2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі барлық елді мекендер газдандырылады

0

Жетісу облысында газдандыруға жататын 192 елді мекенің  қазіргі кезде 22-сіне газ құбыры тартылды, 288 мың адам газға қол жеткізуге мүмкіндік алды. Соның ішінде 12 ауыл облыс құрылғаннан кейін газдандырылды. 2023 жылдың соңына дейін тағы 18 елді мекен газға қосылады. Бұл жайында бүгін журналистерге брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтып берді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысының айтуынша, Президенттің тапсырмасын орындау аясында 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі барлық елді мекендер газдандырылатын болады. Соның нәтижесінде 506,6 мыңнан астам тұрғын немесе жетісулықтардың 71,7% көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алады.

— Осы мақсатта «Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының ЖСҚ-сы дайындалуда. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы 124 мың халқы бар тағы 66 елді мекенді газдандырамыз. Жобаның 2024-2028 жылдары іске асырылады, — деді Б.Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі