Жыр алыбы Жамбылдың өмірі сахналанды
Театр сахнасы зал толы көрерменнің қошеметімен ашылды. Бірден жырдың атырабына қарай жетелеп кететін домбыра үні қойылым тақырыбынан хабар бергендей жүз жасаған жыр-Жамбылдың балалық шағына қарай бастады. Сахнадағы сан-салалы көріністер құндақтаулы сәбидің өмірі тек жырмен, дала жырымен байланысты екендігін нақыштап тұрғандай еді. Шағын ауылдың қуанышты әрі мұңды сәттерін бимен өрнектеген әр түрлі қимылдар, сондай-ақ дала төсін дүбірлеткен жылқы образы ерекше бір үйлесімде Жамбыл өмірімен астасып жатты.
Тебіреністі көңіл-күйде отырған көрермен қойылымның аяқталып қалғанын да аңғармай қалды. Сәл үнсіздіктің арты залдан ду қол соға көтерілген көрменнің ыстық ықыласына ұласты. Бұл көрерменді ерекше бір толғанысқа, әсерге бөлеген театр ұжымының бір жыл дайындықтағы жұмысының нәтижесі еді. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Есмұхан Обаев жаңаша бір ізденіске құрылған спектальге жоғары бағасын берді. «Алатау етегінде жаңа үн шығып жатыр. Жаңа тұлға сахналанды.
Ұлы Жәкең туған жердің іргесінде ешкімге ұқсамайтын, ішкі академиясымен ғана жұмыс жасай білетін, ұлттық сипаттағы жаңа бір ұжым қалыптасты» деген театр тарланы ерекше образдармен қатар дала жылқысын сахнаға алып шыққан суретші Ерлан Тұяқовқа, тарихи тұлғаның образын көрерменге жеткізе білген драматург Әннес Бағдатқа, спектакльдің кеңесшісі Жамбылдың көзін көрген Шаштай ақсақалдың ұлы, жазушы Жұмабай Шаштайұлына, осы көркем дүниенің бар қиыншылығын арқалып келген режиссер Есләм Нұртазинге, оқиға мен көрермен арасындағы байланысты көркемдеген «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бишілеріне, режиссер-хореограф Әсел Абақаеваға, костюмдерді жоғары талғампаздықпен, үлгімен ұсынған Гүлжан Ниетқабылға риясыз алғысын білдірді.
Жаңа қойылымында Жамбылдың рөлін Әсет Есжан сомдаса, Сүйінбайды Тимур Пиязов, Жыршыны Шаттық Уатқан, Жапа рөлінде Нәсіпжан Басшыбай, Ұлданды Құралай Мырзалинова, Бұрымды Жанерке Дүйсенбиева, Сарыбайды Жеңіс Қанырбеков, Қисыбайды Ертуған Құрмашев, Сыздық сұлтанның рөлінде Нұрлан Сағынаев, Құлмамбет ақынды Сәулежан Тақзия, Сарыны Қуаныш Алтыбаев, Балықтың рөлінде Жасұлан Мұсағалиев ойнап, спектакль жүгін бірлесе көтерді.
Драматург Әннес Бағдаттың айтуынша, Жамбылдай тарихи тұлғаны сахнаға әкелу әрине оңай болған жоқ. Кез келген дәуірді, тарихи оқиғаларды бүгінгі күнмен үйлестіру ұжымдық жұмыстың жемісі. Жамбыл тұлғасын ашу, тарихи тұлғаның өмірін көркем туындыға айналдыру көп ізденісті, жанкешті еңбекті талап етеді.
Қойылымның көрерменге музыкалық драма ретінде жол тартуы спектакльдің басты ерекшелігі. Пьеса бейнелеу құралдарының сахналық қойылымдарын ескере отырып жазылғандықтан, мәтіндер қысқа әрі астарлы, бейнелі теңеулерге негізделіп, қазіргі драматургия мен музыкалық драманың шарттары ерекше үйлесім тапқан.
Театр директоры Берік Жүсіптің айтуынша, «Алатау» театры аз-кем уақыт ішінде шығармашылық тұрғыдан толысты. Көрерменге көне тарихымызды замануи көріністер арқылы жеткізуді бағыт-бағдары етіп ұстанған театрда жыршы бабамыздың өміріне арналған қойылымның тұсауы кесілгендігі кездейсоқ жайт емес. Берік Жүсіптің айтуынша, театр өзгелерге ұқсамайтын бағыт ұстанады. Жаңаның айналасындағы жаңашылдық арқылы фольклорлық мұраларымызды заманауи негізде қайта туындатуды мақсат етеді.
Театр ұжымына Жамбыл бабамыздың жасын, өнердегі бағы мен дәулетін тілеймін деген театр директорының айтуынша, Жамбыл тұлғасы көп жағдайда саясиланып, шығармашылығы назардан тыс қалып жатады. Ақындығын сөз еткеннің өзінде қисынсыз қағидаттар жасалады. Жамбыл – эпик жыршы. Айтқан жырларында, эпикалық мұрасында шек болмаған. Қалай дегенде де эпикалық жыршының ақыннан деңгейі жоғары емес пе?.. Жамбыл ХІХ ғасырдағы ауыз әдебиетінің жарқын үлгілерін, мол мұрасын жадына түйген жыршы. Сондықтан да бүгінгі қойылымның өзіндік жүгі ауыр.
Жамбылдың тұлға ретінде қалыптасуын және азаматтық тұрғыда өсіп-жетілуін сахнада заманауи тәсілдер арқылы көрсету, жүз жасаған эпик жыршының өзі өмір сүрген қоғамға қаймықпай ой айтқан кезеңдерін жұртшылықтың назарына жеткізе білуде үлкен ізденісті аңғарамыз.
– Спектакльге дайындық барысында көп жағдайда ғылыми негіздер басшылыққа алынды. Сондықтан да бұл қойылым музыкалық-философиялық драманың жүгін арқалап отыр, — дейді Берік Мырзалыұлы. – Режиссер мен пьеса авторының, сахна декораторы мен би режиссерінің, қала берді ұжымның үйлесімді еңбегінің нәтижесін көрерменнің ыстық ықыласынан аңғарамыз. Мұндай ерекше декорация беріп ойнату бұрын-соңды қолданылмаған тәсіл. Динамикалық сценография қолданудың нәтижесінде драматургия заңдылықтары сақталып, хореография, дәстүрлі музыка мен драмалық сахналар өзара жымдаса түскен. Жылқы – қазақтың жаны десек, сахнадағы жылқының, жалпы пьеса көріністерінің контемпорари, фолькденс би бағыттарымен үйлесім тауып отыруының өзі көрерменге ерекше әсер берді. Декорация да, би де көріністің қуанышы мен мұңын ерекше әуезбен үйлестірді.
Кәсіби мамандар мен көрерменнің пікіріне сүйенсек, қойылым өз үдесінен шығып, өзі көтерген жүкті ақтады.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ