зиялы қауым қазіргі тойдың басты кемшілігін атады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қазақ зиялылары қазіргі тойдың мәні де, сәні де жоғалып бара жатқанын айтады. Олар халықтың қазынасы нарық заманының салдарынан ұлттық болмысынан айырылып барады деген ойда

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik, Арман Асқар. Ақын-жазушылар тойдың мазмұнын қалай өзгерту керектігін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

«Адамға шын қуаныш керек…»

Жазушы-драматург Төлен Әбдік тойдың қазіргі форматын ауыстыру үшін уақыт керек деп санайды. Себебі бір стереотипті өзгерту оңай емес.

«Бұл біреу өзгертейік деп, өзгерте салатын нәрсе емес қой. Оған уақыт керек. Ұрпақ ауысуы керек шығар. Иә, адамды жалықтыратын тойлар болады, кейде дұрыс өтетін тойлар да бар. Ол өзі бір стереотип қой. Мысалы, қазір жұрттың бәріне сөз беру әлі басылмай жатыр ғой. Шынымен де, шаршап шығасың. Музыканы даңғырлатып қояды. Ал тойға барғаннан кейін адаммен араласып, сөйлескің келді. Оған мүмкіндік бермейді», — дейді Төлен Әбдік.

Тағы оқыңыз: Әр қазақтың үйлену тойында орындалатын хит әндер – видео

Осы орайда жазушы шетелдегі жиындарды мысалға келтірді. Ол жақта тойға барған адамдар танысымен сөйлеседі, пікір алмасады. Тілек айтқанда ешкім ұзақ сөйлемейді.

«Сосын халықты әдемі сөздер мен бөлек бір адамдардың төңірегінде емес, құндылықтардың төңірегінде біріктіру керек. Қазір бір асабаны таңдап алады. Ол айқайды салып сөйлейді. Оны тоқтата алмайсың, өңкей бір поэзия, ұйқасқан сөздер. Оның бәрі — «фальш». Ал адамға шынайы сөз, шын қуаныш керек», — деп атап көрсетті Әбдік.

Тойды тілексіз өткізуге болады

Ал Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бір тойын тілексіз өткізіп көрген. Ол жиын концерт сияқты өтті. Қонақтардың бәрі риза болып кетті.

«Мен қызымның тойын тілексіз өткіздім. Ешкімді сөйлеткен жоқпын. Тілекті тамаданың аузына салып бердік. Мына үстелде осындай адам отыр, сол қонақтардың құрметіне ән шырқалсын, келесі үстелде отырғандар үшін күй тартылсын деп, өнердің жарысы сияқты өткіздік. Артынан бір депутат досымыз келіп, сіздің тойыңыз керемет өтті, бірақ мен олай істей алмаймын, себебі алыстан келген туыстарым өкпелеп кетеді деді. Бізде ондай реніш болған жоқ», — дейді Ұлықбек Есдәулет.

Тағы оқыңыз: «Ажырасу көбейіп кетті»: этнограф қазақтың ежелгі салтын жаңғыртуды ұсынды

Оның ойынша, бәрі ұйымдастыру шараларына байланысты. Кей кезде асабалардың деңгейі төмен болады. Ондайда тамада арзан сөз айтып, тойдың мәнін де, сәнін де кетіреді. Тойда отыратын адамдардың жас ерекшеліктері де әртүрлі.

«Енді, тойдың басқа да форматын іздеу керек. Ешкімге ұқсамайтын той жасаймын десең, бәрі қиялыңа байланысты ғой. Мысалы, қызымның тойын мен өзім өлеңмен аштым. Үлкен кісінің батасын алдық. Қалғанын әнші-күйшілер атқарды. Бәрі бұл бір ерекше той екен деп кетті. Ал енді ұлым үйленгенде тілек бергіздім. Ол той басқаша болды», — деп атап өтті Есдәулет.

Беташардың негізгі мақсаты — ақша қағу

Танымал сықақшы Көпен Әмірбек те қазіргі тойдың біраз кемшілігін байқады. Оның айтуынша, тойдың тәрбиелік мәні жоғалып барады.

«Мысалы, қазақ ұлтының салты, әдет-ғұрпы мен дәстүрінің қаймағы бұзылмаған замандағы тойды бір сәтке елестетіп көріңізші? Мөлдір ме? Мөлдір. Сол кезде қызды ұзатқанда болашақ шаңырақтың беріктігін ұстайтын тәрбиемен ұзатып шағарып салды. Қыз болашақ ана екенін және ол болашақ шаңырақтың үрім-бұтағын таратуға бара жатқанын сезінеді. Ал қазір тұрмысқа шығатын қыздарда, құдай-ай, сондай бір сәуледей ғана саңылау бар ма? Күйеуге шығып бара жатқанына қуанғандай болып көрінеді. Теңімді таптым-ау деген ғана бір мақтаныш бар», — дейді Әмірбек.

Сатирик қазіргі үйлену тойындағы беташар рәсімін де сынға алды. Себебі бұрын келіннің бетін ашқанда ақша салатын дәстүр болмаған.

Тағы оқыңыз: «Тойдың тең жартысы керек емес»: Мамандар қазақша «понтты» сынап тастады

«Баяғыда келіннің беташары қалай болды? Әдемі дәстүр, әдемі әдеп, бір ғажап қуаныш пен шаттық болатын. Ал қазіргі беташарларда асабаның негізгі мақсаты — келінге көбірек сәлем бергізіп, қонақтардың қалтасын қағу. Анаған бір сәлем, мынаған бір сәлем дейді. Содан олар ақша салып, бәсекеге түседі. Баяғы заманда беташар жасап, ақша тастайтын дәстүр бар ма еді? Жоқ. Ол қайдан келген нәрсе? Кешегі кеңес үкіметінің соңғы бір 10-15 жылында нарық заманына байланысты енді-ау деймін. Міне, тойдың сәні мен сымбаты да содан кетіп отыр. Соған етіміз үйреніп кетті», — деп түйіндеді Көпен Әмірбек.

Жазушының айтуынша, қазіргі тойда бір адам тілек айтады, қалғаны соның бәрін қайталап шығады. Сол себепті кеңес заманынан келе жатқан «өзбектің тойы — би-жарыс, орыстың тойы — құй да іш, қазақтың тойы — жиналыс» деген келеке сөз әлі де өзекті болып тұр.



sputniknews.kz