Тунис президенті Бежи Каид Ас-Себси қайтыс болды
Reuters ақпарат агенттігі Тунис президенті Бежи Каид Ас-Себсидің қайтыс болғанын хабарлады. Агенттіктің мәлімдеуінше, Тунис президенті бірнеше күн бұрын әскери ауруханаға жатқызылған.
92 жастағы Бежи Каид ас-Себси әлемдегі ең егде президент болған. Ол бұған дейін келесі президент сайлауына түспейтінін айтқан еді. Елдегі сайлау қарашаға жоспарланған.
Биыл маусым соңында Бежи Каида ас-Себсидің денсаулығы нашарлап, жергілікті басылымдар оның өлімі туралы хабар таратқан. Кейін президенттің жақтастары оның өлімін жоққа шығарды.
Ас-Себси «Араб көктемі» көтерілісінен кейін, 2014 жылы өткен сайлауда жеңіске жеткен еді.
2011 жылы Тунистегі наразылықтан кейін ел президенті Зин әл-Абидин Бен Али биліктен кеткен. Наразылар Тунисті 23 жыл басқарған Бен Алиді «пара алды, туыстарын билікке тартты» деп айыптаған. Бен Али наразылық шарасы кезінде Тунистен қашып кеткен. Оған Сауд Арабиясы саяси баспана берген.