«Зорлап, тырнағын жұлып, шегемен, тоқпен қинайды»: Сайрагүл Сауытбай қытай лагеріндегі сұмдықты жайып салды — Қазақстан жаңалықтары
Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай израильдік Haaretz басылымына сұхбат беріп, Қытай лагерінде отырғандардың өмірі туралы айтып берді. Ол мұндағы адамдарды зорлап, тырнағын жұлып, шегемен және тоқпен қинайтынын жайып салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сурет: Ellinor Collin
Сайрагүл Сауытбайдың сөзінше, лагерьде шамамен 2 500 адам болған.
«Мен көргендердің ең үлкені – 84 жастағы кейуана. Ал ең кішісі – 13 жастағы ұл бала», — дейді ол.
Айтуынша, лагерьдегі бір кішкентай камерада 20 адам қамалған. Олар үнемі кісенмен жүреді. Сондай-ақ әрекеттерін бақылау камералары арқылы бақылап отырады екен. Ал дәретхананың орнына бөлменің бір бұрышына шелек қойылған.
Қандасымыздың айтуына қарағанда, лагерьде күн қытай тілінен сабақтан басталады. Мұнан кейін адамдар жасамаған күнәларын мойындайды екен.
Тұтқындалғандардың барлығы үнемі таблетка қабылдап, ине салынады. Ресми нұсқа бойынша, осылайша аурулардың алдын алмақ екен. Алайда шындығында тұтқындалғандарға осылайша медициналық тәжірибе жасалатын көрінеді. Салдарынан көбінің ақыл-есі ауысып, ер адамдар белсіз болып қалады, дейді. Сонымен қатар мұндай зорлап, тырнағын жұлып, тоқ және шегемен қинайды екен.
Сайрагүл Сауытбай бұл лагерьге 2017 жыл мәжбүрлікпен келгенін айтады. Оған лагерьде қытай тілінен сабақ беретінін айтқан. Қандасымыз қол қойған құжатта ол ереже бұзып немесе берілген міндеттерді орындай алмаған жағдайда, өлім жазасына кесілетіні көрсетілген.
«Құжатта тұтқындалғандармен сөйлесуге, күліп, жылауға, өзгелердің сұрағына жауап беруге тыйым салынғаны көрсетілген», — дейді ол.
Сайрагүлдың айтуынша, оған форма беріп, кішкентай бөлмеге жіберген. Ондағы төсектің өзі бетоннан жасалған. Десе де әйел тұтқындағыларға жасалған жағдай мұнан да нашар дейді.
«Әр бөлмеде дәретхана орнына пластик шелек қойылған. Әр адамға дәретке отыру үшін күніне 2 минут беретін. Ал шелектегі нәжіс күніне бір-ақ рет төгіледі. Ол толып кеткен күннің өзінде, ертеңге дейін күту керек», — дейді Сайрагүл Сауытбай.
Лагерьде Сайрагүл тұтқындағыларға қытай тілін, сонымен қатар коммунистік партиялардың насихат әндерін үйретуге міндеттелген. Тұтқындағылар «Мен Қытайд жақсы көремін», «Коммунистік партияға рахмет», «Мен – қытаймын», «Мен Си Цзиньпинді жақсы көремін» деген сөздерді қайталауға мәжбүр көрінеді.
Қандасымыздың сөзінше, әнді дұрыс шырқамағандар және тілді меңгере алмағандарды арнайы «қара бөлмелерде» жазалайды. Онда адамдарды электр таяқтармен ұрып, шегелерге отыруға мәжбүрлеген. Кейбірі мұндай бөлмеден тырнақсыз оралатын, дейді.
Бірде Сайрагүлдің өзін жазаға тартылыпты.
«Бірде түнгі уақытта лагерьге жаңадан тұтқындалғандарды алып келді. Олардың арасында қазақ әйел бар еді. Ол менің қазақ екенімді танып, көмек сұрап, құшақтап алды. Мен оған жауап бермедім. Сонда да мені жазалады. Ұрып-Соғып, екі күн тамақсыз қалдырды», — дейді әйел.
Қандасымыздың сөзіне қарағанда, лагерьде бәрінен бұрын әйелдерге қиын. Себебі полицейлер көзіне түскен кез келген әйелді зорлап тастауы мүмкін, дейді. Тіпті, топтық зорлау жағдайлары да болған.
Ал күндізгі уақытта тұтқындағыларға «жасаған күнәлары туралы» ойлануға уақыт беріледі екен. Мұнда қытай тілін білмегеннен бастап, діни ғұрыптарды сақтамауына дейін күнә санайды.
Сонымен қатар Сайрагүл лагерьде күніне 3 рет тамақ берілетінін айтады. Беретіндері — күріш немесе көкөніс сорпасы және бір тілім нан. Ал жұма күндері тұтқындағыларға доңыз етін береді. Кейбірі діни көзқарасына байланысты оны жей алмайды. Алайда тамақтан бас тартқаны үшін жазалайды, дейді.
Сайрагүлдің сөздерін лагерьден қашып шыға алған өзге де әйелдердің әңгімесі растайды.
stan.kz