“Әркімге ұнауға тырыспа.” Роза Хайруллина кино саласын таңдаған жастарға кеңес берді

0

Роза Хайруллина – театр және кино актрисасы, Ресей Федерациясының және Татарстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1961 жылы 12 қыркүйекте Норильскіде өмірге келген. Роза Хайруллина Қазандағы Камал атындағы ұлттық театрда, Қазан жастар театрында еңбек етті, “СамАрт” театрының жетекші актрисасы болды. 

2009 жылы ол Олег Табаков жетекшілік ететін Мәскеу театр-студиясының труппасына шақырылды. 2012 жылы Мәскеу халықаралық кинофестивалінде Роза Хайруллина Андрей Прошкиннің “Орда” фильміндегі Ханша Тайдула ролі үшін үздік актриса деп танылды. 2013 жылы Ресейдің “Ника” кинематографиялық өнер академиясының ұлттық сыйлығына ие болды. Ол Қазақстанда Ермек Тұрсыновтың “Жат” толықметражды, жас режиссер Жаннат Алшанованың End of Season қысқаметражды фильмдеріне түскен.

Өзімді антиактрисалар қатарына жатқызамын

Күнделікті бірсыдырғы тіршілікті түрлі түске бояғың келгенде өзіңнің жан дүниеңдегі операторлық ұйғарушылық қосылады. Уақыт өте береді, ал күнделікті біркелкі тіршілік өзіне жұта береді. Өтіп жатқан сол әр күнді мейрамға айналдыра алсаң, сен актерлық мамандықты таңдайсың. Танымал болу үшін емес, жетістікке жету үшін де емес, осы мамандықты жақсы көріп, өміріңді осы салаға арнау үшін. Талмай еңбектенсең, есіміңе қызмет етсек, кейін есімің саған жұмыс істейді. Саған берілген қабілет тек 1%-дық көлемде, жетістіктің қалған 99%-ы еңбектің арқасында келеді.

Мен өзімді антиактрисалардың қатарына жатқызамын. Актрисалар көбіне халықтың назарында жүреді, арнайы шараларда көңіл көтереді. Мен өзім түскен фильмдердің премьерасына бармаймын, баспасөздің мен туралы жазғанын оқымаймын. Актерлық мамандықта ең бастысы бұл емес. Актриса болу – күнделікті тынымсыз еңбек, маңдайдан аққан ащы тер.

Роза Хайруллина
Роза Хайруллина. Фото: Кинофестиваль ұйымдастырушылары

Актерлыққа 24 сағатымды арнаймын

Мамандығыма әр күнімнің 24 сағатын арнаймын, әйтпесе, бұл саланы таңдаудың қажеті жоқ. Әрине, театр мен кинодан бөлек тұрмыс бар. Үйде демалу, үй жинау, қоқыс шығару – мұның бәрі керек. “Мен актрисамын, менің өмірімде тек театр мен кино бар”, – деп өмір сүрмеймін, тұрмысты жақсы көремін. Кейде өмір менің айналысатын ісімнен қызық қой деп ойлаймын. Өмір шынайы әрі ғажап.

Спектакльге немесе киноға келген көрермен оны жалпылама көрмейді, ол белгілі бір актерға қарайды. Себебі көрермен ішкі түйсігіне сеніп, өзіне ұнайтын фаворитін таңдап алады. Бірде анам мен қатысқан бір қойылымға келді. Ол кезде мен енді ойнап жүрген жас актриса едім. Спектакль біткен соң анам маған “Бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін. Бірақ мен сендер ойнаған адамдар туралы білмейді екенмін”, -деді. Ал мен сол анам сияқтылардың білетін адамдарын ойнағым келеді.

Роза Хайруллина
Роза Хайруллина. Фото: Кинофестиваль ұйымдастырушылары

Киноны жасайтын адам – оператор

Оператордың актерды түсініп тұруы өте маңызды. Оператор актерды режиссерға қарағанда жақсы сезінеді. Шынымды айтайын, кез келген актер оператордан қорқады. Әсіресе, бірінші түсірілім күні. Бұл күні оператор мен актердың арасында байланыс орнайды немесе орнамайды.

Ештеңе істемеймін, мен шынайы жұмыс істеуді ғана көздеймін. Режиссерға қарағанда оператор актерға жақын және ол бәрін сезіп қояды. Камераға өтірік айтып тұрсың ба, жоқ шынайы ойнап тұрсың ба – бәрі көрінеді. Фильмге шақырғанда мен ең бірінші оператордың кім екенін сұраймын. Маған бір фамилияларды атап, жас операторлар десе, мен ойланбастан келісемін. Себебі жастар ештеңеден қорықпайды. Олар қатып қалған қағидамен өмір сүрмейді. Олар ашық, қайтпас қайсарлы, агрессив. Жастардың өзіне тән шындығы бар, сол нәрсе мені жастармен жұмыс істеуге итермелеп тұрады.

Жас операторларға Федор Достоевскийді, Лев Толстойды, Владимир Сорокинді оқуға кеңес беремін. Олардың шығармаларындағы баяндау тәсілі оператордың фильм түсіргеніндей.

Роза Хайруллина
Роза Хайруллина. Фото: Кинофестиваль ұйымдастырушылары

Ешкімге ұқсама, еліктеме, өзіңді ізде

Әуелі актерлықпен не үшін айналысатыныңды түсініп алуың керек. Бұл мамандықты таңдағанда “бәрі бірден бола кетеді, бәрі күшті болады” деп ойламау керек. Егер өзіңнің айналысатын ісің өзіңе ұнаса, оны жан-тәніңмен беріліп істе. Өз ісіңді дұрыс істеп жатқаныңды білсең, сол жолмен жүр. Ол – өте қиын жол, бірақ сен өзіңе қажеттісін өндір. Мықты актер, оператор не режиссер боламын деп, әркімге ұнауға тырыспа. Ең бастысы, өзіңе ұнай біл. Өзіңе ұнасаң, қалғандарға да ұнайтын сәтің келеді. Барлығы істей алатын нәрсені істесең, сен де солардың бірі боласың. Көбінің қолынан келмейтінді істе, осылайша өзіңді тап. Мысалы, адам музыка саласын таңдағанда бірінші өзіне дейінгілермен, солардың шығармаларымен танысады. Әрі қарай өзіне керегін, өзінікін іздейді. Ешкімге ұқсаудың, еліктеудің қажеті жоқ, сен өзіңе ұқса. Немен айналыссаң да, ол нәрсе өзіңе қызық болсын.

Егер адам мамандығына байланысты бірнәрсені білмесе, кешіріммен қарауға болады. Ол уақыт өте тәжірибе жинап үйренеді. Маған жас режиссерлардың “ішкі мені” маңызды.

Кеше болған оқиғаны ойлама, ол өтіп кетті, ол кешегі болып қалады. Бүгін ғана бар. Кеше алған жаңа жүлдеңді, танымал болғаныңды ұмыт та, бүгін еңбек ет. Осы шақта бәрін жаңадан баста. Бүгін болып жатқан оқиға тек осы шаққа тиесілі. Ешкім ертеңді еске түсіріп отырғысы келмейді. Әлем өте жылдам өзгереді, кеше танымал болған адам бүгін ешкім емес.

Халықаралық фестивальдерге қатыспаппын. Қазақстанға, Шәкен Айманов фестиваліне арнайы келдім. Күн суық болса да, бұл жердің адамдары соншалықты жылы екен. Алматының тұрғындары мені көрген жерде танып, жылы лебіздерін білдіріп, суретке түсіп жатады. Қонақжайлықтарыңызға алғысымды білдіремін.

Алматы сияқты өте әдемі, дамыған, мүмкіндігі мол қалаларыңыз бар. Ресейде еңбек етіп жүрген қазақ азаматтары көп. Олар көптің ішіндегі – ең мықтылары. Бізде бір адам өз ісін өте шебер орындағанда ол адамның кім екенін сұрасаң, “Крутой казахский парень” деп жауап береді. Сондықтан түсірген фильмдеріңізден ұялмаңыздар, сіздер мықтысыздар. Мүмкіндік бар, ештеңеден қорықпайтын, дегенінен қайтпайтын, өз арман-мақсаты бар жастар өсіп келеді. Олар Қазақстанды әлі-ақ дамытады.

Роза Хайруллина
Роза Хайруллина. Фото: Шәкен Айманов кинофестивалінің ұйымдастырушылары
Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!