Home Жаңалықтар жын кіргенін қалай білуге болады

жын кіргенін қалай білуге болады

0
269

НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik, Дәурен Ерболат. Дені дұрыс адам аяқ асты ақылға қонымсыз әрекет жасап, құран оқылған кезде мазасы қашса, өз-өзімен жиі сөйлессе, халық оны «жын кірді» деп атайды. Sputnik Қазақстан тілшісі «Жын адамға қалай кіреді? Одан қалай сақтану қажет? Адам бойынан жынды шығару үшін не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Адамның бойына жын қалай кіреді?

55 жастағы халық емшісі Құралай Тезекбаева 2001 жылдан бері науқастарды емдеп келеді. Ол адам бойына жын әртүрлі себептермен кіретінін жеткізді. Оның айтуынша, жын еркек, не әйел деп жыныс таңдамайды.

«Жын кіру» деген өмірде бар. Ес-ақылынан айырылған, бойына жын кіріп, ұйқысы қашқан адамдар келеді. Сонымен қатар мұндай адамдар құран оқылған кезде мазасы қашып, бір орнында тұрақтай алмайды. Жын адамға дуа арқылы кіруі мүмкін. Бұл менің тәжірибемде кездесті», – дейді халық емшісі.

Оның айтуынша, дуа қызғаныштан, реніштен, қарғыстан және арам пиғылдан пайда болады. Егер адамның денсаулығы әлсіз болып, жаны күйзеліп жүрсе, қорғаны болмаса, дуаға ұшырауы ықтимал екен.

«Адамның күші жетпейді»

Құралай Тезекбаева жынның адамнан мықты екенін атап өтіп, сөзіне дәлел ретінде тәжірибесінде кездескен тылсым оқиға жайында айтып берді.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

Халық емшісі Құралай Тезекбаева

«2012 жылы маған тұрмыс құрған 20 жастағы әйел келді. Әңгіме барысында оның бойында жын бар екені белгілі болды. Кейін біз Семей өңірінде Сеңкібай қажы деген атаның басына түнеуге баратын болдық. Автобуспен жолға шықтық. Аяқ астынан жас әйел «мені жіберіңіздер» деп ашуға мінді. Осы сәтте автобус қатты қозғалып, жолдан шығып кете жаздады. Оның жанында күйеуі, ағасы және төрт жігіт бар еді. Жас әйелді тоқтатуға олардың күші де, шамасы да жетпеді. Осыдан-ақ, жынның адамнан мықты екенін байқауға болады», – дейді ол.

Бүгінде әлгі келіншек бойындағы жыннан арылыпты. Үш бала тәрбиелеп, бақытты өмір сүріп жатқан көрінеді.

Адамның бойындағы жынды қалай шығарады?

Халық емшісінің айтуынша, адамның бойындағы жынды құран дұғаларымен шығарады. Бірақ бұл оңай емес.

«Жынды шығару оңай емес. Бір адамның бойынан жынды шығару 10-20 күнге созылуы мүмкін. Ал кейде өте ұзақ уақыт алуы ықтимал. Жын адамның ақыл-есін жаулап алса, 4-5 айға дейін бойынан шықпайды», – дейді Құралай Тезекбаева.

Тағы оқыңыз: Бес жасар қыз 4-5 жігітке бой бермеді – жын шығаратын ақсақалдың әңгімесі

Халық емшісі адамдарға таза жүріп, мешітке барса, дәретін уақытында алып тұрса, арақ ішу, темекі шегу сынды жаман әдеттерден аулақ болса, мұндай адамға жын жоламайтынын айтты.

Жын туралы исламда не айтылған?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Хамзат Қажымұратұлы жындар туралы құранда не жазылғанын айтты.


©
Photo : Хамзат Қажымұратұлының жеке архивінен

Хамзат Қажымұратұлы

«Құранда 114 сүре болса, оның ішінде «жын» деген арнайы сүре бар. Яғни ислам көзқарасымен қарасақ, жындар да адам секілді жаратылыс. Ал Мұхаммед пайғамбар «адамзатқа ғана емес, бүкіл жын әлеміне келген пайғамбар» ретінде суреттеледі. Тіпті кейбір жындардың иман келтіргені жайында құранда нақты аяттар бар», – дейді ол.

Жын шығару үшін оқылатын дұғалар

ҚМДБ-ның маманы өмірінде жын кірген адамдарды кездестіргенін жеткізді.

«Осыдан 4-5 жыл бұрын Петропавл қаласындағы мешіттердің бірінде ұстаз болып қызмет атқардым. Сонда имамдарға бойына жын кірген бір жігіт көмек сұрап келді. Кейін оның әскери құрылымда жұмыс істегені белгілі болды. Ер адамның денсаулығы мықты еді. Одан кейінгі тағдырын білмедім. Сондай-ақ мешіттерде құран оқыған кезде кейбір адамдардың мазасы қашып, орнынан тұрып кетіп қалады. Бұл да жын кірудің белгісі», – дейді Хамзат Қажымұратұлы.

Тағы оқыңыз: Адамды есінен айыруы мүмкін: адыраспан туралы не білеміз?

Ол адам бойындағы жынды шығару үшін «Бақара», «Нас», «Ықылас» сүрелері және «Аят-әл-курси» аяты оқылатынын атап өтті. ҚМДБ-ның маманы үйде құран жиі оқылса, әрі адам тілін кәлимаға келтіріп, жаман әдеттерден аулақ болса, жын жоламайды деген пікірде.

Жын кіру туралы психолог пікірі

«Психоанализ» институтының директоры, психолог Анна Құдиярованың «жын кіру» мәселесіне қатысты өз айтары бар. Ол күрделі мәселені ғылыми түрде түсіндіруге тырысты.

«Психоанализ теориясын алатын болсақ, әрбір адамды «жын ұру» қаупі бар. Бұл адамның психикасымен байланысты. Яғни адамның өмірінде келеңсіз, қиын жағдайлар болған кезде «жын ұруы» мүмкін. Мысалы, адамның соғысқа баруы, 5 баласының өртеніп жанып кетуі немесе табиғат апаты. Бұл қиын жағдайды әр адамның санасы әртүрлі қабылдайды», – дейді психолог.

Оның айтуынша, адамның басына ауыр қайғы түсіп, ақыл-есінен айырылса, мұны ғылымда «психоз» деп атайды.

Тағы оқыңыз: Түркістан облысы тұрғыны: әйелдің ішіндегі 1945 жастағы жынмен сөйлестім

«Адам ақыл-есін жоғалтқан кезде «бейсана» пайда болады. Мысалы, адам арақты көп ішкен кезде ол ақыл-есінен айырылады. Алкогольдің ықпалымен онда «бейсана» пайда болады. Салдарынан неше түрлі жаман сөздер айтып, жаман әрекеттер жасауы ықтимал. Еліміздегі статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қылмыскерлердің басым бөлігі қылмысты ішімдік ішкен кезде жасағанына көз жеткіземіз. Бұл кезде ол «бейсанада» болған», – дейді маман.

Сонымен қатар Анна Құдиярова адамның санасы өте әлсіз екенін, ол тәрбие, білім және мәдениеттің негізінде қалыптасатынын атап өтті.

«Австриялық психолог, психиатр және невролог Зигмунд Фрейдтің ашқан жаңалығы бар. Ол «адамда тек сана ғана емес, бейсана да бар» дейді. Ішіп алған адамда сана болмайды. Сондықтан ол мәдениеттен жұрдай болады. Бұл жағдайды дін «жын кірді» деп түсіндіреді. Діндегі түсінік бойынша, адамның «бейсанадағы» қалпының жиынтығы «жын» болуы мүмкін. Бұл – менің жеке пікірім», – деп түйіндеді сөзін психолог.

Тағы оқыңыз: Бастырылу деген не және одан қалай арылуға болады?



sputniknews.kz