«Халық алданып қалды»: Алматы облысының тұрғындары тасжолды неге жапқаны белгілі болды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысы Бақтыбай ауылының тұрғындары республикалық маңызы бар тас жолды жауып тастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Көлік қозғалысына кедергі келтірген тұрғындар жолды жөндеу жұмыстарының сапасына көңілдері толмайтынын байқатқан. Мәселелерін шеше алмаған халық осындай әрекетке баруға мәжбүр болған.

«Осы жердің барлық тұрғындары «Мемлекет біздің жерімізді қашан сатып алады» деп күтіп отырды. Халық алданып қалды. 2017 жылы келіп «Мемлекетте ақша жоқ. Жерлеріңді алмайтын болды» деп айтты. Жолды кеңейткенімен, инфрақұрылым нөл. Ауылға кіретін арнайы жолақтар да реттемеген. Әкім ауысты, министр ауысты, тіпті президент ауысты. Бірақ, мәселеміз бір орында тұр ғой!» — дейді ауыл тұрғыны.

Ашынған халық ауыл әкіміне шағымдарын айтып, жауап беруін сұраған. Алайда Бақтыбай ауылының әкімі бұл заңсы әрекет деп, мәселені шешуді полиция департаментіне тапсырған.

«Жоқ, халықтың бұлай шығатынын білген жоқпын. Бұл заңсыз ұйымдастырылып жатқан митинг қой. Не істейміз? Учаскелік полиция мен полиция департаметінен келді ғой әне», — дейді Бақтыбай ауылдық округінің әкімі Айдын Исабеков.

Алматы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары тас жолдың жабылуына байланысты оқиға орнына келді. Ол халыққа жағдайды түсіндіріп, жұмыс жасалатынын айтты.

«Қазір түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Халыққа жағдайды жеткізіп, өз жұмысымызды жасаймыз», — дейді Алматы облыстық полиция департаментінің басшысының орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Әбден шаршаған жұрт облыс әкімі келіп, мән-жайды түсіндіруді талап еткен болатын. Олар жергілікті шенеуніктердің уәдесінен шаршадық дейді. 

Біраз уақыт өткеннен кейін полицядағылар халықты суреп, жолдың жиегіне ығыстырған. 

Жол бойында жүруге қорқатын тұрғындар, тас жолдың үйлеріне тым жақын екенін айтады. Заң жүзінде тұрғын үйлер күре жолдан кем дегенде 100 метр алыс болуы керек. Алайда, бұл талап дұрыс орындалмаған. Тұрғындар жолды жабу арқылы президентке мәселелерін жеткізгісі келген.

stan.kz