Сенатор Жұмағұлов үндеу жасады
Қысқа сілтеме алу
Сенатор желіде адами, имани, рухани тұрғыдан шектен шығып, шындыққа жанаспайтын ақпарат тарататындардың ұятын оятуға тырысты
НҰР-СҰЛТАН, 26 қыркүйек – Sputnik. Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов сөз бостандығын желеу етіп, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратпауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат өз үндеуін БАҚ өкілдері мен құрылтайшыларына, ғаламтор желісінде отырған блогерлерге, сондай-ақ, әртүрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілеріне, саясаткерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелеріне арнады.
«Қазақстанда сөз бостандығы жоқ деп кім айта алады?! Деректерге қарасақ, елімізде 2700-ден астам БАҚ тіркелген. Олардың 70 проценттен астамы әртүрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдарға тиесілі. Оған ғаламторды қосыңыздар. Яғни ақпарат алу мен таратудың мүмкіндіктері жеткілікті. Ашық саясатта жүргендіктен, мемлекеттік қызметкерлер, әртүрлі деңгейдегі депутаттар орынды-орынсыз айтылып жүрген сындарға төзімділікпен қарайды?», — деді депутат сенаттың жалпы отырысында.
Бірақ, оның айтуынша, кейде адами, имани, рухани тұрғыдан шектен шығып, шындыққа жанаспайтын ақпарат тарататындар болады. Ол мұндай жағдай посткеңестік жүйеде әдетке айналып бара жатқанын тілге тиек етіп, бұл депутаттарды алаңдататынын жеткізді.
Тағы оқыңыз: Бердімұхамедовті «өлтірген» саясаттанушы кешірім сұрады
«Интернетті ашып қалсаңыз, әлеуметтік желіге көз салсаңыз, бірде Түрікменстанның президенті, бірде Ресейдің президенті о дүниелік болып кетіпті деп, өздері көзбен көргендей тамсанып жазады. Өзіміздің елге қатысты жаңсақ ақпаратты да оқып қаламыз. Мұндай көріпкелдік пен сәуегейліктің құны қанша? Болмаса, президент өмірден қашан өтеді деп саяси болжам жасайды. Не мұсылмандық, не христиандық діни ұстанымға келмейтін, не адами болмысқа жатпайтын өтірік ақпарат үшін кім жауапты?», — дейді депутат.
Жұмағұлов адам деген атқа лайық болуға шақырды.
«Бәріміз Құдайдың құлымыз, дәм таусылған күні бұл фәни дүниеден озамыз. Сондықтан да адам деген атқа лайық болайық, ұлттық құндылықтарымызды сақтайық, сөз бостандығы дегенді желеулетіп, шындыққа күйе жақпайық», — деді ол.
Осы орайда сенатор ұлы Абайдың «атымды адам қойған соң, қалай надан болайын»деген аталы сөзін айтып өтті.
«Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр, үкімет неге шара қолданбайды деген сөзден әдейі қашып отырмын. Жаншу, қамау, айыптау саясаты емес, әр адамның ұят-ожданына салып отырмын», — деді депутат.
Жұмағұлов әлеуметтік желілер арқылы шындыққа жанаспайтын ақпаратпен жұртты алдамауға үндеді.
«Әділеттің ақ жолынан таймайық. Ойлап сөйлейік. Өз алаңдаушылығымды азамат ретінде ортаға салғанымды сіздер дұрыс түсінеді деп ойлаймын», — деп қорытты сөзін депутат.
sputniknews.kz