Сақалын қырмаған әншіге лицензия бермей қойған
San Jay лақап атымен танымал әнші әрі сазгер Санжар Жавбердиев Gazeta.uz порталына берген сұхбатында «Өзбекконцерт» лицензия алу үшін сақалын қырып тастауды талап еткенін айтты.
«Екі ай бұрын лицензияға қажетті құжаттарды тастап кеткен едім. Олар менің концерттік директорыма сақалсыз сурет өткізуімді сұраған. Сосын өзім бардым. Олар маған: «Сақалсыз өткізбейтін шығар» деді. Екі ай бойы нақты жауабын бермеді», — деді Санжар Жавбердиев.
Оның айтуынша, әншіге бұл лицензия әндерін радио арқылы таратуға керек болған. «Мен «Өзбекконцерт» үшін имиджімді өзгертпейтінімді айттым. Рұқсат ала алмаған соң, қолымды бір сілтеп, интернетте жұмыс істеймін деп шештім», — деді әнші.
«Өзбекконцерт» директоры Одилжон Абдукахоров Gazeta.uz тілшісімен сұхбатта лицензия беру туралы шешімді бір топ өнер қайраткері қабылдайтынын айтқан. «Топ 15 адамнан тұрады. Шешімді солар қабылдайды», — деді мекеме директоры.
Әнші Санжар Жавбердиев мәселесін шешіп беруін сұрап президент Шавкат Мирзияевқа арызданған. 40 жастағы Жавбердиев орыс, өзбек, тәжік және басқа да тілдерде ән айтады. Ол ұзақ уақыт Ресейде жұмыс істеп, 2010 жылы Шешенстан Республикасы Халық әртісі атағын алған. Екі жыл бұрын Өзбекстанға оралған. Оның «Карвон курдим» әні тез танымал болды. Бірақ әнші оны радио мен ТВ арқылы тарата алмайды, ол үшін лицензия алу қажет.
Дереккөз: centralasian.org