Тоқаев ғарышкердің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
Қысқа сілтеме алу
Мемлекет басшысы Алексей Леонов ұлы мақсатқа жету жолында өз өмірін тәуекелге тігіп, өзгелердің қолынан келмеген ерлік жасағанын атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және өзінің атынан ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының екі дүркін батыры Алексей Леоновтың қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Алексей Архипович өз ісінің нағыз шебері, әлемдік космонавтикада аты аңызға айналған тұлға еді. Ол Байқоңыр айлағынан ұшып, адамзат тарихында тұңғыш ашық ғарышқа шықты. Батыр Леонов ұлы мақсатқа жету жолында өз өмірін тәуекелге тігіп, бұған дейін өзгелердің қолынан келмеген ерлік жасады»,– делінген жеделхатта.
Алексей Леонов сексен бес жасында көз жұмды
Ғаламшардың он бірінші ғарышкері және ашық ғарышқа шыққан алғашқы адам Алексей Леонов 11 қазанда Мәскеуде 85 жасында қайтыс болды. Аты аңызға айналған ғарышкер ұзаққа созылған жүрек ауруынан Мәскеу госпиталінің жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Алексей Леоновпен қоштасу және жерлеу рәсімі 15 қазан, сейсенбі күні Мытищидегі федералды әскери мемориалдық зиратта өтеді.
sputniknews.kz