Зиянкестерді улаймын деп 6 жасар баланы өлтіріп алды

0
82

Оқыс оқиғаның салдарынан тағы екі бүлдіршін ауруханаға түскен.

Қандаланы қырудың соңы қазаға әкелді, деп хабарлайды Zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Ақтауда алты жасар бала токсикологиялық заттан уланып, көз жұмды. Көршілері зиянкестерді жою үшін химикатпен тазарту жұмысын жүргізген көрінеді. Соның салдарынан жоғарғы қабаттағы бір отбасынан үш адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Көршілердің айтуынша, ең сорақысы дезинфекция жүргізгендердің өзі ешкімді ескертпей, жұмыстарын тындырып болған соң кетіп қалған.

Қайғының қара бұлты үйірілген пәтер қазір мөрленген. Отбасындағы төрт және бес жастағы бүлдіршіндер ауруханада жатыр. Ал олардың алты жастағы ағалары есінен танып қалған. Ақ халаттылар араша түспек болғанымен, ауруханаға демсіз жеткен бала жан тапсырды.

Азамат Сәрсенбаев, Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі:

-Өкінішке қарай, алты жастағы бала есін жимай қайтыс болды. Қалған екеуінің қазіргі уақытта денсаулығы бірқалыпты. Өздерін жақсы сезінеді. Жанында анасы бар. Қазір педиатрия бөлімінде жатыр.

Жетінші қабаттағы екі тұрғын қандаланы қыру үшін пәтерлеріне дезинсекция жүргізген. Бірақ бұл жағдайдан сегізінші қабаттағылар хабарсыз қалыпты. Ал химикатты сепкен көршілері сол күні кеткеннен әлі оралмаған көрінеді.

Айман Жұматай, Ақтау қаласының тұрғыны:

-Біздің құбырымыз бөлек болғасын, иіс сезген жоқпыз. Бірақ балаларымызды алып кетіп қалдық. Мінекей бүгін келіп тұрмыз. Көршіміздің алты жастағы бала қайтыс болды деп естідім. Бүгін Бейнеуге алып кетіпті, баланы жерлеп жатыр.

Эпидемиологтар у жайпаған пәтерден сынама алды. Қандаланы қыруға арналған химикаттың базардан сатып алынғаны анықталды. Бірақ оның нақты құрамы, неден дайындалғаны әзірге белгісіз. Оқыс оқиғаға байланысты тексеріс жалғасып жатыр. Айта кетейік, өткен жылдың қарашасында Маңғыстау облысында дәл осындай қабырғаны қайыстырған қаза болды. Бүргеден құтылу үшін пәтерді улаудың соңы 29 жастағы келіншек пен 2 жасар бүлдіршіннің өмірін жалмаған еді. Қауіпсіздік пен сақтық шарасын сақтамау өкінішке қарай сан соқытырып, талайға қайғыдан қан жұтқызуда.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/