қайсабай ағаларың дұрыс айтады, сол кісінің тілін алыңдар, бауыр еті баламнан айырмаңдар, өздерің де баласыңдар, мен секілді шешелерің бар шығар» дегендей маңырап-маңырап жіберді.
Құмарлық пен қызық жеңіп, беттері бал-бұл жанған балалар көнбеді.
— Әрең ұстадық өзін!
— Қосқа апарып сүт береміз!
— Қолға үйретіп, үйдегі қозы-лаққа қосамыз!
— Мектепте тірі табиғат мүйісі бар. Құралайды соған қойып қоямыз (еліктің лағы «қойып қойғанға» қозғалмай тұратындай-ақ). Оны көру үшін көрші мектептен делегация-делегация балалар келеді. Билет сатып көрсетеміз!
Қайсекең тракторын баппен ұстайды, жұмысқа мұқият, балаларға зәрі жоқ, иі жұмсақ. «Иі жұмсақ»-тықтан опық жеп қалатыны да бар. Соғыста оқ жұлып әкеткен молақ саусағын шолтаң еткізіп бір сілтеді.
— Мейлі, асырауын асырайсыңдар-ау, ал анау енесін қайтесіңдер?
Балалар тұс-тұстан жамырады.
— Бәрібір қасқыр жеп қояды.
— Иісіміз сіңді, енесі жеріп алмай қойса қайтеміз?
— Бір-екі күн бағып көрелік.
Қабекең артық сөзге бармады, қабағы түсіп кабинаға кірді, газды дүр еткізіп басып-басып жіберді.
…Қос құралай қостың босағасына мықтап байланды. Обалы не керек, балалардың бағуында мін жоқ. Ac үйден нан, сорпа әкеліп алдына қойды, лақтар ауыз тигізбеді: иісі не түрлі, жаңа орылған шөп ала келіп, ауыз жетер жерге байлап қойды, бір-екі иіскегені болмаса, қос құралай мұны да місе тұтпады; күн ұзақ тұмсықтарын бауырына тығып, бұратылып жатады да қояды, оқта-текте суға тұмсық матырады. Таңертең де сол, түсте, кешке де сол…
Қайсекең бастаған кәртең механизаторлар:
— Шөптің асылын таңдап жейтін тағы аң сорпа, наныңды қайтсін. Одан да ұзын арқау, кең тұсаумен қос артындағы көгалға қоя беріңдер,— деді.
Ол ақыл да құп алынып, тақ орындалды. Қырсық лақтар бәрібір оған көнбеді, баяғы сіресу сол сіресу. Жалын шашқан белес-белес құмдарға талыға қарап, белдері аспанға шығып үнсіз тұра береді. Соңғы кезде соғыстан алып келген контузиясы түн ұзақ ұйқы бермей, көзі кіртиіп жүрген Қайсекең:
— Балалар, мен білсем, осылардың енесі түні бойы қос төңірегін маңайлап, айналшықтап кетпей жүр. Түн ортасында үзіп-үзіп, зорланып маңырағанын естідім,— деп қынжылды.
Өздері естімегесін балалар бұл сөзге мән бермеді.
Апта өтпей жатып, лақтардың бүйірі ескі жез легендей қабысып, арып, азуға айналды. Әйтеуір, бір тұрып та қалғу, жатып та қалғып мүлгу… Көздеріне көк шыбын үймелеп жатса да селт етпейді, жүріп-тұрудан да қала бастады, тұмсықтары шошайып, сирақтары шілбиіп, тірі аруаққа айналды. Лақ емес, лақтың жіңішке қарындашпен салған шимай-шатпақ суреті…
Күндердің күні бүкіл қос ал кеп кесір балаларды жерден алып, жерге салып ұрыссын… Балаларды ақыр аяғы лақтарды енелеріне қоя беретін ғып көндірді. Бірақ сәтте бар да, сәтте жоқ құйын елікті құм ішінен қайдан іздеп табасың? Қайсекең айтқандай, түн ортасына таман қосқа тақап келсе келетін шығар, келгенімен асхананың қалған-құтқан сорпа-суанына жұнттай болып семіріп алған Майлыаяқ пен Алыпсоқ арпылдап, екі дүниеде жолата ма.
Апта өткесін жуық маңдағы бетінен шаңы шығып жататын аппақ тұз сордан еліктің өлігі табылды. Борси бастапты. Тауып берген — аспан астын сызып ұшқан құзғындар… Қасқыр жарып кетті дейтін емес, терісі бүлінбеген, бүп-бүтін. Көзі жылтырап ашық жатыр, қос жаққа мойнын соза құлапты…
— Ауырып өлген,— деді бригадир.
— Сағыныштан сарғайып өлсе қайтесің?— деді Қайсекең жоқ жерден шытынап. Шолақ саусағын тағы сермеледі.— Алда жазған басым-ай, мына мұндарлардың тіліне қайдан ере қойып ем! Кезінде қоя бергенде ғой, лақтар жаутаңдап жетім қалмас еді.
Екінші күні құралайдың біреуі ісіп-кеуіп өлді. Таңертең күншуақ іздеп келіп, қос түбінде иіріліп жатқан құмның сары шұбар жыланы шағып алыпты. Аштықтан бұралған сыңары да көп ұзамады, соның кебін киді.
Балалар бұдан былай құралай, елік, жалпы, айнала қоршаған құмның тағы аңы, жыбырлаған жан-жәндігі туралы жұмған ауыздарын ашпайтын болды.
Ал Қайсабай қарт: «Түн ортасында баяғы елік әлі маңырап, түн ұйқымды төртке бөліп, мазамды алып жүр»,— деп, шекесін молақ саусағымен қасиды. Кім білсін, өлген еліктің аруағы ма лақтарын іздеп, зарлай маңырап жүрген?
Кім білсін…