Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күні

0

Бүгін ақын, жырау, жыршы Жамбыл Жабаев дүниеге келген күн.

Жырау 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Жасынан өлең-жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім — Сүйінбай…» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алған.

Ақынның немерелерімен, колхозшылармен кездесуі. 1936 жыл. Алматы/ Kazinform
Сүйінбайдың тәлімімен шеберлігін шыңдап, шаруа халықтың әншісі болды. «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым»деп жырлаған жырау халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізді.

Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет тіліне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті. 1936 жылдың көктемінде Жамбыл Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне қатысады. Осыдан соң бұл қалаға тағы екі рет барады. 1937 жылы қазақ делегациясы құрамында Грузияға барып, грузин әдебиетінің классигі Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750-жылдығын тойлауға қатысады. 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді.

Ақын 1945 жылғы 22 маусымда, жүз жылдық ғұмырға сегіз ай жетпей көз жұмды. Ақын өзінің он екі бөлмелі үлкен үйінде өмірден озды. Бұл үй 1938 жылы, ақын шығармашылығының 75-жылдығын тойлау қарсаңында, осы мерейтойға арналып тұрғызылған болатын. Ақынның өзінің өсиеті бойынша, оны алма бақпен қоршалған үйінің қасына жерледі. 1946 жылы, ақынның 100 жылдығы қарсаңында, бұл жерге мавзолей салынды. 1946 жылы ақынның 100-жылдығына орай оның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық музей ашылды. Бұл музей қазіргі кезде Алматы облысының ғана емес, бүкіл республиканың мақтанышы болып отыр.

Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. ХХ ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, Саяділ Керімбеков, Орынбай Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар. 1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанған. І сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды.

Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге, шет мемлекеттерде де көшелерге берілген. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық, 160 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.

1952 жылы «Жамбыл» көркемсуретті фильмі (режиссері Ефим Дзиган, «Қазақфильм»), 1994 жылы «Жамбыл: адамзаттың ұлы жыршысы» (режиссері Қалил Омаров, «Қазақтелефильм») атты деректі фильм түсірілді. 1996 жылы ақынның 150-жылдық мерейтойына орай «Жамбылдың жастық шағы» атты фильм жасалды. 2016 жылдың ақпан айында «Қазақстан» ұлттық телеарнасы көрермендерге төрт бөліктен тұратын «Жамбыл» телесериалын ұсынды.

Тараз, Алматы, Есік (Алматы облысы) қалаларында, Атырау облысындағы Сафоновка ауылында, 2002 жылы Киев қаласындағы Нивки саябағында, Санкт-Петербург қаласында (Петербург қаласының 300-жылдығына Қазақстанның сыйлығы) жыраудың ескерткіші орналасқан. Ақынның 170-жылдығына орай Сербияның астанасы Белград қаласында тағы бір ескерткіш бой көтерді.

Әзербайжанда Жамбыл Жабаевқа арналған пошта маркасы шығарылғанын жазған болатынбыз.