Зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күрес күніне орай акция басталды

0

Халықаралық гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне орай бұл шара елімізде жыл сайын атап өтіледі. 16 күндік акция ба­рысында Қазақстанның 17 орта­лық аймағында жергілікті билік орган­дарының қолдауы­мен әйелдерге қатыс­ты зорлық-зомбылықты жоюға ар­налған флешмобтар мен пікірта­лас­тық сессиялар өтеді. Шара ба­рысында белсенділер мен құқық қор­ғаушылар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің жанайқайын тыңдап, олардың құқықтық білімін арттыруға көмектеседі. 

«Әйелдер мен қыздарға қарсы зор­лық – бұл жаһандық індет. Барша әйелдер мен қыздарды қорлау – әрбір қоғамға түскен таңба. Бұл кез келген қоғам үшін инклюзивті, әді­летті және тұрақты дамуға жол бермейтін үлкен кедергі. Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн­дік белсенді іс-шаралар өткізу арқы­лы біз әйелдер мен қыздардың құ­қығын қорғап, оларға деген құрметті арттырғымыз келеді. Ерлер мен әйел­дердің тең құқылы екенін көрсетіп, негізгі құқықтарының сақта­луын қамтамасыз етсек дейміз», деді БҰҰ бас директоры Антониу Гутерриш өзінің Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күніне орай жолдауында.

Әйелдер құқығын алға тартатын шара әр елде әртүрлі үндеу­мен белгілі. Соңғы жылдары #MeToo, #НеМолчи, #TimesUp сынды көптеген өзге де қозға­лыс­тар дүние жүзі бойынша әйел теңді­гін қорғау мақсатында әлемдік дең­гейде ұйымдастырылып келеді. Ал біздің елімізде бұл шара #Мені Ес­тіңіз­дер: әйелдерге қатысты зор­лық-зомбылықты жояйық деген тақы­рыппен қоғамға үндеу салады. 

«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың нақты ауқы­мы бізге әлі де белгісіз. Көп әйел тұрмыстық кикілжіңдерді іште сақтайды. Өз қиындақтарын айналасындағы адамдарға айтуға қорқады. Бір жағынан олардың бойында сенімсіздік көбірек, олар қылмыскерді жария етуден ұялады. Зорлық-зомбылықтың миллиондаған құрбаны шындықты жасырып келеді. Әйелдердің әрі қарай да жәбір көруіне жол берілмеуі тиіс», деді «БҰҰ-әйелдер» құрылымының атқарушы директоры Фумзиле Мламбо-Нгкука.

Қазақстанда жүргізілген статис­тика деректері бойынша, 2017 жылы Қазақстанда жасалған қылмыстың көбі әйелдердің зорлық көруіне қатысты болған. Оның ішінде 83% қылмыс сексуалды сипаттағы зорлық іс-әрекеттермен байланысты болғандығы көрсетілген. Сондай-ақ көптеген әйелдер өмір бойы өз серігінің тарапынан физикалық, сексуалдық және психологиялық зорлық-зомбылық көріп келген.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»