«Талдықорған — Үшарал», «Үшарал — Достық» автокөлік жолдарының жөндеуі биыл аяқталады

0

Жетісу жерінің табиғи-климаттық жағдайы туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін аймақта инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін журналистерге арналған брифинг кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев баяндап берді, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының айтуынша, өткен жылы Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы іске қосылды, «Талдықорған-Үшарал», «Үшарал-Достық» автомобиль жолдарының асфальтбетон жабыны төселді, биыл толық аяқталады. Туристік маусымға дейін жол бойында Қызылағаш, Жансүгіров, Көлбай, Қабанбай елді мекендерінің тұсында әжетхана мен эстакадасы бар демалу алаңдары іске қосылады.

— Балқашқа дейінгі жол құрылысының 70%-ы бітеді, келесі жылы  толық аяқтап, жағалаудағы инженерлік – коммуникациялық желілердің құрылысын бастаймыз. Соның нәтижесінде барлық республикалық маңызы бар жолдардың сапасы жақсарады. Келесі жылы Сарыөзек-Жаркент жолының жөндеу жұмыстары аяқталады, — деді Б.Исабаев.

Одан бөлек Текеліде тау туризмін дамытуға көңіл бөлініп, шаңғы-биатлон кешенін салудың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде, «Бұрқанбұлақ» сарқырамасына дейінгі жол қайта жаңартылады. Сол сияқты Шоқан Уәлиханов кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары тамызда аяқталады, жергілікті бюджеттен 253 млн. теңге бөлінді. «Қазқайтажаңарту» РМК ұйымы музей кешеніне күрделі жөндеуді бастады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.