Арыс қаһармандары жарылыстың қалай болғанын әңгімеледі
НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik, Арман Асқар. Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын қалпына келтіруге атсалысқан бір топ адамды марапаттады. Олардың ішінде қарапайым азаматтар да бар. Sputnik Қазақстан тілшісі «Арыс қаһармандары» атанған қыз-жігіттердің мемлекеттік награданы қалай алғанын біліп қайтты.
©
Sputnik / Абзал Калиев.
Қазақстан президенті Арыстағы жарылыстың зардаптарын жоюға қатысушыларды марапаттады
Бір Газельге 70 бала қалай сыйып кетті?
24 маусым күні Арыстың тұрғындары әдеттегідей ұйқыдан тұрып, жаңа жұмыс аптасын бастап жатқан. Таңертең балаларын алдымен балабақшаға апарды. Одан кейін жұмысқа барды. Сол күні «Лидер» балабақшасы да бүлдіршінге лық толды. Таңғы астарын ішкеннен кейін балалар ойнауға кіріскен. Балабақшаның 18 жастағы жүргізушісі Асқар Әбдіхалық та «Газель» көлігімен шаруасын ыңғайлап, дем алып жатқан. Осы кезде алғашқы снаряд жарылды. Содан дүрбелең басталып кетеді. Ата-аналар жан-жақтан телефон шалады. Балалар жылап жүр. Тәрбиешілер не істерін білмеді.
«Менімен бірге ағам да істейді. Ол өз көлігімен базарға барамын деп шыққан. Сол кезде дүңку басталды. Ағам жарты жолдан қайтып келді. Екеуміз балаларды ата-анасына жеткізейік, бірге қашсын дедік. Бірақ балабақшаға жеткенше жарылыс күшейіп кетті. Сөйтіп, балалардың бәрін көлікке салып қаштық», — деді Әбдіқалық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, ағасы 50 баламен Шымкентке бір-ақ тартқан. Ал Асқар көлігіне 70 баланы мінгізіп, жолға шыққанда барлық жолда кептеліс басталып кеткен. Ол Шардараның жолына бұрылды. Балалар қорқып, жылаған. Ең кішкентайы бір жаста ғана болған.
«Ағам екеумізде бірдей көлік, жолаушыларды тасымалдауға арналған «Газель». Негізі 15 орындық көлік. Бірақ маған 70 бала сыйып кетті. Ол кезде жан керек қой. Сөздің шыны керек, қазір менің көлігіме 70 бала сыймайды. Басында ары кетсе 30 бала мінді деп ойладық. Шардараға барып, түсіргеннен кейін санасақ, 70 бала. Өзіміз де сенбедік», — деп еске алады Әбдіқалық.
Жас құтқарушының сөзіне қарағанда, Шардараға бара жатқанда ата-аналар тоқтатып, өз балаларын алып кеткісі келген. Бірақ оған уақыт болмады. Сол себепті жүргізуші есікті құлыптап, біраз жерге ұзап барғаннан кейін ғана ашқан. Шардарада алдымен балық зауытына жайғасты. Сосын колледж ғимаратына апарды. Артынан сол жердегі балабақшаға ауыстырыпты.
Асқар Әдіқалық жасаған ерлігі үшін президенттің қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды.
Нағыз еркектің шешімі
Қарағанды облысының тумасы Евгений Хисметов жеті жылдан бері Саран қаласының балалар мен жасөспірімдер мектебінде мұғалім болып істейді. Ол жерде олимпиадалық резервті даярлайды. Жұмыстан тыс уақытта тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балаларға арнап шағын футбол секциясын өткізіп жүреді. Бокстан да бапкерлік жасайды. Арыста жарылыс болған күні Евгений әдеттегідей ерте тұрып, жоспарлап қойған жұмыстарын тындыруға кіріскен. Ал Арыс туралы алғашқы видеолар тарала бастағанда бірден көмекке аттануға шешім қабылдайды.
«Есіңізде болса, ер адамның баланы ұстап, жол жиегімен кетіп бара жатқан бір видео тараған болатын. Одан кейінгі видеода қыз-келіншектер «Көмектесіңіздер! Тікұшақтар қайда? Бізді неге қауіпсіз жерге көшірмейді?» деп айқайлады. Мен осыны көріп, бірден сөмкемді жинай бастадым. Әйелімнің зәресі ұшты, аң-таң болып, маған қарап тұр. Қайда барасың дейді. Мен сөмкемді жина, Арысқа барамын дедім. Ақшаны жолдас балалардан алдым да, жолға шығып кеттім», — деді Хисметов.
Оның айтуынша, Арысқа барғанда алдымен гуманитарлық көмекті үйлерге таратты. Одан кейін Шымкенттің жігіттерімен танысып, құрылыс жұмыстарына араласып кетті. Үйлерді бұзып, күл-қоқысты қаланың сыртына шығарды. Күндіз далада +55 градусқа дейін ыстық болды. Түнде құрылысшыларға арналған темір вагондарда ешкім жата алмады. Себебі іші қызып кететін. Содан далада ұйықтауға тура келді.
«Құрылыс жұмыстарынан кейін маған қойманың жұмысын сеніп тапсырды. Таңғы сағат 8:00-ден бастап кешкі 11:00-ге дейін қоймада болып, түнгі 2:00-4:00 аралығында құрылыс материалдарын қабылдап отырдым. Бас кезінде далада гипсокартон төсеп ұйықтадық. Көрпе болды, соны жамылып жататынмын. Жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін хабарласып, өз алғысын жеткізіп тұрады», — деп атап көрсетті Хисметов.
«Ақордаға тағы келуге тырысамын»
Бір рет Хисметовтың дәл жанында снаряд құлаған. Сол кезде барлығы жан-жаққа қашқан. Бірақ Евгений тырп еткен жоқ.
«Адамдар құрал-жабдықтарын жинап, қаша бастады. Маған неге отырсың дейді. Мен «Қарағандыдан келдім» деп, қысқа ғана қайырдым. Бұл жердің тас-талқаны шықса да, қалпына келтірмей кетпеймін дедім. Үш балам бар. Олар да риза. Папа, жарайсың дейді. Бас кезінде олар да ештеңе түсінбеді. Қазір сізді мақтан тұтамыз дейді. Негізі, мен өзімді қаһарман деп санамаймын», — дейді Хисметов.
Келесі жылы Арысқа қонаққа баруды жоспарлап отырғанын да жеткізді. Құрбан айтты тойлаған таныстарымның бәрін аралап шығамын дейді. Евгений бас кезінде салмақ тастап, жүдеп кеткен. Артынан арыстықтар кезек-кезек қонаққа шақырғаннан кейін қайтадан салмақ жинағанын айтады. Қазіргі киіміне сыймай жүргенін де жеткізді. Евгений президенттің қолынан «Құрмет» орденін аламын деп ойламапты.
«Мен президентпен алғаш рет кездесіп отырмын. Ақордаға да бірінші рет кірдім. Кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Енді, осы жерге тағы келуге тырысамын. Ол үшін ізгі істерді жасап, еліме пайда тигізуім керек», — деп атап көрсетті Хисметов.
Евгенийдің мамандығы – педагог-психолог. Бүгінде үшінші жоғары білімді аламын деп, журналист-менеджер мамандығын оқып жатыр. «Арыстан» қайырымдылық қорын басқарады.
Қазақстанда қаһармандар баршылық
Жалпы, Арыста болған жарылыстар кезінде ерлік танытқан қарапайым азаматтар көп. Мәселен, медбике Күмісай Тұманова ауруханада жатқан науқас балаларды қауіпсіз жерге жеткізді. Ал полиция бөлімінде қалған кезекші Жақсылық Таттымбетов халықтан түскен барлық өтінішті қабылдап, жеке құрамға жеткізіп отырды.
Сержант Нұржан Бақтыбай болса, снарядтарды жинау кезінде көзге түсті. Оқ-дәрілерді арнайы көлікке тиеп жүргенде бір снаряд тұтана бастайды. Осы кезде сержант Бақтыбай сасқан жоқ, бірден өз әріптестерін қауіпсіз жерге кетуге нұсқау береді. «Алтын тұмар» балабақшасының меңгерушісі Гауһар Уәлиханова да 80 баланың өмірін сақтап қалды.
Әлбетте, дәрігерлердің де еңбегі зор. Мәселен, Шымкент облыстық ауруханасында істейтін ота бөлімінің медбикесі Айгүл Қасымова «Шапағат» медалімен марапатталды. Оның айтуынша, жарылыс болған күні түстен кейін науқастар түсе бастаған.
«Сол күні науқас өте көп болды. Бір аптаның шамасында үздіксіз келіп тұрды. Бізге күйік шалған, ашық және жабық жарақатпен адамдар түсті. Оларға бірден көмек берілді. Ең ауыр ота сарбазға жасалды. Оның ішкі ағзаларынан қан кеткен. Ол қатты құлап, ішінен жарақат алған. Ота сәтті өтті. Көбінесе, сүйегі сынғандар болды», — дейді Қасымова.
Ақордада өткен салтанатты жиында Арыс қаһармандарына II және III дәрежелі «Айбын» мен «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаһармандардың барлығы залға сыймағанын атап өтті.
«Осы залда отырғандардың барлығы – нағыз қаһармандар. Залдан тыс қалған азаматтарға да ордендер мен медальдар тапсырылады», — деді Тоқаев.
sputniknews.kz