Путин Донбасс тұрғындарының Ресей азаматтығын алу процесін жеңілдетті

0

Ресей президенті Владимир Путин Украина шығысындағы Донецк және Луганск облысы тұрғындарының жеңілдетілген тәртіппен Ресей азаматтығын алу процесін кеңейту туралы жарлыққа қол қойды. Құжат мәтіні ресейлік құқықтық ақпарат порталы сайтында жарияланды. Бұған дейін өзін-өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» және «Луганск халық республикасы» тұрғындары ғана ресейлік төлқұжатты жеңілдетілген тәртіппен ала алған еді.

Құжатқа сәйкес, бұл жеңілдікті 2014 жылдың сәуір айынан бері осы екі облыста тұрақты тұрып келген азаматтар қолдана алады.

24 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин ДХР және ЛХР тұрғындарына жеңілдетілген режимде Ресей азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойған. Кремльдің түсіндіруінше, төлқұжаттар «гуманитарлық және адам құқығын қорғау мақсатында беріледі».

Украина үкіметі ЛХР және ДХР тұрғындарына берілетін ресейлік төлқұжаттарды заңсыз деп таныды. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Ресейдің шешімі Минск келісім-шартына қайшы келеді деп мәлімдеген.

Azattyq