Зілзаланы анықтаудың тиімді тәсілі

0

Томас ФУЛЛЕР, Кэйд МЕТЦ,

«Нью-Йорк Таймс» – Сан-Франциско (АҚШ)

Әлемдегі ең апатты зілзалалар – 2008 жылғы Қытайдағы, 2010 жыл­ғы Гаитидегі, 2011 жылғы Жа­пониядағы жер сілкіністері сейс­микалық карталарда қауіпсіз өңір ретінде көрсетілген аймақта болды. 

Кейбір сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллектінің көмегімен қазір барынша мол сейсмикалық деректерді сараптау арқылы зілзаланы тереңірек түсінуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ ол оның күшін болжап, ертерек ескерту жасауға көмектеспек. 

«Өмірімде бірінші рет осы мәселеде ілгерілеудің болатынынан үміттенемін», дейді Лос Аламос ұлттық зертханасының өкілі Пол Джонсон. 

Жасанды интеллектіге сүйе­не­тін жаңа зерттеу нейрондық жүйеге негізделген. Мұндай техноло­гиялар диджитал көмекші мен жүр­гізушісіз көлік саласына қар­қынды өзгеріс әкелді. Нейрон­ды желі өздігінен үйренетін ке­шенді математикалық жүйе ретінде жасалған. 

Ғалымдардың сөзіне қара­ған­да, сейсмикалық деректер ау­дио даталарға ұқсас. Мұндай аудио­ларды Амазон секілді компания­лар нейронды желілер арқы­лы Алекса тәрізді цифрлы кө­мек­шілердің айтылған бұйрықты мүлтіксіз анықтауы мақсатында қолданады. 

Зілзалаға сараптама жүргіз­генде компьютер ғалымға емес, тау болып үйілген деректерге арқа сүйейді. «Сөз тізбектерінің ор­нына біз іс-қимыл өлшемдерін қолданамыз. Яғни деректерден ды­бысты анықтағандай бай­ланыс­тарды іздейміз», дейді Ка­ли­форниядағы Технология инс­ти­ту­тының зерттеушісі Закари Росс. 

Гарвард университетінің профессоры Брендан Мэйд Google компаниясында тағылымдамадан өткеннен кейін осы тәсілге те­реңінен үңіле бастады. Ол шә­кірт­терімен бірге нейронды желіні қолданып, зілзала сараптамасын бұрынғыға қарағанда 500 есе жылдамдықпен орындап шықты. Бұрын бірнеше күнді алатын шаруа санаулы минуттың ішінде аяқталды. 

Доктор Б.Мэйд мұндай жасанды интеллект тәсілдері жаңа мүм­кіндіктерге жол ашатынын да анықтады. Осы күзде ол Google және Гарвардтағы басқа зерттеушілермен бірге нейронды желінің зілзаланың артынан болатын сілкіністерді анықтаудың жолы көрсетілген ғылыми жұмы­сын жариялады.

Оның пайымдауынша, мұндай жоба жер сілкінісін зерттеу ғылымына үлкен өзгеріс әкелмек. 

«Қазір технология адамдармен бірдей, тіпті олардан да жақ­сырақ нәтиже көрсететін деңгейге жетті», дейді доктор З.Росс. 

Жапония мен Мексикада ерте ескерту жүйесі бар. Калифорния да өзінің нұсқасын жасап шықты. Ғалымдардың сөзіне сенсек, жа­сан­ды интеллект жүйенің нақты­лығын жақсартып, жер қыртыс­тарының қозғалысы мен бағы­тын анықтауға көмектеседі. Соны­мен қатар ертерек ескерту жасап, 

аурухана және басқа да инсти­тут­тардың әзір болуына мүмкіндік бермек. 

Нейронды желі деректерден таныс белгілерді анықтауда ешкімге дес бермегенімен, тектоникалық қабаттар жанасқанда шығатын дыбыстар секілді жаңа сигналдарды табу барысында қиындыққа кезігеді. 

Әйтсе де, Доктор Джонсон бас­таған әріптестер «кез келген орман» деп аталатын компью­тердің өздігінен үйреуіне жағ­дай жасайтын тәсіл зертхана жағ­дайында бейтаныс сигналдар­ды анықтағанын көрсетті. Бір тә­жірибеде тектоникалық қабаттан шыққан, ғалымдар мағынасыз санаған дыбысты дәл анықтады. Бұл жер сілкінісінің қашан болатынынан хабар береді. 

Токио университетінің ұстазы Роберт Геллер секілді ғалымдар жасанды интеллектінің болжамды жақсартатынына күмәнмен қарайды. Ол бұған дейінгі зіл­залалар арқылы жаңа жер сілкі­нісін анықтауға болатынына сенбейді. Ол жер сілкінісі күт­пе­ген жерден болмағанда ғана жасанды интеллектінің пайдасын кө­реміз деп есептейді. 

«Ешқандай жолын көріп тұр­ған жоқпын. Егер болашақты бол­­жай алмасаңыз, сіздің гипо­те­за­ңыз қате», дейді доктор Р.Гел­лер.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»