Жәбірейіл періште кімге «ұқсаған»?

0
219

Пайғамбарымызға (с.а.у.) уахи түрлі жолдармен келген. Соның ең жеңілі – Жәбірейіл періштенің (а.с.) адам кейпіне еніп әкелген уахиі еді. Сахабалардан Харис бин Хишам (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.):

– Уа, Алланың Елшісі (с.а.у.)! Сізге уахи қалай келеді? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабасының сұрағына:

– Кей кезде періште мен үшін адам кейпіне еніп, менімен сөйлеседі. Мен де айтқандарын ойыма тоқып аламын. Бұл – маған келген уахидың ең жеңілі, – деп жауап береді (Табари, «Тәпсір»).

Осы жерде Жәбірейіл періште қандай кейіпте келген деген сұрақ туындайды.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтуынша, Жәбірейіл (а.с.) Дыхия есімді сахабаға ұқсайтын кейіпте келген. «Жәбірейіл көргендерімнің арасында Дыхияға (р.а.) қатты ұқсайды», – дейді Пайғамбарымыз (с.а.у.) (Ибн Сағд, «Табақатул-Кубра»).

Жәбірейіл көбіне осы сахабаның кейпінде келетін болған. Мұны тіпті сахабалардан да көргендер болған. Хазіреті Айша анамыз (р.а.): «Дыхиятул-Кәлбидің сақалы, басы, жүзі Жәбірейілге ұқсайтын», – дейді (Ибн Қайым, «Задул-Мәғад»).

«Бір күні бөлмемде отырғанымда, – деп еске алады Айша анамыз (р.а), – Пайғамбарымыз (с.а.у.) орнынан атып тұрып, сыртқа шықты. Қарасам, қасында биіктеу аттың үстінде, басына ақ сәлде ораған, сәлдесінің ұшын екі жауырының арасына жіберген бір адам тұр екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса қолын әлгі адамның атының жалы біткен тұсына қойып тұр екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ішке кіргенде: «Уа, Алланың Елшісі! Атып тұрып сыртқа шыққаныңыздан қорқып кеттім. Сізге бірдеңелер сыбырлаған әлгі адам кім болды?» – деп сұрадым. Пайғамбарымыз да: «Сен де көрдің бе оны?» – деді. «Иә», – дедім. «Кімге ұқсаттың?» – деді Пайғамбарымыз (с.а.у.). «Дыхиятул-Кәлбиге ұқсаттым. Сіз де қолыңызды атының жалы біткен тұсқа қойып, сөйлесіп тұрдыңыз», – деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сен ең қайырлы нәрсе көрген екенсің. Бұл келген – Жәбірейіл (а.с.) періште еді», – деді.

Шамалыдан кейін Алланың Елшісі (с.а.у.): «Әй, Айша! Жәбірейіл саған сәлем беріп тұр», – деді. Мен де: «Уағалейкумсалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Аллаһ ол қонақты да, үй иесін де нығметіне бөлесін! Үй иесі қандай ғажап, қонағы да ғажап!» – дедім», – дейді Айша анамыз (р.а.) (Ибн Сағд, «Табақат»).

Абдуллаһ бин Аббас (р.а.):

«Әкем Аббаспен бірге Пайғамбарымыздың қасында едік. Пайғамбарымыздың да (с.а.у.) қасында біреу бар еді, екеуі сыбырласып сөйлесіп отырды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әкеме көңіл бөлмеді. Біз  сыртқа шығып кеттік. Әкем болса:

– Ұлым, немере ағамның ұлы менен жүзін теріс бұрғандай ма, қалай өзі? – деді. Мен де:

– Әкешім! Ол қасындағы адаммен сыбырласып сөйлесіп отыр еді, – дедім. Біз дереу ішке кіріп, әкем Пайғамбарымызға (с.а.у.):

– Уа, Алланың Елшісі! Абдуллаһқа былай-былай деп едім, ол да маған сенің қасыңда біреу болғанын әрі сонымен сыбырласып отырғаныңды айтты. Қасыңда біреу бар ма еді? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) маған қарап:

– Уа, Абдуллаһ! Сен оны көрдің бе? – деп сұрады. Мен де:

– Иә, көрдім деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Сол көргенің Жәбірейіл періште еді. Сендерге көңіл бөле алмаған себебім де содан болатын, – деді (Ахмед бин Ханбал, «Муснәд»).

Міне, жоғарыдағы хадистерден Жәбірейіл періштенің адам кейпінде келген кезінде кейбір сахабаларға көрінгендігі әрі оның көбіне Дыхиятул-Кәлбидің кейпіне ұқсас суретте келетіндігін білдік. Ендеше Дыхия деген кім еді?

Шын аты – Дыхия ибн Халифа ибн Фәруа ибн Хазраж. Кәлб руынан шыққандықтан «Кәлби» деген лақаппен танылған. Дыхия – саудагер еді. Пайғамбарымызды (с.а.у.) мұсылман болмай тұрғанның өзінде қатты сүйетін. Тіпті, сауда үшін Мәдинаға келген кезінде де, Мәдинадан қайтып бара жатқанда да Пайғамбарымызды зиярат етіп, оған сый-сияпаттар әкелетін. Алайда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, Дыхия! Мені қуанышқа бөлегің келсе, иман ет те, Жәһаннамның отынан құтыл!» – дейтін. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның тура жол табуын қатты қалап: «Уа, Раббым! Дыхияны Исламмен ырзықтандыр!» – деп дұға ететін. Дыхияның Исламға кіруі «Рухул-баян» тәпсірінде былай деп баяндалады:

«Бәдір соғысынан кейін еді. Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарымызға (с.а.у.) келді де: «Уа, Мұхаммед (с.а.у.)! Аллаһ Тағала саған сәлемін жолдап, Дыхияның қазір құзырыңа шығатынынан хабар берді», – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Дыхияны өзі қарсы алды да үстіндегі шапанын шешіп, жерге төседі де «Дыхия мына жерге отыр» деп қолымен шапанын нұсқады. Пайғамбарымыздың қонақжайлылығын, жұмсақ мінезін, жомарттығын, мәрттігін көріп Дыхия шыдай алмай, жылай бастады. Сөйтті де, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мүбәрак шапанын жерден көтеріп, жүзіне, көзіне басып, төбесіне қойды. Көңілі де сол сәтте иман нұрына толып: «Уа, Алланың Елшісі (с.а.у.) Исламның шарттары не?» – деді. Пайғамбарымыз да: «Әуелі «Лә иләһә иллә Аллаһ, Мухаммадур расулуллаһ!» деуің», –  деп жауап берді. Дыхия да сол сәтте тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болды.

Әнас бин Мәликтің айтуынша, Дыхия нұрлы жүзді, ірі кеуделі, ақ тәнді, дене бітімі жағынан да сахабалардан ең көріктісі еді. Жәбірейіл осы сахабаға ұқсас кейіпте келетіндіктен сахабалар да Дыхияны қатты жақсы көріп, қасынан айырылғысы келмейтін. Дыхия да Мәдина көшелерінде жүзін бүркеп жүретін.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) немерелері Хасан мен Хусейінмен (р.а.) бірге мешітте отыр еді. Жәбірейіл (а.с.) тағы да Дыхияның кейпінде кіріп келді. Хасан мен Хусейін дереу Жәбірейілдің қасына жетіп келіп, бірдеңелер дәметкендей күтіп тұрды. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) немерелерінің бұл тұрыстарын түсіндірмек болып: «Уа, Жәбірейіл! Олар сені Дыхия деп тұр. Дыхия әр келген сайын құр қол келмей, бұл екеуіне сый-сияпат ала келетін», – деді. Жәбірейіл періште де дереу қолын созып, Жәннаттан бір жүзім сабағын үзіп Хасанға (р.а.) берді де, қолын екінші рет қайта созып, Хусейнге (р.а.) анар алып берді. Жәннат мырзалары болған Пайғамбарымыздың екі немересі сыйлықтарын алып, ойындарына кетті.

Дыхия «римдіктердің» тілін жақсы білетін. Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны Византия билеушісі Гераклге дінге шақыру хатын апарып беруге жұмсайды.

Дыхия Ухуд соғысынан бастап маңызды соғыстардың бәріне қатысып, Ярмук соғысында қолбасшы болады. Сирияны алғаннан кейін Шамның Миззә қаласына қоныстанады. Муғауияның дәуіріне дейін сол жерде мекендеген ол 670 жылы дүниеден озды.   

Салтан САЙРАНҰЛЫ