«Жын кірген»: Tik Tok желісінде көп отыратын 7 жасар қыз ақыл-есін жоғалтып алған

0

Журналист Гүлмира Әбіқайға оқырманы 7 жасар қыздың Tik Tok желісінен көрген видеолардың әсерінен жынданғанын айтып, көмек сұрады. Бұл туралы Kznews.kz Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Хат иесінің жазғанына сенсек, кішкентай қыз Tik Tok-тан қорқынышты видеолар көріп, ақыл-есін жоғалтып алған

«Сәлеметсіз бе! Көмегіңіз қажет! Шұғыл!Інімнің 7-жастағы қызы тик-токтан қорқынышты видео көріп, бірнеше күннен бері ақыл-есін жоғалтып алды. Тіпті әке-шешесін танымай жатыр. Көзі адамға түспейді. Молдаға апарып дем салдырып, оқытып жатырмыз. Ішіне үрей қатты кіріп кеткен дейді. Түнімен көз ілмей, шырылдап шошып шығады. Агрессиясы бар. Соңғы екі күнде сөйлемей қойды.

Жалпы, сап-сау бала. Бұған дейін асыр-салып ойнап, сөйлеп тұрған бала. Мұндай жағдайда не істеу керек? Көмектесер кім бар? Кімді білесіз? Жазыңызшы. Алланың разылығы үшін көмек қажет», — деп жазған хат жолдаған желі қолданушысы.

Ал Гүлмира Әбіқай Tik Tok— та шектен тыс отырып, ақылынан айырылғандардың саны көбейіп жатқанын айтады.

«Достар, күндіз-түні тик ток көріп, ақыры ішіне жын еніп қазір ем қонбай жатқан тағы бір қыз бар. Оның жасы 20-да. Соңғы кезде мұндай күйге түскендер күрт көбеюде. Бұл не індет?», — деп жазды ол.

Желі қолданушыларының пікірге жазған ақпаратына сенсек, мұндай жағдайлар елімізде жиілеп кеткен.

«Несіне таң қаламыз. Біздің де ауылда бір қыз солай таңнан кешке дейін тик ток көріп, жынданып кеткен еді. Кейін әке шешесі оқытып, бетін бері қаратты», «Менің де бес жасар балам телефоннан қорқынышты видеолар көріп түнімен жылап шыққан. Қазір қадағалап отырамын», «Ішіне жын кіріп кеткен, молдаға оқыту керек», «Молдамен, психологпен жұмыс істеу керек, психологиялық ауытқу болып тұр ғой», — деп жазды олар.

Кішкентай балаға жын кіруі мүмкін бе? Мүфтият не дейді?

Мүфтияттың ресми сайтындағы ақпаратқа сенсек, жын кез келген адамға кіріп, паналап алуы мүмкін.

Шайтан – «алыстатылған», «шектен шыққан» деген мағынаны білдіретін, жынға байланысты айтылған сипат. Жын-шайтандар көбіне шөл дала, лас орындарда жүреді. Күн батқанда жер бетіне тарала бастайды. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай өсиет айтқан: «Күн батарда балаларыңды өздеріңе жақын ұстаңдар! Себебі осы кезде жер бетінде шайтандар тарайды. Ал түн өткеннен кейін оларды (балаларды) жібересіңдер» (Бұхари, Муслим).

Көпшілік ғалымдардың тұжырымы бойынша, жын кез келген адамға жақындауы, жұғысуы, ішіне кіріп, оның бойын паналап алуы мүмкін. Құран Кәрімде: «Өсім жейтіндер бейне бір шайтан ұрып жынданған адамдай (көрінен) тұрады», – делінген («Бақара» сүресі, 275-аят). «Жынданған» дегенде жын тиген емес, жынның ықпалына түскен, яғни жын кірген адамды айтыр отыр. Ал жынның адамға тиетін жолы көп. Оның арнайы белгілері де жоқ. Әрқилы және әртүрлі себептер болуы мүмкін. Мысалы, есік алдына кірдің суын төгу, далада түнеп қалу, күл-қоқысты басу, малдың сүйегін тебу, күнә істеу және сиқырлану сияқты себептермен жын тиюі мүмкін.

Орынсыз күлу немесе жылау, Құран оқығанда іштей қарсылық сезіну, ақыл-ой кемтарлығы, бұлшықет құрысуы, ұйқысыздық, лас жерде жүру сынды әрекеттер жын кірген адамның басты белгілері болып табылады.