Жаңаөзендік белсенді сотында сот-медициналық сараптама тағайындалды
16 шілде күні Жаңаөзенде жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаевқа қатысты соттың кезекті отырысында судья жәбірленушіге сот-медициналық сараптамасын жасау туралы адвокат өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Жанар Сүндетқалиева хабарлады.
«Сот қаулысы 15 күннен соң күшіне енеді. Сотта жәбірленуші де, куәлер де екі жыл бұрынғы төбелесті өздері бастағандарын мойындады. Сараптама тамыз айында жасалады деп күтіп отырмыз» деді Жанар Сүндетқалиева.
Оның сөзінше, сейсенбі күнгі сотта тағы да бірнеше куәдан жауап алынған. Адвокаттың сөзінше, жәбірленуші деп танылған азамат та және екі жыл бұрынғы көшедегі кездейсоқ болған төбелеске қатысы бар куәлер де Елшібаевқа қатысты талаптары жоқ екенін бірнеше мәрте айтқан.
31 жастағы Ержан Елшібаевты Маңғыстау полициясы «адам денсаулығына қасақана зиян келтірді» деген айып бойынша 2019 жылы 24 наурызда қамауға алған. Тергеу органдарының болжамынша, 2017 жылы тамыз айында Жаңаөзен қаласының шағын аудандарының бірінде түнде болған төбелеске Елшібаевтың қатысы бар. Оқиғаға қатысты сот биыл 26 маусымда басталған. Наурыз айынан бері қамауда отырған белсенді бұған дейін де полиция қысымына шағымданған.
Ержан Елшібаев пен туыстары оны құқық қорғау органы азаматтық белсенді позициясы үшін қудалап отыр деп санайды. Ол билік пен құқық қорғау органдары көзіне биылғы ақпан айында басталған жаңаөзендік жұмыссыз жастардың талабын өткір қойғаннан соң түскен.
Биылғы ақпан мен наурыз айларында Жаңаөзен жастары қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының (бұрынғы «Неке сарайы») алдына жиналып, бірнеше апта бойы биліктен мұнай саласында жұмыс сұраған болатын. Билік жаңа жұмыс орындарын аштық дегенмен жұмыссыз жастар жалақы деңгейіне келіспейді.