Жыныстық бопсалау — Перуашев Асқар Садықовтың партия қатарынан неге шығарылғанын түсіндірді
«Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Telegram арнасында бұрынғы партияласының неліктен Мәжіліс депутатының мандатынан айырылғаны туралы мәлімет жариялады.
«Асқар Садықовтың партиядан шығарылғаны жөнінде журналистердің толассыз сұрақтарына түсініктеме бере кетейін. Партиямыздың атына А.Садықовқа қатысты бірқатар шағымдар түсті, онда айтылған жәйттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылды. Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын. Мәселен, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам А.Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткенін айтып арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде ватсабына А.Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептерге байланысты оның бопсалауына тап болған аталған жәбірленушінің есімі жасырылған)», — деп жазады А.Перуашев.
Оның айтуынша, мұндай жағдай бірнеше рет қайталаған.
«Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарды жауапсыз қалдырып, елемеген екен. Алайда 15 мамырда бұл әрекеттер тағы қайталанған және арызданушының айтуынша, Асқар Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде басқа күндерде де жалғастырған. Бірақ А. Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігіне байланысты харрасментке тап болған жәбірленуші құқық қорғау органына жүгіне алмаған. Пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіні туралы ескертуіме жауап ретінде А.Садықов „өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екенін“ айтты. Сондықтан, біз бұл кедергіні алып тастадық, ал Асқар Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді. Оның лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданды. Оның кейбіреулері құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін, ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз», — делінген партия төрағасының жазбасында.
Азат Перуашев бұрынғы партияласының әрекетін «өте лас жағдай» деп бағалаған.
«Көріп отырғандарыңыздай, өте лас жағдай орын алған. Біреудің хабарламаларын оқып, оны жариялауға еш құлқым жоқ еді. Алайда, біздің үнсіздігімізді біреулер басқаша түсінген сияқты, сұхбаттың бірінде өзін 1937 жылғы репрессия құрбандарымен салыстырып, „шындық“ үшін жазым болғандай қылып жеткізген Асқар Садықов та соған себепші. Бұл „шындықтың“ да шынайы бет жүзін көрсетуге мәжбүрміз, одан басқа да эпизодтар мен құжаттар жетерлік. Пленум нақты фактілерге сүйене отырып А. Садықовты партиядан шығару жөнінде шешім қабылдады. Соның ішінде бұл жағдайлардың (бірнешеу) одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін», — дейді Мәжіліс депутаты.