Өткен бес айда Жетісу облысының экономикалық көрсеткіштері артты
Жетісу облысының өткен бес айда экономикалық көрсеткіштері артып, өндіріс, құрылыс, сауда сияқты негізгі салаларда өсім байқалды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің үйлестіруімен Ескелді ауданындағы «Тау Жетісу» туристік нысаны базасында өткен брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Спикердің айтуынша, қазір облыс тұрғындарының саны 700 мың адамға жеткен, жер көлемі – 118 мың шаршы шақырым.
— Алматы облысының құрамынан бөлінгенде өңірімізде экономиканың құрылымына, бюджет кірісінің аз бөлігі қалуына, тағы басқа объективті факторларға байланысты бірқатар көрсеткіштер төмендеген еді. Дегенмен 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста барлық негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізіліп, облыс аймақтар арасында төртінші көрсеткіш көрсетті, — деп атап өтті Б.Исабаев.
Мәселен, облыста биылғы жылдың 5 айында оң динамика арта түсті. Мысалға сауда 1,8 есеге, республикалық бюджеттің түсімдері – 2,8 есеге, құрылыс көлемі – 31,3%-ға, өнеркәсіп өндірісі – 14,1%-ға өсті. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 39,3%-ға жетті (ҚР – 36,5%). Биыл облыс бюджеті 486 млрд. теңгеге жетіп, 16 пайызға өскен.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.