Зимбабве басшысы толқыған еліне шұғыл оралды
12 қаңтарда Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва телеарна арқылы елде бензин бағасының екі есе өсетінін мәлімдеді де, ертеңінде Ресей-Әзербайжан-Беларусь-Қазақстан сапарына ұшып кетті. Президент сөзінен кейін 14 қаңтарда ел астанасы Хараре мен Булавайо қаласында халық билікке қарсы наразылыққа шықты. Халық Мнангагваны «сайлау алдында берген уәделерін орындамады» деп айыптады.
Зимбабведегі үкіметтік емес ұйымдардың дерегінше, толқу кезінде полиция 12 адамды өлтірген. 78 адам оқ тиіп, жараланған. Полиция 700-ге жуық адамды қамауға алған. Елдегі адам құқығын қорғау ұйымдары 240 азаптау фактісі болғанын хабарлады. Наразылық кезінде үкімет интернетті бұғаттады. Ал Зимбабве қауіпсіздік министрі Оуэн Нкубе «толқу — оппозиция мен елдегі шетелдік ұйымдардың ісі» деді. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі ел билігінің наразылыққа шыққандарға қысым жасап, қудалауын сынады.
Зимбабведе наразылық күшейіп жатқан сәтте президенті Мнангагва сапарда жүрді. Ол 21 қаңтарда Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, «сауда-саттық саласында ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласқан».
Мнангагва Астана сапарынан кейін Швейцарияның Давос қаласында өтетін дүниежүзілік экономикалық форумға баруы керек еді. Бірақ дереу еліне қайтуға мәжбүр болған. 21 қаңтар түнде Хараре әуежайына қонған Мнангагва телеарнаға сұхбат беріп, Ресей мен Қазақстанға іссапар сәтті болғанын айтқан.
«Елде тыныштық орнағанына қуаныштымын. Халық жұмыстарына көңіл бөлуі керек. Біз Зимбабвенің дамығанын қалаймыз» деді Мнангагва әуежайда.
Кейін Twitter парақшасында халықтан наразылықты тоқтатуды сұрап, елдегі саяси партияларды, діни, азаматтық ұйымдарды диалогқа шақырды.
«Әркімнің наразылыққа шығуға құқығы бар. Бірақ бұл бейбіт митинг болған жоқ. Полиция бөлімшелеріне шабуыл жасау, қару-жарақ пен форма ұрлау – бұл Зимбабвенің жолы емес» деп жазды Мнангагва Twitter парақшасында.
Associated Press ақпарат агенттігінің жазуынша, Мнангагва Ресейге барған сапарында Владимир Путинмен қарыз алу жағын талқылаған. Ал қаңтардың ортасында Зимбабве билігі Оңтүстік Африка республикасынан 1,2 миллиард доллар несие сұраған, бірақ ОАР қарыз беруден бас тартқан.
21 қаңтарда Зимбабве жоғарғы соты үкімет интернет бұғаттауға құқығы жоқ деп шешім шығарды. Ал 22 қаңтарда ел билігі интернет пен әлеуметтік желілердің жұмысын ішінара қалпына келтірді.
76 жастағы Эммерсон Мнангагва Зимбабве президенті қызметіне 2017 жылы қарашада кіріскен. Ол бұл қызметте елді 37 жыл үздіксіз басқарған Роберт Мугабені алмастырған.
2017 жылы қарашада Зимбабведе әскери төңкеріс болған. Әскерилер Мугабені биліктен құлатып, үйқамаққа алған. Мұның алдында Мугабе келесі президент болып өзінің әйелі Мугабе Грейс сайлануы үшін вице-президентті отставкаға жіберген.
Марксшіл Мугабенің тұсында Зимбабвенің экономикасы құлдырап, ұлттық валютасы қатты құнсызданып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты нашарлай түскен. Азаматтық белсенділер мен оппозиция жетекшілері қысымға ұшырап келген. Мнангагва сайлау кезінде ел экономикасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге уәде берген. Бірақ елде азық-түлік, ақша, жанар-жағармай тапшылығы әлі бар.
Дереккөз: Азаттық