Өткеннен тағылым алып, болашаққа бағдар жасау

0

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ла­сын­дағы ой-толғамдар мен мақсат-жобалар Үкімет бағдарламасы немесе кездейсоқ берілген анықтама емес, негізі біртіндеп қа­ланған өркениетті дүние жүзіне паш ету. 

Мақалада ең әуелі Қазақстан тарихына байланысты мәлімет пен анық­тамалардың қайта жаңғырғаны байқа­лады. Қазіргі Қазақстан жерінде тұрып жатқан ұлт пен ұлыстардың, әртүрлі мәдениеттің, деректер мен оқиғалардың кеңіс­тік пен уақыт тұрғысынан негізгі тірек­тері көрсетіледі. Екі жайтқа негіз­деліп қалыптасқан тарихи бағдарға назар аударады.   

Біріншіден, түп-тамырының бойын­дағы құндылықтарды дәріптеп, ұлт тарихына тұтастай көзқарас қалыптастыру. Бұл жерде қазақ тарихының бастауы кеңістіктің қолданылуы және де әртүрлі мәдениет пен өркениеттің өза­ра әрекеттесуі негізінде белгіленеді. Немістер мен италиялықтардың тарихи дәстүріндегідей қазіргі Қазақстан аума­ғында сан ғасыр бұрынғы саяси-мәдени тарих бүгінгі қазақ өркениетінің де бір құрамдасы болуы керек. Осылайша күллі түркі жұртшылығының қадым тари­хында өзіндік орын алған өркениет­тер Қазақстан тарихымен байланысты­ры­лады. Ғұндар мен сақтар атап көрсе­­тіліп, түркі мемлекеттері мен бір­лес­­тік­терінің Қазақстан аумағынан дүниеге тарағанына байланысты ой тұжы­рымдалады.  

Екіншіден, тарихта болған оқи­ға­ларды бағамдау және өзгені түйсіну. Н.Назарбаев еуроцентризм ұғымын сын­ға алады. Н.Назарбаев тілге тиек еткен дала өркениетінің болашақ бағдары даму мен демократиялық ел болу үшін тек батыстық бағытты ұстану ке­рек дегенмен, әрине сәйкеспейді. Қа­зақ­стан Батыспен жақсы қарым-қаты­нас құрғанымен, өркениеттің бастау көзі тек қана Батыста деген жалпы ұста­нымға қосылмайды. Бұл тұғырды Қазақ­станның сыртқы саудасынан-ақ бай­қауға болады. Сауда-экономикалық бай­ланыстарын дамытқан алғашқы бес ел қатарында, кем дегенде, екі еуро­палық мемлекет бар. Назарбаевтың тарих пен оқиғаларға деген көзқарасы Шығыс пен Батыс синтезі үшін мемле­кеттік бағыт тәрізді. Елбасының бұл тұрғыдан ұсынған әдістемелік шешімі − тұтас ойлауды объективті негіздер мен шындыққа негіздеу. Сол себепті ұзақ уақыт бойы алып кеңістікте «өзге» деп қабылданған халық пен мәдениеттің үлесін ұмыт қалдыруға болмас.    

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Ұлы даланың қырларын белгілеп көр­сет­кенде сұрыптап алған критерийлерді өте мұқият анықтаған. Ең біріншісі − атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы. Мұның жалғасы ретінде жауынгерлердің киімді үстіңгі және астыңғы деп ажыратуы арқылы қазіргі шалбардың пайда болуы. Алғашқы темір сауыттың сол дәуірде жасалуы, темір құрсанған атты әскердің Қазақстан жерінде пайда болуы қазіргі әскери ықпалдастық тұрғысынан да маңызды. Ендігі жерде металлургия саласында жинақталған тәжірибе де бар. Қазақстанның символдарының бірі қар барысын меңзегені табиғат пен өнердің үйлесім табуы қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар Алтын адамның жанында табылған күміс кесеге ойып жазылған жазудың Орталық Азия жеріндегі ең көне жазу үлгісі екенін тілге тиек етеді. Қызғалдақ пен алманың тарихи отаны деп Қазақстан даласын көрсете отырып, табиғат пен өркениеттің тіл табысуын суреттейді.   

Назарбаевтың өркениет туралы түпкі ойында түркі дүниесінің ерекше орны бар екені аңғарылады. Бұл түпкі тамырдың кеңістіктегі темірқазығы Алтай таулары, ал уақыт тұрғысынан бастау кезі біздің дәуіріміздің І мың жылдығының ортасы. Ғұндар, сақтар, көк түріктер, ұйғырлар және бұл тіз­бектің басқа да мүшелерін қазақ даласымен сабақтастырады. Сонымен қатар түркілердің сабақтастықты үзбей, мем­лекет дәстүрін жалғастыруына ай­рықша назар аударуы түркі әлемінің та­рихи тұтастығы мен тамырластығы тұрғысынан өте маңызды. Н.Назарбаев кеңістік пен мекеннің бір несібе екенін болжай отыра, үш кеңістікті тұтастай қа­рас­тырады: Еуразия, түркі дүниесі және Орталық Азия… Тарихи Жібек жолының осы үш кеңістіктің бойында жаңғыруы зор маңызға ие. Бұл ретте Маккиндердің «құрлыққа иелік ету теориясын» еске түсіретін болсақ, бір лидердің Еуразияның кіндігінде ор­на­ласқан еліне Орталық Азия мен түркі әлемі ықпалдастығы негізінде назар аударуы зор парасаттылықтың белгісі. Қазақ­стан бұл бағыттағы сенімді қадам­дарын дипломатия арқылы да көрсетуде.  

Қазақстанның лидері Н.Назарбаев Ұлы даланың жеті қырын белгілеумен қатар, көреген әрі байсалды саясаты арқылы болашаққа жеткізуді де мақсат етеді. Сол себепті маңызды жобаларды тарихи платформалардан мемлекет және ұлт өміріне ұсынады. «Архив – 2025» бағдарламасы арқылы жалпы елге қатысы бар деректі құжаттарды жи­нақ­тап, цифрлы форматқа көшіру жұмы­сына жұмылдырады. Мәлімет пен құжаттардың баршаға қолжетімді болуы, бастауыш мектептен бастап, білім беру жүйесіне енгізілуі − Қазақстан аумағында ұлттануға ден қоюдың бір көрінісі. Сонымен қатар әл-Фараби, Ахмет Ясауи және Күлтегін тәрізді ұлы ба­баларды ескерткіш-мүсін, энцикло­педиялық саябақ, көрме, кітап, т.б. құралдар арқылы дүние жүзіне таныту кең-байтақ түркі кеңістігіндегі елдерді бір-біріне жақындата түседі. Түркі дүниесіндегі ынтымақ пен бірліктің жоба ретінде мақалада орын алуы Қазақ­станның жуырда осы салада маңыз­ды қадам басуға дайын екендігін көрсе­теді. Tүркі өркениетінің негіздерін зерттеуде ең негізгі құралдың бірі − тілдің Дүниежүзілік Түркологиялық кон­гресс аясында қарастырылуы назар аударарлық қадам. Википедия үлгі­сіндегі ортақ энциклопедияны Қазақ­станның модераторлығымен ашу қазақ елінің көшбасшылық рөліне меңзейді. Tүркістан облысының қайта құрылып, бұған баса назар аудару − түркі әлемінің теріскейдегі орталығының жария етілуі іспетті.

Қорытындылай келе, аталған жобалар «Рухани жаңғыру» үдерісінің жалғасы, тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстанның тарихтан тағылым алып, болашаққа бағдар жасау мақсатының айқын көрсеткіші демекпіз. 

Күршад ЗОРЛУ, 

сарапшы, Vatan газетінің шолушысы 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз