Қалдықтар да кәдеге жарайды
Облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова осы мәселеге тоқталды.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу бойынша кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Қазіргі таңда тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Тоғыз ай ішінде 120 мың тонна қалдық жиналып, оның 3040 тоннасы пайдаға жаратылды, – деді Марат Ердәулетұлы.
Облыста «Ыбырайхан және К-ЛТД» компаниясы 2004 жылдан бері қатты қалдықтарды өңдеу ісімен айналысып келеді. Өзге кәсіпкерлер де тұрмыстық қатты қалдықтардан шатыр жамылғысын және жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніштер жасап шығарып жатыр. «Эко-Н Сервис», «ТемірЖас Group» ЖШС істен шыққан, құрамында жарамсыз сынабы бар шамдарды залалсыздандыруды жүзеге асырып жатса, Қармақшы ауданындағы «СтройСервис» серіктестігі аудан тұрғындарынан және көрші аудандардан полиэтилен пакеттерді қабылдап, пластмасса құбырын шығаруды жоспарлап отыр.
Бүгінде не көп, автокөліктер көп. Олардың тозған шиналары да пайдаға аса бастады. Облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығару өндірісін жолға қойған «Smart Rubber» ЖШС жұмысы туралы айтты. Жарамсыз дөңгелек бірнеше сатылы өңдеуден өткеннен кейін ұнтаққа айналады. Оған полиэтилен ұнтағы қосылып, екі қоспадан дайын өнім – жерасты суару түтігі шығарылады.
Қазір әлемде су тапшылығы қатты сезілуде. Қазақстанда ағыл-тегіл ақтарылып жатқан мол су қоры аз. Оңтүстік өңірі ауыл шаруашылығына керекті суды Қырғызстан мен Тәжікстанның аспанмен амандасқан тауларындағы жиналған су қорынан алады. «Кісідегінің кілті аспанда» деген бар. Құрғақшылық жылдары ағын су аз келіп, диқандар мен шаруалар әбіржіп жүргені мәлім. Сондықтан, дүниежүзі аграршыларының тәжірибесіне сай тамшылатып суару жүйесіне Қазақстан да өтіп жатыр. Жерасты суару түтігі міне, осы жағдайларға әбден керек. Тұрмысқа қат осы заттарды шетелден үлкен қаржыға сатып алып келген мемлекетіміздің өз қолы өз ауызына жетіп, дайын өнімді өзі шығара бастағаны көңіл тоғайтады.
Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова облыс тұрғындарының алпыс пайызы тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау қызметімен толық қамтылғанын атап өтіп, қалдықтарды көмуге қатысты енгізілген өзгерістермен таныстырды.
– Келер жылдан бастап экологиялық кодекстің 301-бабына сәйкес, полигондарда пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары және полиэтилен терефталат орамасы, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар лампалар мен аспаптар, шыны сынықтары, түсті және қара металдар сынығы, литий, қорғасын-қышқыл батареялары, электрондық және электр жабдықтары қалдықтарын көмуге тыйым салынады деп жоспарлануда. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тамақ пен құрылыс материалдарының қалдықтарын полигондарда көмуге шектеу қойылады, – деді ол.
Көп нәрсенің байыбына бара бермейтін азаматтар Астанада өткен «ЭКСПО»-ның Қазақстанға еш пайдасы жоқ деп есептейді. Шын мәнінде халықаралық көрме кезінде әлемдегі ең үздік ғылыми жаңалық, жаңа жобалар біздің ел арқылы насихатталды. Көп жаңа істің бірі тұрмыс қалдықтарын өңдеу тәжірибесі таратылған болатын. Қазба байлықтың ерте ме, кеш пе, түбі көрінетін уақыты жетеді. Шикізаты өзімізде болып тұрып, содан дайындалған өнімді сатып алу қазынаға шығын, ел бюджетін ойсыратуға әкелетіндігі сөзсіз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді қолға алған мемлекет қалдықтарды да қалдықсыз өңдеуге қол жеткізе бастады. Бұл үлкен жақсылықтардың жоралғысы дер едік.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы