Зияткерлік мектеп әдістемесімен танысты

0

Маңғыстау ауданында алғаш рет өткізілген тәжірибе тара­ту семинары алты секция бойын­ша жұмыс істеді. Мектеп дирек­торларының басын қосқан «Жаңартылған білім мазмұнын енгізу жағдайында білім беру процесін ұйымдастыру ерек­шеліктері» секциясында мектеп директоры жаһандық азамат түсінігі және оны орта мектептерде енгізудің маңыздылығы жөнінде баяндап, кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтты. Өңірдегі Педаго­гикалық шеберлік орталы­ғының директоры Қ.Боран­баева «Ұжымды басқару: көшбас­шы­лық және командалық жұ­мыс» тақырыбында ой өрбітті. 

«Мұғалімнің кәсіби дамуы – сапалы білім негізі» секциясында зияткерлік мектептің ұстаздары Маңғыстау ауданындағы мектеп директорларының бейінді жұмыстар жөніндегі орынбасарларына мұғалім көшбасшылығы арқылы мұғалімнің кәсіби дамуы­на ықпал ету жолдарымен, іс-әрекеттегі және сабақты зерттеу тәжірибесі, әдіс-тәсілдері туралы баяндады.

Биыл күзде Астана қаласында өткен Х «Жаңа дәуірдің мектебі» ғылыми-тәжірибелік конференциясында әлемнің 24 елінен жиналған білім сарапшылары баланы тәрбиелеу жұмыстары жа­йында мәселе көтеріп оны мектепте жүйелеу туралы, баланы мектеп аясында тәрбиелеу өзектілігін жоймағанын айтқан еді. Бұл тұрғыда зияткерлік мектептің тәрбие беру жұмыстары өзге мектептерге үлгі ретінде таратылуда. Мәселен, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары А.Ихсанова мен мектеп кураторлары «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жү­зеге асыру арқылы мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру» сек­циясында бала және ата-

анамен жұмыс, ата-ананы мек­теппен бірге жұмыс істеуге бет бұрғызу әдістері жайлы айтты. Облыстағы мектептерге тәр­бие бағытында тәжірибе тарату маңызды мәселелер қатарында болғандықтан, өңірдегі зият­керлік мектепте «Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәрбие жүйесінің тәжірибесінен» тақырыбындағы облыстық семинар өтіп, мектеп кураторлары өңір мұғалімдерімен өз тәжі­ри­белерімен бөліскен еді. Балаға білім берудегі маңызын жоймайтын тағы бір мәселе – оқушыны кітап оқуға мектеп қабырғасында баулу. Се­м­инарда бұған қатысты «Оқушыларда кітап оқу мәде­ниетін қалыптастырудың бел­сенді әдістері» секциясы ұйым­дас­тырылды. Мектеп кі­тап­хана­шысы балаға «кітап джемі» және ертегілер мен шығарма негізінде «3D кітап жасауды» 20-дан аса кітапханашыға көр­сетті, бірігіп кітап жасады. Кі­тап­ха­нашылар мұндай шара­лар­­дың балаларды кітап оқуға баулитындығын айтты. Сондай-ақ директордың бейінді-экспе­ри­менталдық жұмыстар бойынша орынбасарының жетекшілігімен «Критериалды бағалау жүйесін енгізу про­цесін басқару» секция­сы өтті. Мектеп координаторларына педагогикалық шеберлік ор­та­­лығының тренерлері жаңар­тылған білім мазмұны жағ­да­йында оқушыларды жиынтық ба­ғалаудың ерекшеліктері туралы баяндады.

Көптеген пән мұғалімдеріне қызықты болған секция – «Жа­ңар­тылған білім мазмұны б­ойынша оқыту ерекшеліктері». Бұл секция бойынша 200-ден аса ұстаз зияткерлік мектептегі пән мұғалімдеріне жаңа білім мазмұнына қатысты қызықты әдіс-тәсілдерді тыңдады.

– Зияткерлік мектептегі әріп­тесіміздің көмегімен бүгінгі семинарда жаңартылған білім беру мазмұнын тиімді пайдалану бойынша өз пәнімізге қажетті маңызды мағлұматтарды алдық. Әсіресе критериалды бағалау және тоқсандық бағалау бо­йынша сұрақтарымызға жауап берілді. Семинар тиімді өтті деп есептеймін, – дейді Қаратөбе орта мектебінің химия пәні мұғалімі Ж.Теңізбаева.

Тәжірибе тарату процесі барысында ұстаздар тарапынан зияткерлік мектеп мұғалімдерінің сабақ өткізу процесіне қатысу ту­ралы ұсыныс көп болды. Осы­ған орай, білім ордасының мұға­лімдері облыстағы 200 пән мұға­ліміне арнап 40 ашық сабақ өт­кізді. Арнайы ашық сабақ күнін­де балаларды сабақ барысында ба­ға­лау, тақырыпты түсіндіру, кері байланыс процес­теріне тоқ­талды.

Ұрпаққа заманауи білім беру әдіс-тәсілдерін жетілдіру бағы­тындағы зияткерлік мектеп­тің көш­басшылығы – барша мектептерге үлгі. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/