Қазақтың «қазақ» деп атанып жүргені Сәкен Сейфуллинің арқасы
Биыл мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Сәкен Сейфуллин Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайланған. Бұл Қазақстанның премьер-министрімен пара-пар қызмет еді. Осылайша, 28 жасында үкіметті басқарған Сәкен Сейфуллин қазақ еліне қалтқысыз еңбек етіп, қысқа уақыттың ішінде біраз шаруа тындырып кетті. «Сәкен Сейфуллин: уақыт және тұлға» конференциясына қатысқан ғалымдар қайраткердің мемлекеттік қызметтегі негізгі жетістіктерін тізіп шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік!»
Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, бүгінде қазақтың «қазақ» деп атанып жүргені Сәкен Сейфуллинің арқасы.
«1923 жылы ол «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік!» деп ащы мақала жазып, соның қозғау салуымен «Киргиз, КирЦИК» деп келген еліміз 1925 жылы «Қазақстан» деген атқа ие болды. Біз Сәкеннің осы еңбегі үшін есімін алтынмен жазып, ардақтауымыз керек», — дейді Есдәулет.
Бұдан бөлек, Сәкен Сейфуллиннің маңызды әрі үлкен бір жетістігі – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруі. Қайраткер туған тілді кеңсе тіліне айналдыруға және мемлекеттік мекемелерге енгізуге жанын салып күрескен. 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген атышулы мақаласын жариялады. Бұнымен тоқтамай, жалпы қазақ тілінің мүддесін қорғайтын 9 мақала жазып, өзі басқарып отырған «Еңбекші қазақ» газетіне жариялап отырды.
«Сәкеннің табандылықпен күресуінің арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық атқару комитеті арнайы декрет қабылдап, еліміздің тарихында тұңғыш рет 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап кеңсе істері қазақ тілінде жүргізілетін болған. Біз Сәкенді осы еңбегі үшін де ардақтауымыз керек», — деп атап көрсетті Есдәулет.
«Болашақ» бағдарламасын бастап берді
«Біз тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде тілімізді әлі төрге жайғастыра алмай жатырмыз. Оған түрлі объективті себептер бар. Оны да жақсы білеміз. Мемлекеттік тіл туралы заңымыз да жоқ. Ал дүниежүзінде басқа мемлекеттердің бәрінде бар», — дейді профессор Ерден Қажыбек.
Ғалымның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінде жұмыс істеуге міндеттейтін шаралар да қолға алынбай жатыр. Ал Сәкен Сейфуллин небары екі жылдың ішінде қажетті құжаттарды қабылдатып қана қоймай, соның барлығын іске асыруға жағдай да жасады. Тіпті, қазынашылық мекемелерді табыстың бір бөлігін мемлекеттік тілді дамытуға жұмсауға міндеттеген. Ал, ең бастысы, мемлекеттік ұйымдарды қазақ тіліне көшіреді.
Тағы оқыңыз: Сәкен Сейфуллинге қатысты алыпқашпа әңгімеге нүкте қойылды
«Онымен қоймай, президенттердің қазіргі жолдаулары сияқты халыққа ашық хат жолдайды. Онда елдің сол кездегі негізгі мәселелерді көтереді. Сәкен біз мемлекеттік тілімізде заңдарымызды жазбасақ, қарарларымызды шығармасақ, ешқашан дамыған елдердің қатарына қосылмаймыз деп ашық айтқан», — деп атап көрсетті Қажыбек.
Ал Сәкен Сейфуллин басқарған үкіметтің ең алғашқы қаулысы ғылыми мекемелерді құруға арналды. Академиялық орталықтың негізі қаланды. Сондықтан ғылым академиясының тарихы содан басталады.
«Одан кейін қазір «Болашақ» деген стипендия бар ғой. Сол бағдарлама сияқты республиканың бюджетінен сыртқа қазақтың жас мамандарын жіберіп, оқыту шаралары қолға алынады. Жастардың оқуы алтынмен төленді. Біздің Марғұландар мен Сәтпаевтар қайда шыққан? Міне, олардың барлығы республиканың есебінен сырттан оқып келді», — деді Қажыбек.
Бұдан бөлек, Сәкен Сейфуллин қиын қыстау заманға қарамастан, отандық киноны дамытуға ақша бөлді. Киноаппарат сатып алды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін реставрациялауға қаржы бөледі.
«Ол кезде дінге тыйым салынған. «Дін – опиум, коммунизм жасаймыз!» деген заманда Сәкен Сейфуллин Қожа Ахмет Яссауи кесенесін күрделі жөндеуден өткізді. Қазақтың ән-күйлерін жинауға тапсырма берді. Затаевичке мемлекеттік тапсырма беріп, қомақты қаржы төледі», — дейді Қажыбек.
Сәкен символға айналды
Мәжіліс депутаты, журналист Сауытбек Әбдірахманов мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин уақыт сынынан өткен тұлға деп санайды. Қоғам ауысып, құндылықтар қайта бағаланса да, Сәкеннің абыройы сақталды. Бүгінде жазушының мұрасы тәуелсіздікке де қызмет етіп жатыр. Ал Сәкеннің аты символға айналды.
«Сәкен батаға кірген адам ғой. «Сәкеннің сәнін берсін!» деп жатамыз. Ал батаға кірген адам ол – қасиетті адам, ол — ұғымға, символға айналған адам. Сәкен — сұлулық, серілік, тазалық, өрлік, ерлік мен тектіліктің символы. Сондықтан символды талқыға салып, соңынан анау-мынау сөз айтып, саясатқа айналдырудың еш қажеті жоқ», — дейді Әбдірахманов.
Оның ойынша, Сәкен қазақтың атын сөзімен де, өзімен де, көркімен де шығарды.
«Сол заманда «қазақтар осындай сұлу адамдар болады екен, осындай текті болады екен, өздерін осылай ұстайды екен» дегізген алғашқы адамдардың бірі біздің Сәкеніміз болатын. Оның қасиетін жазушы Галина Серебрякова өте жақсы айтқан», — деп атап көрсетті Әбдірахманов.
Осы орайда депутат орыс жазушысының естеліктерін де оқып берді. «Ол кеткенде біздің әдебиетіміз өзінің керемет айшықты әшекей көркінің бірінен айырылды», — деп жазды Серебрякова. Осыдан кейін сол кездері 40-тан жаңа ғана асқан Сәкен Сейфуллиннің «ер пішінді сұлу көркімен қайран қалдырғанын» баяндайды.
«Ол ұзын бойлы сұңғақ кісі еді, қажырлы қара торы жүзі құбылып, өзгеріп тұрушы еді. Әсіресе, ұшқын шашы жалтылдап тұратын ақылды, қара көзі жадымда жатталып қалыпты. Ежелгі парсы фрескаларында қаһармандық пен қайсарлықтың бейнесіндей саналатын сарбаздар тәрізді ол да адал, ақ көңілмен кісіге тайсалмай тура қарайтын. Оның кісілік салауаты ажар көркінен әсте кем түспейтін. Грамматика тұрғысынан қарағанда, Сәкен орысша тым таза сөйлейтін. Әдеби «обороттарға» сүрінбей, емін-еркін ағып, өте шығатын. Аса көрнекті классик және қазіргі заман ақындарының жырларын жиі-жиі жаттай да беретін»», — деп еске алды жазушы.
sputniknews.kz